Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қысқа-нұсқа

Қысқа-нұсқа
ашық дереккөз
Қысқа-нұсқа
Белгілі журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев Парламент қабырғасында елге Айс Мұратова есімімен танымал (шын аты – Арайлым) азаматтың алаяқтық әрекеті бойынша құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында халық қалаулысы Арайлымның жұрттан жинаған 30 миллиардқа жуық ақшаның ұшты-күйлі жоқ болғанын және оның соңында сан соғып мыңдаған отандасымыздың қалғанын айтып өтті. Сондай-ақ депутат осы сауалына қатысты «Instagram»-дағы парақшасында да жазба қалдырды. Елді алдаған Айс Мұратова «Қытайдан арзан тауар әкелемін деп елді сендірген Айс Муратоваға алданғандар саны 5000-нан асады. Айсқа сеніп, аударыммен кеткен ақша көлемі 30 миллиардқа жетіп отыр. Ойлаңыздаршы, бұл сома елде 10 мектеп салуға болатын ақша. Немесе орта есеппен 2000 пәтердің ақшасы. Мен тек чек жиналған 3-4 папканы көрсеттім. Бұндай 3 пакет бар! Әділетті Қазақстан десек, тергеу жұмыстары әділетті жүру керек. Әрі бұл іс Бас прокурордың жіті бақылауында болуы керек. Сол себепті де депутаттық сауал жолдадым. Себебі алданған қарапайым халық Айс жазасыз қала ма деп қорқады. 30 миллиард ақшаға судьяны да сатып алуы мүмкін!!!» деп, әлеуметтік желі арқылы да бұл мәселенің қоғамдағы өзектілігін атап өтті. Экс-полицейлер қаржы пирамидасын құрған Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы полицейлері қаржылық пирамида құрды деген күдікке ілініп, құзырлы органның құрығына түсті. Осылайша Қызылжардағы экономикалық тергеу департаменті «Qnet» компаниясының өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғап отыр. Бұрынғы құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңсыз кәсіпорны 2018-2021 жылдары жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында қаржы пирамидасының арбауына 70 адам түскен. Шығын көлемі 80 миллион теңгеден асады. Бұл компанияға құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері жетекшілік еткен. Қазір экономикалық тергеу департаментінің өкілдері аталған топтан жапа шеккен тағы бірқатар азаматты іздестіріп жатыр. «Қаржы пирамидасын құрған бұрынғы полиция қызметкерлері халық арасында сыйлы болған. Олар жұрттың сенімін пайдаланып, «Qnet»-ке тартып отырған. Жапа шеккен азаматтардың арасында қарамағында жұмыс істеген әріптестері, жолдастары, таныстары бар. Әрбіреуі бастапқы жарна ретінде 600-800 мың теңге салған. Алайда ақшасын қайтара алмаған. Қаржылық пирамида өкілдері қамауға алынды. Тергеу аяқталған соң олардың істері сотқа жолданады», дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкері Жанна Сарымсақова. 24 миллион теңге жымқырған Семейде 15 күн ішінде 6 зейнеткерді сан соқтырған 19 жастағы жігіт ұсталды. Абай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлім етті. КТК арнасының мәліметінше, жас жігіт алаяқтықпен 24 миллион теңгені қалтасына басқан. Ер адам ғаламтордан ересек баласы бар зейнеткерлер туралы мәлімет жинаған. Содан кейін оларға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы немесе ұлы жол апатына себепкер болып, қамауға алынғанын хабарлаған. Сонымен қатар баласын абақтыдан босату үшін зейнеткерлерден ақша талап еткен. Сендіру үшін көмек сұрап, ұлы немесе қызының даусын салып тілдесіпті. Жас жігіт 15 күннің ішінде алты зейнеткерді сан соқтырып кеткен. Ал ақшаны курьер арқылы алып отырған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. «Тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізген кезде ірі ақша, ақша аудармаларының түбіртектері табылды. Мессенджермен, хат-хабарламалар болған ұялы телефон тәркіленді. Сондай-ақ жігіттің нұсқауларға сәйкес әрекет еткені анықталды. Қазір осы қылмысқа қатысы бар басқа адамдар анықталып жатыр», деді Абай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев. Жасұлан Сейілханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар