Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бала алданбасын десеңіз…

Бала алданбасын десеңіз…
ашық дереккөз
Бала алданбасын десеңіз…
Балалардың әлеуметтік желі, интернеттегі сайттар арқылы бөгде адамдармен танысып, сол таныстық бойынша ата-анасына ескертпестен кездесуге кетіп, жұртты дүрліктірген немесе тіпті барған жерінен оралмаған қайғылы оқиғалары туралы бәріміз естіп жүрміз. Деректер бойынша, интернетті пайдаланатын балалардың жартысы әлеуметтік желілер мен танысу сайттары арқылы бөгде адамдармен танысады екен, ал олардың үштен бірі бейтаныс адаммен кездесуден бас тартпайтыны, еш күдіктенбей баратыны анықталыпты. Мамандар осыған байланысты әсіресе ата-аналарға ерекше сақ болу керектігін айтады. Өйткені бүгінде балалардың көпшілігі күні бойы үйде, кейбірі тіпті ата-ана мен мектеп мұғалімдерінің бақылауынсыз интернет желісінде отыратындығы шындық. Сондықтан түрлі қылмыстық топтардың бұл жағдайды «пайдаланып» қалуға тырысатыны жөніндегі пікірлерге құлақ аспауға болмайды. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, интернет әлемі балаларға сан түрлі қауіп төндіреді. Осындай жағдайлардың кейбіріне ғана тоқталып өтсек. Біріншіден, балалардың өміріне тікелей қауіп төндіретін сайттар ғаламторда жетерлік. Бұл – жұртшылықтың есіндегі «көк кит» секілді ойындар немесе әлі ақыл тоқтатпаған, кішкентай балаларды виртуалды топқа жинап, «ортақ қызығушылық» деген желеумен қатерлі тапсырмалар беру арқылы өлімге итермелеу секілді қитұрқылықтар. Мұндай «тапсырмалар», мысалы, «ас бөлмесіндегі газды ашып қойып, иіскеп, одан қандай әсер алғанымызды бөлісеміз» деген тәрізді болып келеді. Екіншісі, баланы жыныстық зорлық-зомбылыққа тарту қаупі (груминг). Мамандар әдетте қыз бала мен ер баланың арасындағы сезім туралы әңгіме бетпе-бет жүздесуден гөрі, виртуалды қарым-қатынаста тез өрбитінін айтады. Бірақ жасөспірім өзі желі арқылы сөйлесіп, жақындасып жүрген адамның шын мәнінде жасын жасырып, басқаның суретімен шығып, тағы да басқа қитұрқылықтар жасап жүрген педофил екенін сезбей, нәтижесінде оның торына түседі. Ал кездесуге барған кезде алданып қалғанын түсінсе де қашып құтылу мүмкін бола бермейді. Үшіншіден, қылмыскерлер балаға «сенің өміріңді толықтай бақылап отырмыз» деп қорқытуы мүмкін. Киберагрессорлар баланың сол қорқынышын оны түрлі лас істерге жұмсауға, ата-анасына, достарына қарсы қоюға пайдаланады. Сонымен бірге оны мазақ, күлкі етіп, психикасына салмақ түсіруі мүмкін. Мұның соңында бала күйзеліске ұшырап, денсаулығына зиян келеді. Төртіншіден, баламен желі арқылы жақын сөйлесіп, оның сеніміне кіруді ұрылар да ойлайды. Сөйтіп, олар үйде ненің бар-жоғы, үлкендердің қайда жүретіні секілді тағы басқа ақпараттарды оңай жолмен жинайды. Бесіншіден, түрлі діни секталар, ұлтаралық, әлеуметтік қақтығыстар тудыруды мақсат еткен ұйымдар да балалар мен жасөспірімдерді интернет арқылы «жағалайды». Мысалы, кей елдерде «ИГИЛ» ұйымы жасөспірім қыздарды интернет арқылы алдап-арбап, террористерге тұрмысқа шығуға көндірген. Сондай-ақ түрлі компьютерлік ойындарға деген шектен тыс құмарлық та балаларға интернет арқылы төнетін негізгі қауіптердің бірі. Ойын «қызығына» берілген кейбір балалар сабақты былай қойғанда, ұйқы мен күлкіні ұмытып, күні-түні смартфон «құшақтап» отыра береді. Қазір интернеттегі ойындар тіпті ең арзан деген смартфондарға да оңай орнатылады. Бұл ойынқұмарлыққа қыз балаларға қарағанда ер балалар бейім келеді екен. Осыған сәйкес Ішкі істер министрлігі баланы экранның арғы жағындағы ниеті түзу емес адамдардан қорғауға көмектесетін интернеттегі қауіпсіздіктің қарапайым ережелерімен бөлісті. Полицейлердің әзірлеген ұсыныстарына сүйенсек, ата-ана кәмелетке толмаған баланың интернеттегі қызығушылықтарын мүмкіндігінше бақылап отыру керек. Жеке деректеріңізді бөгде адамдарға айтпаңыз. Таныс емес тұлғалардан түсетін достықты қабылдамаңыз, олардың нұсқауларын орындамаңыз. Балаларға ешбір жағдайда желінің басқа пайдаланушыларына өздерінің дербес деректерін, яғни аты-жөнін, тегін, туған күнін, тұрғылықты мекенжайын, оқу орнын, телефонын, фотосуреттерін және өзге де ақпаратты айтуға болмайтынын түсіндіру қажет. Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары сенімге кіру үшін ойдан шығарылған деректерді, оның ішінде басқа адамдардың немесе тіпті балалардың фотосуреттерін пайдаланатын кездер болады. Осыған байланысты белгісіз адамдардан достықты қабылдамау және олардың бұйрықтары мен нұсқауларын орындамау ұсынылады. Ең дұрысы – сұхбаттасып жатқан адамның парақшасын бұғаттау. Интернет қолданушылар тарапынан түскен қауіптен қорықпаңыз. Қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпаңыз. – Интернет пайдаланушылар сізге қоқан-лоқы көрсетсе, уайымдамаңыз. Олар сізге де, жақындарыңызға да ештеңе істей алмайды. Олар әдетте балаларды бақылауға алу үшін қорқытады. Бірінші қауіп төнген кезде балалар бұл туралы ата-анасына, әпке-бауырларына, мұғаліміне және тағы да басқа жақындарына ұялмай дереу айтуы керек, – делінген ведомство таратқан интернет қауіпсіздігі туралы ережеде. Полиция қашықтан қол жеткізу үшін бағдарламаларды орнатпауға кеңес береді. Мұндай қосымшаларды орнатпас бұрын ол туралы интернетте оқып, оның не үшін қажет екенін біліп алу керек. Ата-аналарға ұсыныс – баланы интернеттегі қауіпсіздіктің негізгі ережелері туралы хабардар ету. Сондай-ақ оны бөгде адамдар мен қажетсіз контенттен қорғауға көмектесетін ата-ана бақылауы, қауіпсіз іздеу сияқты параметрлерді қолдану. Әрине, баланың интернеттегі қадамдарын қадағалап отыру үшін ата-анаға жауапкершілікпен қатар, цифрлық технологияларды меңгеру де қажет. Сондықтан өзіңіз де компьютер тілін меңгеруге тырысыңыз немесе айналаңыздағы ең жанашыр адамдардан көмек сұраңыз. Қайткенде де баланың тағдыры үшін жауапты екеніңізді ұмытпауыңыз керек. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар