Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дешті-Қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы

Дешті-Қыпшақтан шыққан  даңқты қолбасшы
ашық дереккөз
Дешті-Қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы
(Жалғасы. Басы газетіміздің 2023 жылғы қарашадағы №83 (1031) санында) «Мемлекет жасағынан» мемлекет әміршісіне дейін өскен Бейбарыс шындығында да әділдікті ту етіп ұстаған. «Парасатты мемлекет қайраткері, ержүрек әскербасының тұсында жүзжылдық аласапыран мен өзара қырқысудан кейін, уақытша болса да, Египет пен Сирияда тәртіп орнады. Өзінің жер өңдеу мен саудаға ерекше көңіл бөлуінің арқасында елдің тұрмыс-жағдайын ерекше жақсартты, тұрғындардың тіршілік көзінің ырысын молайтты. Оның әскери жорығы да ұлы жеңістерге жетті. Ол крест жорығына тосқауыл қойып, оларды қайта бет қаратпайтындай етті. Бағдаттағы сияқты бүкіл мемлекетті ойрандайтын моңғол шапқыншылығын Египетке жеткізбей, тойтарыс берді». («Бейбарыс Сұлтанның өмірнамасы» кітабынан) 1258 жылы «Жарты әлем астанасы» деп дүниеге танылған Бағдатты қиратқан Құлағу илхан бастаған моңғол түмендері сол аласапыран кезеңде сансыз мұсылманға пана болған Мысыр шекарасына ешбір кедергісіз таяп келді. Құлағу хан Каирге елшілерін жіберді. Олар Құтыз сұлтанға хат әкелді. Сұлтан Құтыз хатпен танысқан соң он алты елшіні өлтіріп, тек біреуін ғана тірі қоя берді. Елшілер өлтірілген соң, енді соғыстың болатыны анық еді. Моңғолдардан төнген қауіп мәмлүктердің дүрдараз екі үлкен тобын біріктірді. Оның бірін Құтыз сұлтан, екіншісін өте беделді әмір Бейбарыс басқаратын. Бейбарыстың мұсылманша толық аты – Әл-мәлік-әз Заһир-Руки-әд Дүние уә-ад-дин Бейбарыс-Әл-Бундуқдари Әс-Салиһи. Мағынасы – «Дүниедегі әділдік рухын ұстайтын Бундуққари әулетіндегі (сатып алған көпес) Салық сұлтанның жасағы Бейбарыс» деген сөз. 1959 жылдың 11 тамызында Хэчжоу түбінде моңғолдардың ұлы ханы Мөңке қайтыс болды. Сирия науқанының қызған шағында Құлағу илхан өзінің ағасы Мөңкенің қайтыс болғандығы жөнінде хабар алды. Моңғол империясында бұрынғы және жаңа патша аралығындағы патша болмаған кезең қашанда барлық істерді тоқтатуға әкеліп соғатын және Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайға тікелей қатысып отыруын талап ететін. Сондықтан Құлағу Палестинада Кетбұға ноянды басшылық еткен небәрі 20 мың жауынгерін қалдырып, жеделдете Иранға оралды. 1260 жылдың шілдесінде мәмлүктердің салт атты әскері Мысырдан шығып, аттарын сар желіске сала Синай шөлін жанап өтеді де, Газа маңында моңғолдардың аз адамдық тосқауылын жойып жібереді, ал сонан соң франктердің жеріне аяқ басып, Акра түбінде әскерлеріне қажетті азық-түлік алады. Мәмлүктер онда тынығып, қатарларын қайта топтастырады да Иерусалим корольдігінің территориясы арқылы Галилейге, моңғол қосындарының ту сыртынан шығады. 1260 жылдың 3 қыркүйегінде Айн-Жалуд жанында моңғол-армян әскерлері талқандалады, ал Кетбұғаның өзі қолға түседі. Крестің осы соңғы, нағыз айбынды серісін жеңімпаз мәмлүк сұлтаны Құтыз өзінің Дамаскіге зор жеңіспен кіруін онда тұрған христиандарды аяусыз жазалаумен әйгіледі. Осыдан кейін одақтастарына көмек көрсетуге әрекеттенген Құлағу илхан Сирияға жаңа әскери жасақ жіберді. Олар Алеппоны алған-ақ еді, бірақ Ефрат сыртына қарай шегінген. Бұл жеңісті мәмлүктердің жаңа сұлтаны, соның алдында ғана, яғни әртүрлі оқиғаларға байланысты 1260 жылдың қазан айында Құтызды өлтірген Бейбарыс қамтамасыз етті. Көптеген тарихшылар мен ғалымдардың еңбектерінде Құтыз бен Бейбарыс арасындағы араздық туралы әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Мәселен, Мысыр жерінде моңғол елшілері өлтірілген соң, мәмлүктердің дүрдараз екі үлкен тобы бірігуге мәжбүр болған. Ол топтың бірін Құтыз сұлтан, екіншісін өте беделді әмір Бейбарыс басқаратын. Олар екеуара келісімге келеді. Келісім бойынша, жеңіске жеткен жағдайда Бейбарыс Алеппо қаласының билігін иеленуі керек болатын. Мәмлүктер осыған келісіп, бірігеді де, майданға шығады. Айн-Жалудтегі ұрыста жеңіске жеткеннен кейін Құтыз сұлтан«Исламның ержүрек қорғаны» деген атақты иемденеді. Моңғолдарды жеңіп беделі одан әрі арта түскен Құтыз сұлтан атақ-даңқты Бейбарыс әмірмен бөліскісі келмей қалды. Келісімдегі Алеппо қаласын оған бермей қойды. Осыдан соң Бейбарыс әмір енді басқаша әрекетке кіріседі. Оны Илмуддин Анас, Илмуддин Саңғлы және Сейфуддин Балапан деген мәмлүк әмірлері қолдады. Құтыз сұлтан Қызыл теңіздің Сирия мен Мысыр аралығы жағалауында Кусаир деген жерде аялдайды. Нөкерлерін Каирге жіберіп, сұлтанның өзі шағын жасақпен саят құрып жүрген кезінде өлтіріледі. Әл-Макриздің айтуынша, сол саятқа Бейбарыстың, Бектуаттың, Бахадардың және Анастың жасақтары қатысқан. Хижра жыл санауы бойынша 800 жылы зу-л-хиджа айының он тоғызында Бейбарыс әл-Мәлік әз-Заһир Рукн әд-Дүние уә әд-Дин ас-Салиһи Бейбарыс әл-Бундуқдари деген атпен Мәмлүктер сұлтандығының тағына отырды. Таққа отыры­сымен Химс, Хама, Сихиди, Моусил, Алеппо қалаларының әмірлеріне жаушылар жіберіліп, Құтыздың өлімі, таққа жаңа сұлтанның отырғаны хабарланды. Айн-Жалудтағы шайқастан кейінгі оқиғалар тоқтатуға болмайтын қар көшкініндей дамыды. Бейбарыс билікті қолына алысымен, әскерін Сирияға қарай жорыққа аттандырды. Моңғолдарды бір емес, екі мәрте жеңді. Каирге Баб ан-Насыр (Жеңіс қақпасы) қақпасына жеңімпаз ретінде келіп кірді. Мәмлүктер Баб аз-Зувейла қақпасына дейін салтанатты шерумен өтті. Оларды қала халқы қошеметпен қарсы алып, алтын, күміс теңгелер шашып, мәре-сәре болып қуанды. Ал Бейбарыс сұлтанға халық «Абул Фатух», яғни «Жеңістер атасы» деген атақ берді. Моңғолдар мен армяндарға опасыздық жасап, 1263 жылдың аяғына дейін жанталасқан крест тағушылар енді мәмлүктермен жекпе-жек қалды. Иерусалим корольдігінің жанталасуы 31 жылға, Сирия жағалауынан ең соңғы крест тағушылар тайып тұрған 1291 жылдың 18 мамырына дейін созылды. Бірақ олардың зардаптары асқан тамаша ел санала бастаған Францияға дейін жетті. Крест жорықшыларының кесірінен Сирияның христиан халқы жойылып жіберілді. Оларға көмекке келген моңғолдардың да салы суға кете барды. Сөйтіп христиандар қасиетті жерден мәңгіге айырылып қалды. Ирандағы моңғолдардың жағдайы да қайғы-қасіреттілігі жөнінен бұлардан кем соқпай қалды. Христиандар тұратын жерлер жау қолына түскендіктен Таяу Шығыста христиан патшалығын негіздеу идеясы іске аспады. Сонымен қатар Сұлтан Бейбарыс өзінің Алтын Ордадағы руластарымен қарым-қатынас орнатып, Берке ханды өз жағына шығуға көндірді. Мәселен ұлы хан Мөңке 1256 жылы араб еліне жорыққа аттанатын әскердің қатарына қосылатын жасақ сұратқанда, Берке хан ашуланып: «Біз Мөңке қағанды таққа отырғыздық, сол жақсылығымызды немен қайырды дейсің бе? Біздің достарымызға қарсы қастандық әрекет істеп, менің одақтасым халифаттың жеріне көз аларту арқылы уағдаластығымызды бұзды. Мұның өзі пасықтық қой!» деген еді. Бейбарыстың жолдаған тұңғыш хатын Берке хан 1261 жылы алды. Ал 1262 жылы Мәмлүк сұлтаны жіберген елші Византия арқылы Алтын Ордаға келді. Мысыр мен Алтын Орданың мәдени-саяси қарым-қаты­насының нәтижесі көп өзгеріс­терге алып келді. Расында да Алтын Орда мен Иранның саяси бағыттарының әртүрлі болуы себепті Құлағу мен Берке арасындағы жауластық әлдеқашан пісіп, жетілген еді. Мәселен, зерттеуші С.Закиров өзінің «Дипломатиялық қарым-қатынастар» атты еңбегінде: «Моңғол ясысына сәйкес Бағдат пен Дамаскіге жорық жасау кезінде алтынордалық әскери бөлімшелер илхан әскерлері қатарында шайқасты. Бірақ Кетбұғаның жеңілісінен кейін Берке өзінің әскер басшыларына Құлағудың әскерінен кетіп қалуға, ал егер үйлеріне қайтудың сәті түспесе Мысырға кетуге жарлық жіберді. Олар солай етті де, сөйтіп мәмлүктердің әскер санын көбейтті. Бұдан соң Алтын Орда мен Иранның (Илхандардың) соғысуы уақыттың мәселесіне айналды» дейді. Он жеті жыл бойы Египет пен Сирияны крестілер жорығы­нан, моңғол шапқыншылығы­нан қорғап, бөлшектенген ұсақ мемлекеттерді халифат – империя дәрежесіне жеткіз­­ген Бейбарыстың басынан кешкен құқайының бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Қастандықты та, сатқындықты да көп көрді. Алғыс та алды. Кез келген тақ иесі сияқты күдікшіл, кекшіл, қатігез де болды. Атақ-даңқ, билік, тақ – көздің құрты. «Қаупің неден болса, қатер содан». Барлық патша атаулының пешенесіне жазылған қарғыс таңбасы. Бейбарыс та сол іштарлықтың құрбаны болды. 1277 жылы уәзірі Қалауынды Меккеге ертіп барып, Алланың қасиетті үйі Байтолланың қасында тұрып: «Маған адалмысың? Алланың мешітінде ант бер», дейді. Қалауын ант-су ішеді. Жолай Дамаскіге соғады. Оны білген Қалауын шаһар бегіне жасырын: «Сұлтан ішетін тағамға у тамыз. Мен саған бүкіл Сирияның би­лігін беремін» деп хат жазады. Уәзірдің қастандығы жүзеге асып, Бейбарыс жеті күннен кейін дүниеден қайтты. Ол Дамаскідегі Баб Әл-Барид зиратына жерленді. Сөйтіп қыпшақтан шыққан ұлы сұлтан Бейбарыс өз уәзірі, екінші бір қыпшақ мәмлүгі Қалауынның зұлымдығынан мерт болды. Сұлтан Бейбарыстың қайрат­керлігі туралы әлі де айтылмаған, жарық көрмеген мәліметтер өте көп. Ол Мысырды ғана емес, Ислам әлемін құтқарып қал­ған қайраткер. Сондықтан да Бейбарыс туралы еңбектерді қайта жарыққа шығаруды қолға алып, ол құнды дүниелерді өскелең ұрпаққа насихаттауымыз қажет. Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар