Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ата жолын жалғаған ардақты әулет

Ата жолын жалғаған ардақты әулет
ашық дереккөз
Ата жолын жалғаған ардақты әулет
Тәуелсіз мемлекетіміздің халық саны бүгін-ертең 20 миллионға жетеді деп күтіп отырмыз. Мұның өзі де мемлекеттік саясатымыздың көшінің жүгін аудырмай келе жатқандығының бір көрінісі болса керек. Сондықтан да отбасы құндылықтарын дәріптеу қазіргі таңда маңызды міндеттердің бірі болып тұр. Бұл үрдіс бұрын да болған. Бұдан кейін де бола береді. Өйткені отбасындағы әрбір жанның амандығы мен тәрбиесі қашаннан бүкіл қоғамның тыныштығының кепілі болған. Бүгінде далалық мәдениетімізді қалаға алып келіп, жаһандану дәуірін бастан кешіп жатқанымыз жасырын емес. Алайда дәл осындай дәуір мен дәуір алмасып, адамдардың құндылыққа деген көзқарастары өзгеріп жатқан мезгілде ұлттық дәстүріміз бен салтымызды сақтап қалудың өзі оңайға соқпайын деп тұр. Дегенмен қазір де отбасының бар жауапкершілігін арқалап, шаңырағын шаттыққа толтырып, балаларының тәрбиесін қадағалап, өзгелерге үлгі болып отырған ардақты әкелер мен аяулы аналардың қатары мол. Шаңырағында өзара келісім мен рухани сыйластықтың лебі ескен әулеттің бірі – Жансақаловтар отбасы. Тағылымды тәрбиесімен де, елге елеулі еңбегімен де басқаларға үлгі болып жүрген өнегелі отбасы облыстық және аудандық мәдени-спорттық шараларға белсенді түрде қатысып отырады. Нәтижесінде Тараз қаласындағы «Даңқты спортшылар» аллеясына Ілияс Жансақаловтың отбасынан шыққан, еліміздің, облысымыздың абыройын асқақтатқан саңлақтардың есімдері жазылған. Одан бөлек Жансақаловтар отбасы қайырымдылық шараларымен де дәстүрлі түрде айналысып келеді. Аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсетіп, болашақтарының жарқын болуына үлестерін қосуда. Үлгілі істерімен елінің мақтанышына, ағайынның абыройына айналған І.Жансақаловтың отбасы 2019 жылы ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» сайысынан жүлделі орын иемденіп, Астана қаласына арнайы жолдамамен барып қайтқан. Жарқын жетістіктерге отбасы болып жетулерінің сырын Ілияс Жансақалов ата-анасының тәрбиесінің мықтылығынан деп есептейді. – Мен қарапайым қазақ отбасынан шыққан ұланмын. Әкем Жеңісбай Жансақалов пен анам Сайлаукүл Абдуақасова болашағымнан зор үміт күткен екен. Бүгінгі күнге дейін ата-анамның үмітін ақтасам екен деген ниетпен өмір сүріп келемін. Тіпті балаларыма тәрбие берсем де ата-анамның маған жүктеген міндеттерінің бірі сол деп аса жауапкершілікпен қараймын. «Әкенің сөзі – оқ» деген сөз кейде әкем туралы айтылғандай болып көрінеді. Біз әкеміздің сөзін екі етпей орындайтынбыз. Рас, кейде бала болып, еркеліктің шырмауынан шыға алмай, шалыс басатын сәттеріміз де болатын. Алайда әкеміз әрбір істе бізге ақылмен ғана жол көрсетіп отыратын. Бір отбасының жүгін арқалап, тағдырдың ауыр сынағына қарсы жүзіп, желкенін желге қарсы керген әкемнің өмірі өнегемен өріліп, бізге тағылым болды. Әрбір айтқан сөзін мысалмен түсіндіріп, асықпай санамызға сіңіре білді. Бізді осылай тәрбиеледі. Бүгінде азды-көпті жетістіктерге жетіп жатсақ, әкеміздің бізге берген тәрбиесінің жемісі деп білемін, – дейді Ілияс Жеңісбайұлы. Әулеттің отағасы Ілияс Жансақалов 1974 жылы Байзақ ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Отбасында 4 ұлды тәрбиелеп өсіріп, ұрпақтарынан 6 немере сүйіп отырған бақытты ата. Ілияс Жеңісбайұлы 1989 жылы Абай орта мектебін аяқтап, Қаратау тау-кен құрылыс техникумының «Құрылысшы технолог» мамандығына оқуға түседі. 1993 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Абай орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. 30 жылдық еңбек өтілінде ұстаздық пен жаттықтырушы қызметін қатар ала жүріп, 6 әлем чемпионын, 15 Азия чемпионы мен жүлдегерлерін, жүзге жуық Қазақстан чемпиондарын тәрбиеледі. 2006 жылы қол күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» атағын алды. 2015 жылы Қазақстан Республикасының қол күрес федерациясының құрылғанына 25 жыл толуына байланысты арнайы медальмен марапатталады. 2016 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын иеленді. 2017 жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді. 2017 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2018 жылы «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2019 жылы Қазақстанның мәртебесін халықаралық додаларда көтеріп, елімізде денешынықтыру мен спорттың дамуына қосқан зор үлесі үшін «Даңқты спортшылар» аллеясына Ілияс Жеңісбайұлының есімі жазылды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы тарапынан «Үздік ауыл жаттықтырушысы» номинациясы берілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен еліміздің «Үздік ауыл жаттықтырушысы» атанып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қолынан марапат алған. Ал жұбайы Роза Алтынбекқызы 2003 жылдан қазірге дейін Абай атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқаруда. Биыл Ілияс пен Розаның шаңырақ көтергендеріне 29 жыл толып отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, Жансақаловтар жұртшылыққа спортшылар әулеті ретінде танымал. Сондықтан да болар ұстаздық пен жаттықтырушылықты қатар алып жүрген І.Жансақаловтың ұлдары да, тіпті, келіні де жолын қуып келеді. Яғни, үлкен ұлы Ақниет 2013-2017 жылдары Алматы технологиялық университетін «Құрастырушы-технолог» мамандығы бойынша бітіреді. 2017-2019 жылдары Қазақ спорт және туризм академиясын «Денешынықтыру және спорт мамандығы» бойынша аяқтаған. 2017 жылы қол күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын иеленеді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасында абыройлы қызмет атқарып жүр. Келіні Гүлназ Нұржанқызы 2013-2017 жылдары Алматы технологиялық университетін «Құрастырушы-технолог» мамандығы бойынша үздік бітірген. 2017-2019 жылдары Алматы технологиялық университетінің «Азық-түлік емес тауарлардың қауіпсіздігі» мамандығы бойынша магистрі атанған. Қазіргі таңда Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының облыстық филиалында қызмет атқарады. Ақниет пен Гүлназ атасы мен әжесінің сүйікті немерелері – Кәусар мен Таңнұрдың және кеше ғана дүние есігін ашқан Ақназ есімді ұл-қыздардың ардақты ата-анасы. Екінші ұлы Әділет қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. 5 дүркін Қазақстан чемпионы, 4 дүркін Азия чемпионы. 2016 жылы Болгарияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. 2015-2019 жылдары Қазақ спорт және туризм академиясын аяқтаған. 2019 жылы «Даңқты спортшылар» аллеясына Әділеттің де есімі жазылды. Әділет қазіргі таңда «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубында қол күресі бөлімінің аға жаттықтырушысы болып қызмет етеді. Сонымен қатар қол күресінен облысымыздың кіші жасөспірімдер және жасөспірімдер құрама командаларының аға жаттықтырушысы. Тағы бір келіні Әсел Қалматқызы қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. 6 дүркін Қазақстан чемпионы, 4 дүркін Азия чемпионы. 2015-2019 жылдары Қазақ спорт және туризм академиясын үздік аяқтаған Әсел бүгінде Байзақ ауданындағы №8 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қол күресінен жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Әділет пен Әсел атасы мен әжесінің көз қуаныштары – Көзайым, Бақдаулет, София есімді ұл-қыздарды бақытқа бөлеген бақытты жандар. Одан кейінгі ұлы Әмір 2017 жылы қол күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында екінші орын иеленген. Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер. Үйдің кенжесі Дамир 2016 жылы дүниеге келген. Дамир да әке жолын жалғастыратын болашақ спортшы. Қазірдің өзінде спортқа деген қызығушылығы жоғары. Осылайша еңбегімен елге танымал болып жүрген отбасының бір жол, бір ниетте жүруі де тегіннен-тегін болмаса керек. Ал Жансақаловтар әулетінің немерелері өздерінің бойында осыншама күш-қайраттың болуын ата-анасынан бөлек, ата-әженің тәрбиесі мен ақыл-кеңесінен екенін айтады. Әулеттің үлкен ұлы Ақниет әжесінің бойынан нағыз қазақ аналарына тән қасиеттерді көріп өскенін жеткізді. – Қазақ даласында ана болмысы мен даналығы жайлы сан мыңдаған аңыз бен тәлімі, өнегесі мол деректер бар. Барлығында да ана ұлылығын, шексіз парасаттылық деңгейін сипаттайды. Менің әжем Сайлаукүл Абдуақасқызы да осындай сипаттардың бәріне лайықты адам болатын. Әжем бар ғұмырын білім саласына арнады. Сонымен қатар біздің кеудемізге тәрбиенің шамын жағып, көрегенділік танытты. Ұрпағына сыйлы бола білді. Жұмақтың кілтін табанының астына жасырған асыл әжемнің ақжарқын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кісі осыдан екі жыл бұрын бақилық болды. Алайда жүрегімде әжем мәңгі тірі бейнеде. Әлбетте, бұл менің ғана емес, анамды танитын әрбір ағайынның, ананы қадірлейтін жұмыр басты пенденің ойымен астасып жатады. Ол кісі біз кейде қателесіп, шалыс басып жатсақ, ұрсып-жекімей, қателігіміздің тігісін жатқыза сөйлеп, ақырын ғана ұғындыра білетін. Маңдайымыздан сүйіп тұрып еркелетіп, сол балалығымызды түсіндіруге баулитын. Нағыз тәлімді тәрбиенің ұшқыны осы емес пе?! – дейді Ақниет Ілиясұлы. Әрине, ұлт өмірінің іргетасы, мықты негізін қалаушы отбасы болса, отбасының іргетасы – салиқалы ұл-қыз, яғни, бала. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Ошақ қасының аман-саулығы әрбір шаңырақтың келешегінің өлшемі болмақ. Сонымен қатар отбасы дегеніміз – адам баласының жанына жақын әлеуметтік ортасы, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың асыл мұрасы сақталатын орын десек қателеспейміз. Сондықтан да өнегелі отбасы қай кезде де елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі бола бермек. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар