Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жемқорлықтың жолын кес!

Жемқорлықтың жолын кес!
ашық дереккөз
Жемқорлықтың жолын кес!
Жаңа Қазақстан құрамыз деп ақыры ел ішіндегі өзгерістерді бастап та кеттік. Бұл Қазақстан – әділетті Қазақстан. Бұл жемқорлықсыз, сыбайластықсыз алға ілгерілеген Қазақстан болмақ. Ақорданың көтерген бұл бастамасына аймақтардан аудан, ауылдарға дейін қолдау білдіріп, қомағайлана іске кіріскені анық. Ал енді жыл басынан бері қарай облыста осы бағытта істеліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың нәтижесін саралап көрелік. Жалпы, облыс көлемінде жедел-тергеу қызметімен жүйелі сыбайлас жемқорлықтың, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жолын кесуге, мемлекетке келтірілген залалдың уақтылы және толық өтелуіне бағытталған жүйелі жұмыстар істелген. Алайда түйені түгімен жұтатын осы бір алапаттың аузы ауыздықталмай тұрған көрінеді. Мысалы, биыл департаменттің мәліметінше 64 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатыстысы – 43. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1 есеге артқан. Бірақ жеке-жеке деректерге шаққанда аз. Мысалы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға байланысты деректер – 1, көлеңкелі экономика субъектілеріне лауазымды адамдар тарапынан қамқорлық жасау бойынша – 3, мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаражаттарды ұрлау деректері бойынша 6 қылмыс тіркелген. Ал республикалық және облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты да алты қылмыс әшкере болған. Тіркелген қылмыстық істер бойынша 459,5 миллион теңге көлемінде мемлекетке залал келтіріліп, оның 378,2 миллион теңгесі қайта кері қайтарылған. – Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жалпы былтырғы жылы сыбайлас жемқорлықтың азаюының оң динамикасын көрсетсе, биыл жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны да, келтірілген залалдың көлемі де айтарлықтай өсіп отыр. Қазіргі таңда департамент сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау және оны жою мақсатында да нақты шаралар қабылдауда. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, жемқорлықтың немесе ысырапшылдықтың белгілері көбіне мемлекеттік органдардағы бөлінетін қаражаттың қомақтылығына келіп тіреледі. Мысалы, департамент күнделікті «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізіп, нәтижесінде мониторингпен жолданған ұсыныстар негізінде мемлекеттік органдарының мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып 252,6 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Атап айтар болсақ Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Лэд экранды» жалпы сомасы 61,2 миллион теңгеге сатып аламын деп жоспарлаған, алайда біздің ұсыныс негізінде жоспары қайта қаралып, 21,1 миллион теңгесі үнемделді. Мұндай мысалдар аз емес. Айта берсек, талдау көрсеткендей, 2018 жылдан бастап «Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел» жолының учаскелері жыл сайын жөнделеді, 2018-2020 жылдар кезеңінде тек көрсетілген бір жолға бөлінген жалпы сома 3 миллиард 332 миллион теңгені құраған. Сол сияқты ұзақтығы 83 шақырымды құрайтын «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» жолы 9 рет 2 миллиард 394 миллион теңгеге жөнделген. Ал ұзындығы 92 шақырым болатын «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» жолы 7 рет жөнделіп, оған 2 миллиард 582 миллион теңге қаражат жұмсалған. Осылайша автомобиль көлігіндегі бақылауды тиісінше жүзеге асырмауының және де салынған жол сапасыздығының салдарынан жергілікті маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Аталған өңірдегі карьерлерге ауыр жүк тасымалдаушы көліктер жиі жүруіне қарамастан, инспекция қызметкерлері бақылаумен тек «Күйік» немесе «Қордай» асулары бағытындағы жол учаскелерін ғана қамтып келген, – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша департменті басшысының бірінші орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Ғани Тубаев. Жемқорлыққа жол ашатын тағы бір сала ол балалар спорты мен шығармашылығын жан басына нормативтік қаржыландыру орталықтары. Аталған саладағы нормативтік-құқықтық актілерінің реттелмегенін арнайы жүргізілген мониторинг анықтаған. Мысалы, тапсырыс алуға құжат жинақтау барысында кәсіпкерлер тарапынан жалған құжаттарды ұсыну, негізгі қызмет түрі спорт немесе шығармашылыққа мүлдем қатысы жоқ кәсіпкерлердің шаруа қожалығы, сауда жүргізу, мейрамхана бизнесі сияқты мемлекеттік тапсырыспен айналысу деректері анықталған. Алайда олар бойынша операторлар тексеру жүргізе алмайды. Сондықтан бұл мәселені шешу жөнінде аппаратқа ұсыныс жолданған. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау деңгейіне келетін болсақ, мемлекеттік орган және мекеме басшылары әлі күнге дейін бұл бағыттағы жұмыстарды қадағаламай келеді. Әкімшілік құқықбұзулар бойынша есептік кезенде 14 хаттама толтырылып 4,4 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке теңестірілген тұлғалардың заңнаманы білместіктен кәсіпкерлікпен айналысу дерегі жиі тіркелуде, ал мемлекеттік орган басшылығы ұйым басшысын активтер декларациясын тапсырудан бұрын тағайындап қоятын да деректер бар. Осы негізде қазір нормативтік-құқықтық актілердегі тәуекелдерді жою мақсатында, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамадан өткізу инструменті іске қосылды. Ғылыми сараптамаға ұсынатын нормативтік-құқықтық актілерінің әрбір жобасына және оның ішінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің факторлары мен ескертулеріне сараптама жасайтын ұйымға бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Департамент тарапынан жергілікті атқарушы органның 4 айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге ұсынған 46 нормативтік-құқықтық актілеріне мониторинг жүргізіп, оның 93,5 пайызы (43 немесе) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің факторлары мен ескертулердің анықталғаны белгілі болды. Сонымен қатар анықталған кемшіліктер саны 71-ді құрады, өз кезегінде қабылданған нормативтік-құқықтық актілерден 1,5 есеге асып тұр, – дейді департаменттің превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров. Сыбайлас жемқорлыққа қадам жасайтындардың қатарында дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі, құқық нормаларынын қайшылықтары, тұлғалар құқықтарын негізсіз шектеу, қоғамдық қызығушылық тудыратын ақпаратқа қолжетімділіктің жеткіліксіздігі сияқты мәселелер кіреді. Сондай-ақ жобалардың заң техникасына қойылатын негізгі талаптарға сәйкес келмеуі. Мысалы, қате сілтеме немесе бланкеттік нормалар көрсету, орыс тіліндегі стилистикалық және грамматикалық қателердің болуы да соның бір көрінісі. Сол себепті жергілікті атқарушы орган тарапынан нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және оның жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жолдау барысындағы жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауының салдарынан бюджет қаражатын ысырап ету деректері тіркеліп отыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, Қоғамдық кеңес жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты комиссия құруды және ол жерде мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытында атқарылған жұмыстарына баға беруді талап етіп отыр.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар