Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Облыста жабайы қарасора 2 есе жойылған

Облыста жабайы қарасора 2 есе жойылған
ашық дереккөз
Облыста жабайы қарасора 2 есе жойылған
Облыстық прокуратура ҚР Бас прокуратурасының келісімімен «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл» жобасын жүзеге асыруда. Облыстың географиялық орналасуына байланысты жекелеген проблемалық мәселелер осы аймаққа ғана тән. Атап айтқанда, табиғи жағдайда әртүрлі есірткіні өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын жабайы қарасора жаппай өсетін Шу алқабының болуы, сондай-ақ көші-қон және жүк тасымалының айтарлықтай ағыны қарасораның республика мен жақын шетелдерде кеңінен таралуына ықпал етеді. Жобаны іске асыру барысында заңсыз айналымнан алынған есірткілер саны 3 есеге (2,593 тоннадан 6,645 тоннаға дейін), синтетикалық есірткі 7 есеге (5 килограмм 207 грамнан 35 килограмм 347 грамға дейін) артқан. Сонымен қатар есірткіні бизнеске айналдырғысы келгендерден 200 килограмм прекурсорлар тәркіленіпті. Қабылданған шаралардың арқасында Шу алқабында жабайы қарасора 2 есеге, нақтырақ айтқанда, 110 тоннадан 220 тоннаға дейін жойылған. Жобаның негізгі жетістіктері мен нәтижелерінің бірі – республика тәуелсіздік алғаннан бері өзінің логикалық шешімін таппаған жабайы қарасора өсетін нақты алқаптарды айқындау. Соңғы зерттеулер 1989 жылы жүргізіліп, Шу алқабындағы 138 000 гектар жерден жабайы қарасора өсу алаңдары анықталған. Үш ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының мамандары полиция өкілдерімен бірлесе облыс аумағын аралап, заманауи ұйымдастыру техникасын және Мемлекеттік жер кадастры ААЖ-ын (ААЖК) пайдалана отырып зерттеулер жүргізді. Мамандардың 2023 жылғы 8 қарашадағы қорытындысы бойынша, жабайы қарасора өсетін алқап 138 000 гектардан 62 057 гектарға дейін, яғни 2 есеге қысқарғаны расталды. Қарасора өсетін әр аумақ пен жер пайдаланушылардың нақты GPS координаттары анықталды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде есірткі өсетін алаңдар мен жер пайдаланушылардың нақты деректері өзектендіріліп, айқындалды. Бұл келесі жылы полиция органдарының қарасораның өсу ошақтарын жою жөніндегі жұмысын мақсатты түрде ұйымдастыруға септігін тигізеді. Бұл жабайы қарасора өсуінің нақты аудандарына жүйелі бақылауды жүзеге асыру және оның заңсыз айналымының жолын кесу арқылы есірткі қылмысына қарсы күресті мүлдем басқа сапалы деңгейде қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар