Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР
ашық дереккөз
САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР
Президент Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде алда ауқымды міндеттер күтіп тұрғанына айрықша тоқталған болатын. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық. Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық. Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», деп атап көрсетті. Президент тілге тиек еткендей, бүгін қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Көрсетіліп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, алға басу керек. Ілкімді істер ғана ілгері жетелейді. Мұны жергілікті жұртшылық жете түсінеді. Бүгінде ауданда 44 192 адам тұрады. Оның 25 684-і Жаңатас қаласында қоныстанған болса, қалғаны ауылдық аймақтарда ғұмыр кешуде. Жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 36 миллиард 450,1 миллион теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 156,7 пайыз болды. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 68 миллиард 803,4 миллион теңге шамасында. Ел ырысы еселенуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауылшаруашылығы саласын дамытуға айрықша назар аударғаны белгілі. Бұл тұрғыда Президент: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет» деп атап көрсетіп, тиісті тапсырмалар берді. Сарысу ауданында да агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Тұрғындар бұрыннан егін егіп, ел ырысын еселеуге дағдыланған. Төскейді төрт түлікке толтырып отырған шаруалар да баршылық. Жалпы ауданда 1 760 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 1 670-і белсенді жұмыс істейді. Оларға тиесілі егістік алқабының көлемі 24 717,63 гектарды құрап отыр. 2023 жылдың өнімі үшін жаздық дақылдар 24 508 гектар алқапта орналастырылды. Бұл былтырғы көлемнен 279,5 гектарға артық. Атап айтқанда, дәнді дақылдар – 9 850, мақсары – 8 300, картоп – 45, көкөніс – 220, бақша – 293, көпжылдық шөп 5 800 гектарға егілді. Биыл 13 600 гектар егістік жер алқабын тыңайту жоспарланған болатын. Бүгінде 1606,8 тонна селитра және аммофос тыңайтқыштарын сатып алуға келісімшарт жасалып, 1386,9 тонна тыңайтқыш алынды. Қазіргі таңда 5 246 тонна жаздық арпа және бидай дақылы жиналып, орташа өнімділік гектарына 6,4 центнерден айналды. Бұл ауа райының қолайсыздығы және жауын-шашын мөлшерінің аздығынан орын алып отыр. Бұдан бөлек 9 айдың қорытындысымен 7000 гектар майлы дақылдар алқабы жиналып, 2 310 тоннадан астам өнім алынды. Орташа түсім гектарына 3,3 центнерді құрайды. Дәндік жүгері алқабының 1 250 гектары толық орылып, 10 625 тонна өнім жиналды. Ал көкөніс және бақша алқаптарындағы өнім 15 224 тоннаны құрады. Қазіргі таңда күзгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2024 жылдың өнімі үшін 4 000 гектар күздік бидай егу жоспары бекітілді. Бүгінде 2 350 гектарға күздік бидай егілді. Жалпы күзгі дала жұмыстарына 50-ге жуық шаруа қожалық қатысуда. Жалпы ауданда 30 789 мүйізді ірі қара, 238 662 қой-ешкі, 9 844 жылқы, 3 452 түйе бар. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 6 204, қой-ешкі – 13 865, жылқы – 1 384, түйе 294-ке басқа артқан. 2023 жылы 6 118,6 тонна ет өндіріліп, 5 264,8 тонна сүт сауылды. Ірі қарадан 5,5 мың, уақ малдан 87,8 мың дана тері алынды. Малшаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде биыл шаруа қожалықтар 107,7 миллион теңге субсидия алды. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 300 миллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде ауданда асылтұқымды мал өсіруші 9 шаруа қожалық тіркелген. Осы жылдың басындағы санақ бойынша 45 877 асылтұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері есепке алынған. Асылтұқымды және будандасқан мүйізді ірі қара саны 4 314 басты құрайды. Мал азығын дайындау да маңызды жұмыстардың бірі. Биыл мал азығын дайындауға белгіленген алқап көлемі 43 180 гектарды құрады. Оның ішінде 37 380 гектар табиғи шабындық болса, 5 800 гектары жоңышқа алқабы. Бүгінгі күнге табиғи шабындық алқабы толық орылды. Сонымен қатар жоңышқа ору барысанда алғашқы орымда – 5 800, екінші орымда – 2 700 және үшінші орымда 1 500 гектар алқап қамтылды. Осы жылы 123 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген. Бүгінде 127 мың тонна шөп жиналды. Бұдан бөлек 2022 жылдан қалған 12 мың тонна қалдық шөп қоры бар. Сол сияқты 27 мың тонна қосымша арпа, бидай, мақсары сабандары жинақталды. Талапқа сай техника құралы болмаса, тірліктің де алға баспайтыны белгілі. Ауданда барлығы 683 ауылшаруашылығы техникасы тіркелген. Оның ішінде 361 дөңгелекті, 22 шынжыр табанды трактор, 29 комбайн және 271 қосалқы тіркеме бар. Осы орайда жергілікті фермерлердің жаңа техника алуға деген құлшыныстары қуантады. Қазірге дейін жалпы құны 155,6 миллион теңгеге 11 трактор алынған. Сондай-ақ 121,6 миллион теңгеге тағы басқа 26 техникаға қол жеткізілген. Инфрақұрылым игілігі Өңірлердің өркендеуі инженерлік инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда ауданда ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сәйкесінше құрылыс саласы да қарқынды дамуда. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 10 миллиард 321,9 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 170,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі қаңтар-қыркүйек айларында 11 484 шаршы метрді құрап, 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 101,1 пайызға орындалды. Биыл «Асарлатып үй салу» тәсілімен ауыл тұрғындарының көмегімен және демеушілер есебінен 2 жаңа құрылыс жүргізіліп, 6 күрделі жөндеу жұмысы қолға алынған. Мысалы, Жаңатас қаласында және Тоғызкент ауылында бір-бір баспана салынып, мұқтаж азаматтарға беру жоспарлануда. Сондай-ақ Жаңаталап, Ұ.Сыздықбайұлы, Саудакент, Жайылма, Игілік ауылдарында тозығы жеткен бір-бір үй қалпына келтіріліп, қайта жаңғырады. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Жаңатас қаласына көшіп келушілердің қатары артқан. Қазіргі таңда кеншілер шаһарында коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1638 азамат есепте тұр. Олардың 9-ы жетімдер санатында болса, 356-сы көпбалалы отбасы иелері. 761 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар қатарында болса, 512 тұрғын-бюджеттік мекемелердің қызметкерлері. Жалпы Жаңатас қаласында 97 көпқабатты тұрғын үй (6 425 пәтер) бар. Оның ішінде 1 тұрғын үй «Еврохим» ЖШС-нің теңгерімінде, 19-ы коммуналдық меншікте. Кондоминиум обьектілері ретінде 76 тұрғын үй тіркелген. Биыл Жаңатас қаласындағы бос тұрған 2 ықшамаудандағы №32 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстарға 538,2 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сату жоспарланып отыр. Сондай-ақ қаланың 2-ықшамауданындағы 60 пәтерлі бос тұрған №33 көпқабатты үйді коммуналдық меншікке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек Жаңатас қаласының 6 ықшамауданында 80 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бойынша құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім облыстық құрылыс басқармасына өткізілді. Жолдарды жөндеу жайы да назардан тыс қалмайды. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 525,5 шақырымды құрайды. Оның 410 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл Шағалалы ауылына кіреберіс жол 267,3 миллион теңгеге орта жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 279,8 миллион теңге бөлініп, 6 елді мекеннің 12 көшесі жаңарып қалды. Бұған қосымша аудандық бюджеттен бөлінген 9 миллион теңгеге Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Р.Қабылұлы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Ауданда 25 елді мекен болса, оның 20-сы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте Үшбас және Шағалалы ауылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 470,8 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ Ақтам, Майлыкөл, Кіші Көкдала елді мекендеріне халық саны 200 адамға дейін болуына байланысты кешенді блок модульді қондырғы орнату көзделіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың бастамасы ретінде Ақтам ауылына 26 миллион теңге қаралды. Сонымен қатар осы жылы Ақтоғай, Саудакент және Тоғызкент ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 1 миллиард 352,5 миллион теңге бөлінді. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде кеншілер шаһарының «Строитель» иініндегі су құбыры желілерінің құрылысына 431,1 миллион теңге бағытталып отыр. Табиғи газ тарту да тұрғындарды толғандырып отырған түйткілдің бірі. Дегенмен бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 елді мекеннің халқы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Бұдан бөлек газдандыру жұмысын жалғастыру мақсатында 3 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның біріншісі – «Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы». Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2019-2022 жылдары жүргізіліп, оған бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа 1,1 миллиард теңге қаралды. Екінші бағыт – Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Ұйым, Ұ.Сыздықбайұлы, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Ә.Бүркітбаев, Арыстанды елді мекендерінде газ құбырларын салу жобасы. 2021-2022 жылдары жоба бойынша 3,7 миллиард теңгеге елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталып, қазіргі таңда 8 елді мекенде газ тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл жұмыстарға биыл 3,6 миллиард теңге бөлінді. Үшінші бағыт бойынша Шағалалы ауылын газбен жабдықтау жұмыстарына осы жылы облыстық бюджет есебінен 98,3 миллион теңге бөлінді. Аталған жобалар іске асқан кезде Сарысу ауданының 15 елді мекеніндегі 40 мыңға жуық адам табиғи газбен қамтылады. Ауданның газбен қамту деңгейі 76 пайызға дейін жетеді деп күтілуде. Кәсіпкерлікке кең өріс Халық санының артуымен бірге кәсіпкерлік нысандарының қатары да көбейген. Жалпы аудан бойынша 5 265 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 185-і шағын және орта бизнес құрылымы болса, 3 320-сы жеке кәсіпкер. Ал шаруа қожалықтарының саны – 1 760. Есепті кезеңде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 098 бірлікке артқан. Биылғы 9 айда жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 2758,9 миллион теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 150,7 пайыз болды. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік бюджетке 6547,9 миллион теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналып, жоспардың орындалуы 125,2 пайызды құрады. Әлеуметтің әлеуетін арттыруда «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасының» да көмегі көп екенін айтуымыз керек. Жоба аясында ауданның 35 жеке кәсіпкерінің бизнес-идеялары қолдау тауып, 248,6 миллион теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар «KMF» микроқаржы ұйымының Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда 764,4 миллион теңгеге 764 жоба несиелендірілді. Бұл жоба еңбек нарығын дамытуға да тың серпін берді. Аталған жоба шеңберінде жыл басынан бері 2 853 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Мысалы, 1 152 адам бос жұмыс орындарына жолданса, 697 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды. 76 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, 208 жерлесіміз «Жастар тәжірибесі» бойынша еңбек жолын бастады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек те өз тәртібімен берілуде. 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек 309 отбасына (1 546 адам) тағайындалды. Оның ішінде шартты ақшалай көмек 204 (1 132 адам) отбасына, шартсыз атаулы әлеуметтік көмек 105 (414 адам) отбасына көрсетілді. Шартты ақшалай көмек алушылардың ішінен 330 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бәсекелестік кілті – білімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», деп атап өтіп, нақты міндеттер жүктеді. Бүгінде аудандағы 27 мектепте 9 089 оқушы білім алуда. Білім ошақтарының 17-сі типтік, 10-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Барлық мектептер 98 заманауи модификациялық кабинетпен жабдықталған. Қамтылу үлесі 71,2 пайызды құрайды. Биыл 9 дана модификациялық кабинетті жабдықтауға 77,6 миллион теңге қаралды. Сондай-ақ аудандағы 17 мектепте робототехника кабинеттері ашылып, 7 мектепте ІТ-сынып жұмыс істеуде. Мектептерде оқу үрдісіне арналған 2 984 дана компьютер құрылғысы бар. Яғни 1 компьютерді оқушы санына шаққандағы көрсеткіш 2,9 пайызды құрайды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 193 миллион теңге бөлініп, Жаңаталап орта мектебіне жапсарлас спортзал мен жапсарлас асхана, мәжіліс залының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар облыстық дамыту бағдарламасы аясында 399,2 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы Абылайхан атындағы орта мектеп пен М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өтті. Өңірде 9 қосымша білім беру мекемесі қызмет етеді. Атап айтқанда, бір-бірден балалар мен жасөспірімдер орталығы, балалар шығармашылық орталығы, техникалық шығармашылық орталығы, саз мектебі, 2 аула клубы, 3 өнер мектебі бар. Оларда 3 926 оқушы қамтылған. Бұдан бөлек аудан мектептерінде 132 спорттық үйірме жұмыс істейді. Ал мектепке дейінгі мекемелерге келсек, 11 балабақша мен 13 шағын орталықта барлығы 1 993 бала тәрбиеленуде. Бүгінде денешынықтыру және спорт саласын дамытуға да жіті көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда ауданда 5 спорт мектебі бар. Онда 2 796 спортшы тұрақты түрде үйірмелерге қатысып, олармен 84 жаттықтырушы жұмыс атқаруда. Ауданда жалпы 250 спорт нысаны бар. Биыл 5 елді мекенде 99 миллион теңгеге футбол, волейбол және стрит воркаут алаңшалары орнатылуда. Есепті кезеңде 5 722 адам қатысқан 112 спорттық іс-шара өткізілді. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын тұрғындар саны 17 294 адамға жетті. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті спортшылар республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда барлығы 334 медальға ие болды. Спортпен қатар мәдени-көпшілік шараларға да баса мән беріледі. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мәдениет саласында барлығы 80,8 мың адам қатысқан 1 989 мәдени іс-шара өткізілді. Жұртшылықтың рухын көтеріп, танымын арттыруда кітапханашылардың да сіңіріп жатқан еңбегі зор. Аудандық кітапханалардағы кітап қорының жалпы саны 449 063 дана. Оның ішінде мемлекеттік тілде 251 168 кітап бар. Ал жаңа түскен әдебиеттер саны 1 326 дананы құрайды. «КАБИС» және «РАБИС» бағдарламасына енгізілген дерекқор – 439 840. Халыққа қызмет көрсету мақсатында қалалық және ауылдық кітапханаларда 3 «Коворкинг» және 21 цифрлық ақпараттық орталық жұмыс істейді. Аталған орталықтар арқылы e.gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жыл басынан бері 3 626 электрондық анықтамалар берілді. 2023 жылы мәдениет саласында «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 223,6 миллион теңгеге Өндіріс ауылдық клуб үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрине, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды бір ғана мақалаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Ең бастысы толайым тірліктер толастап жатқан жоқ. Таяудағы жылдарда жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, соның нәтижесінде көптеген жұмыс орындары ашылады. Өндіріс өркендесе өңірдің де өрісі кеңейе бермек. Бір сөзбен айтқанда, Сарысу ауданы серпінді даму жолында. Сәкен МАМЫТОВ, Сарысу ауданының әкімі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар