Әйелдердің қоғамдағы орны қандай?
Қазақ даласында әйелдердің мәртебесінің көтеріліп, басқару саласына келуі екінші дүниежүзілік соғыста айқын көрініс таба басталды. Ер азаматтардың бәрі соғысқа аттанып, ауыл-аймақта қалған қыз-келіншектер халық шаруашылығына араласып, жауапты іске бас болып, барлық салада белсенділік танытты. Индустриядан гөрі ауылшаруашылық саласы кең тараған елімізде мал да бақты, егін де екті. Сол кезде қоғамда малшаруашылығында озат шопан, егіншаруашылығында алдыңғы қатардағы диқан, озық механизатор атанған нәзік жандылар.
Әйелдер мұғалім, дәрігер секілді қызметтерді де атқарып, ауылдық кеңеске төрағалық етті, ұжымшарды басқарды. Осындай қиын-қыстау заманда әйел қауымының мойнына үлкен жүк артылды. Ерлермен қатар сол жүкті қабырғасы қайыспай арқалады. Үйде баласын, қарт-қариясын бағып-қақты, майданға кеткен ер азаматын үлкен төзімділікпен күтіп, оның жолын тосты. Осындай заманды басынан өткізген қазақ әйеліне сол дәуірдегі заман талабы билікке ерте араласуға түрткі болды. Содан бері әйелдер қауымы қоғам үшін, ел үшін өздеріне жүктелген міндетті, қызметті әлі күнге дейін адал атқарып келеді.
Әйелдер бар қажыр-қайратын соғыстан кейінгі тұралаған экономиканы көтеруге жұмсаған заманды да бастан өткерді. Қазақ қыздары оқыды, сауатын ашты, білімін тереңдетті. Бұрын әйел тұрмақ ер адамға аты таңсық мамандықтың түр-түрін меңгеріп, басқару саласында да нәтижеге қол жеткізді, қызметте сатылап өсті. Одан бөлек әйелдер арасында білім-білігінің, пайым-парасатының арқасында қызметте өсіп, отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, әулеттің мәселесін шешетін, ағайын-туыс иек артатын дәрежеге ие болған нәзікжандылар да болды.
Жалпы, ақылы асып тұрған әйелдердің ерлер ғана емес, бүкіл әулет, ағайын, тұтас ел сөзіне ұйып, төрелігін тыңдайтын, ал айбыны асқақ болса, жауға бірге жорыққа шығатын жағдай қазақ қоғамында ерте бастан-ақ болған. Оған аты аңызға айналған ақылмандар Ұмай ана, Домалақ ана, шешендігі жұртқа мәлім Қарашаш сұлу, жаужүрек Бопай ханша секілді айта берсе жеткілікті мысал көп. «Әйелдің шашы ұзын болғанымен, ақылы қысқа» дейтін қазақтардың шын мәнінде әйелдерге деген құрметі, ілтипаты айрықша болғанын, оларды даналық иесі санағанын ашық айтуымыз керек. Бұған қазақтың «Қабырғаңмен кеңес» деген бір ғана сөзі жеткілікті. Себебі, асыл дінімізде «Адам Атаны Құдай топырақтан жаратса, әйелді Адам Атаның қабырғасынан жаратты» деген ұғым бар. Демек ер азаматтың қабырғасы қайысарлықтай арқасына ауыр жүк артылса, әйелдің де жаны ауыратыны сондықтан.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде гендерлік саясат жаңа кезеңге көтерілді, жаңа сипатқа ие болды.
Гендер – қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын анықтайтын әлеуметтік жыныс. Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың негізгі принциптері ерлер мен әйелдер үшін ел Конституциясымен кепілдендірілген тең құқықты және бостандықты орнатуға бағытталған. Гендерлік теңдік саясатының алға жылжуы үшін әйелдерге саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласу қажет. Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде Қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше. Елімізде демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді. Себебі балалардың өмірге келуі, олардың тәрбиесі нәзікжандылардың мойнында. Сонымен қатар олар өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көптеген бөлігі әйелдердің еншісінде. Әйел отбасы құндылықтарының мүддесін қорғайды. Күнделікті және байқалмайтын отбасы туралы қамқорлық, өз жанұясы үшін жан жайлылығын жасау, жайлы жағдай және амандық – бұлардың барлығы әрбір әйел үшін абзал міндет.
Біздің елімізде гендерлік саясаттың міндеттеріне билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету ісі жатады. Сонымен қатар отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер де қазақстандық гендерлік саясатқа тән.
Қазіргі таңда гендерлік саясатқа біздің мемлекетімізде баса назар аударылуда. Осыған орай отбасылық саясат саласында қандай жетістіктер болды және көкейкесті мәселелер бар ма, соған тоқталып өтейік.
Гендерлік стратегия іске асырылған жылдары отбасылық-неке қатынастарында тұрған ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюінде оң динамикаға қол жеткізілді.
Отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілген. Сонымен қатар, әйелдердің, жүкті әйелдердің және баласы (балалары) бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да пайда болды.
Осы маңызды мәселелер бойынша «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы әйелдердiң қоғамдағы орны мен мәртебесiн анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамаға 3000-ға жуық адам қатысты. Олардың 13 пайызы –
18-25, 20,7 пайызы – 26-35, 34,9 пайызы –
36-47, 25,3 пайызы – 48-57, 5,6 пайызы –
58-67, 0,5 пайызы 68-77 жас аралығындағы азаматтар еді. Анкета тақырыбы әйелдерге қатысты болған соң, әйелдер қауымы аса қатты қызығушылық танытып, сауалнамаға белсенді қатысты. Сауалнама онлайн болғандықтан (әлеуметтік желіге анкета жіберілгендіктен) облыстың барлық ауданындағы тұрғындар атсалысты.
Әрине, сауалнаманы «Облыстағы қоғамдық-саяси ахуалға қандай баға бересіз?» деген сұрақпен бастадық. Респонденттердің 56,1 пайызы (өткен жылы 47 пайыз болды) «бірқалыпты», 14,9 пайызы «ойдағыдай», 11,6 пайызы «тыныш», 9,1 пайызы «шиеленіскен» және 7,6 пайызы «дағдарысты» деп жауап берген. Оң пікірде жауап берушілердің үлес салмағы 82,6 пайызды құрап отыр. Дегенмен де 16,7 пайыз респонденттер ахуалға алаңдауда.
Қоғамдағы әйелдердің алатын орнына қатысты жауап берушілердің пікірінше айтарлықтай жоғары дегені – 6,7 пайыз, жоғарысы – 36,1 пайыз (2022 жылғы сауалнама нәтижесі – 55 пайыз), орташасы – 49,1 пайыз және төмені –
4,1 пайыз. Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 3,4 пайызы «білмеймін» деп жауап берген. Осы сауалнамадан бүгінгі қазақ қоғамындағы әйелдердің алатын орны жоғары екені анық байқалып тұр.
Әйелдердiң өз мүмкiндiктерiн жүзеге асыруда басты кедергiлер де бар екен. Бұл қандай кедергі десек, әйелдердің 45,2 пайызы (өткен жылғы зерттеуде бұл көрсеткіш 35 пайыз болған) отбасына көп көңіл бөлетін болып шықты. Қазақ әйелінің отбасы үшін жаратылғанын осы сауалнама дәлелдеп отыр. 23 пайыз әйелдер қауымы өзіне-өзі сенбеушілік танытса, 14,2 пайызы ерлердің рөлінің басым болуын алға тартқан (қазақ әйелі әрдайым ерін сыйлаған). Сауалнамаға қатысушылардың 8,7 пайызы мәселені әйелдердің белсенділігінің төмендігімен байланыстырған. Сауалнамадан көріп отырғанымыздай бүгінгі әйелдер қауымы да отбасына көп көңіл бөлетін болып шықты. Осы сұрақтың жалғасы ретінде «Әйелдердiң қоғамдағы басты қызметi қандай болғанын қалайсыз?» деген сұрағымызға жауап берушілердің 51,3 пайызы «барлық тірліктерге үлгеруі қажет» десе, 21,8 пайызы «отбасына көп көңіл бөлуі керек» деген. 9,7 пайызы «бала тәрбиесімен айналысқаны жөн» десе, 5,1 пайызы «еріне қолғабыс болуы қажет» деп жауап берген. Әйелді алаңдататыны – тағы сол отбасы, бала тәрбиесі, ерінің жағдайы. Сауалнамаға қатысушылардың 7,3 пайызы ғана «әйел жаны қалаған, яғни өз жұмысымен айналысуы керек» деген.
Қоғамда сан түрлі мәселелер көп. Ал біздің әйелдер қауымын ең көп қандай мәселелер мазалайтыны көпшілікті қызықтырары сөзсіз. Осыны білу мақсатында сұрақ қойғанымызда респонденттердің 39,8 пайызы «отбасы», 54,4 пайызы «қаржы», 59,8 пайызы «денсаулық», 37,9 пайызы «бала тәрбиесi», 15,3 пайызы «әлеуметтік желіге көп уақыттың кетуі», 9,6 пайызы «білім деңгейінің төмендігі», 20,5 пайызы «жұмыссыздық», 7,9 пайызы «қоғамдағы жемқорлық» деп жауап қайтарған.
Респонденттердің пікірінше әйелдердің 48,6 пайызы білім беру, 30,6 пайызы сауда-саттық саласында еңбек етеді. 7,5 пайызы жұмыссыз болса, 1,2 пайызы әкімшілік басқару ісінде, 4,1 пайызы денсаулық сақтау саласында және 5 пайызы кәсіпкерлік бағытта қызмет етуде екен. Жалпы тіршіліктің барлық саласынан әйелдерді көретініміз хақ. Әйелдердің көпшілігі білім беру саласында жұмыс істейтіні өтірік емес. Саудада, базар мен дүкендерде тек әйелдерді кездестіретініміз де ақиқат. Жоғарыда көрсетілгендей әйелдердің денсаулық мәселесі мен өзіне қарауға, денсаулығына күтім жасауына уақыт бөле алмауы да осыдан шығар. Жалпы, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына «кедергі жоқ» деген жауапты қатысушының 61 пайызы белгілесе, 23 пайызы «бар» деген нұсқаны таңдаған. Кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдайлар жасалмаса да әйелдердің бұл іспен шұғылдануына кедергі жоқ екен.
Әйелдердің уақытын көбінесе неге жұмсайтынын анықтау мақсатында сұраған сауалымызға респонденттердің 77,2 пайызы үй шаруасына (өткен жылы 35 пайыз болған), 58,4 пайызы бала тәрбиесіне, 54,6 пайызы отбасына, 25,8 пайызы әлеуметтік желіге, 37,8 пайызы жұмысына көңіл бөлетінін білдірген. Яғни, әйелдердің көбіне уақытын бөлетін іс осылар екен. Қалған шаруалар күрт төмендеп кеткен. Мәселен, туыстарына бару 2,6 пайызға, құрбыларымен қыдыру 2,9 пайызға, фитнес клубқа кіру 1,2 пайызға, теледидар көріп, радио тыңдау 2,2 пайызға және кітап оқу 1,9 пайызға азайған.
Бүгінгі күнде әйелдердің өмір сүру деңгейін респонденттердің 13 пайызы «жоғары» (өткен жылы 18 пайыз), 45,9 пайызы «орта» (өткен жылы 34 пайыз), 25,8 пайызы «ортадан жоғары», 9,7 пайызы «ортадан төмен», 4,5 пайызы «төмен», 1,1 пайызы «өте төмен» деп бағалаған. Әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамның жағдайы да сондай деген ойды сауалнамаға қатысушылардың берген жауабы дәлелдеп тұрғандай.
Сауалнамаға қатысқан тұрғындарымыздан саяси сұрақ ретінде «Қазақстанда әйел азамат Президент бола ала ма?» деп сұрағанымызда, респонденттердің 44,8 пайызы «әрине, бола алады» десе, 29,4 пайызы «жоқ, әлі ерте» деген. 24,4 пайызы «білмеймін» дейді. Егер сауалнамаға қатысқандар әйелдер екенін ескерсек, әйелдердің өздері әйел азаматының Президент болуға «әлі ерте» немесе «білмеймін» деп жауап беруі біраз жайтты аңғартқандай.
«Әйелдер неліктен жұмыссыз?» деген сауалға респонденттердің 31,4 пайызы мамандыққа байланысты жұмыстың жоқтығын алға тартса, 22,4 пайызы жұмысқа тұру үшін таныстың болмауын сөз еткен. Әйелдердің 18,6 пайызы жұмыссыз жүруін арнайы мамандықтың жоқтығымен, 16,3 пайызы көпбалалы болғандығымен, 9,3 пайызы жолдасының тапқан табысының жеткілікті екендігімен байланыстырған.
Қоғамда әйелдердің өзіндік орны бар екендігі айқын. Азаматтардың белсенділігі өте жоғары. Бүгінгі таңда тек әйелдер қауымы арасында ғана емес, ерлердің де мәселелері бар екендігін байқауға болады. Елімізде ерлерге қарағанда әйелдер ұзақ өмір сүретіндігі статистикалық мәліметтерден белгілі. Қарапайым ғана әлеуметтік бақылау жүргізетін болсақ, емханаларда ерлерге қарағанда әйелдер өз денсаулықтарына көп көңіл бөлетіндігін байқаймыз. Сондай-ақ шипажайларға ерлерге қарағанда әйелдердің көп баратындығын да аңғару қиын емес. Ер азаматтардың отбасының жүгін арқалау мен ауыр жұмыстарды атқаруы олардың өмір жасының қысқаруына тікелей әсер ететіндігін білеміз.
Жалпы гендердік теңдік қоғамның қалыпты дамуын қамтамасыз етеді. Мәселені құстың қос қанатындай тең дәрежеде ұстау арқылы ғана қоғамда әлеуметтік, саяси және экономикалық өркендеуге қол жеткізуге болады.
Бақыт Әлмұратов,
М.Х. Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің
«Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық
және маркетингтік зерттеулер орталығы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы
Әсем Жүнісова,
Тараз қалалық білім
бөлімінің
№2 психологиялық-
педагогикалық
түзету кабинетінің
әлеуметтік педагогі
Келесі мақала
Отбасы құндылығы – ортақ мүдде
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Моңғолияда Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024