Талапты жастар топ жарды
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде осы оқу ордасы кітапханасының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Жылдың үздік оқырманы» атты байқау өтті.
Аталған байқау «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын қолдау және «Оқуға құштар колледж» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынды. Мұндағы мақсат – колледж студенттерін кітапханаға тартуға, оқырмандар белсенділігін және білім алушылардың оқу сапасын арттыруға, адамгершілікке тәрбиелеу және кітапты кеңінен насихаттаумен қатар жастардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын ояту.
Студенттер арасында ұйымдастырылып отырған жарыстың шымылдығын аталған колледждің кітапхана меңгерушісі Гүлдариға Жаңабаева сөз сөйлеп ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Кітаптың құндылығы жайында дана халқымыз «Білімнің бастауы – кітап» десе, данышпан Абай «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді. Ал ұлы драматург Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деп, кітаптың құдіретін, оның мәртебесін одан ары асқақ көтеріп көрсеткен болатын. Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – білім, ал білімнің бұлағы – кітап екені бәрімізге белгілі. Бүгінде кітапханалар еліміздің болашағы жастардың ғылым, білім жолындағы өмірлік құлшынысына жолдама беретін мәдени орталыққа айналып отыр. «Мен жастарға сенемін» деп, Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, ұлтымыздың болашағы бүгінгі жастардың қолында. Жастарымыздың рухани сауаттылығы мықты болса, ұлтымыздың ұлағаттылығы мәңгі сақтала бермек. Халқының көңілінен шығатын, елінің үмітін ақтайтын, өткен ұрпақтың есесін түгендеп, келешек ұрпақтың мерейін үстем ететін тәуелсіз еліміздің азаматтары рухани сауаттылықпен білім көгіне самғай беріңдер, – деді Г.Жаңабаева.
Байқауға «AR-AI» газетінің тілшісі, ақын Шапағат Әбдір, колледждің филология пəнінің оқытушысы Лора Асылбекова, кітапхана меңгерушісі Гүлдариға Жаңабаева төрелік етті.
Жарыстың ережесіне сәйкес, студенттер І кезеңде «Менің сүйікті жазушым» тақырыбының аясында қазақ әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларынан монолог оқыды. ІІ кезеңде «Поэзия – жанның сазы» атты тақырыпқа сәйкес, кез келген ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқып, бақ сынады.
Нәтижесінде 20-ға жуық студент қатысқан жарыста «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып шыққан қатысушылар диплом және алғыс хаттармен марапатталды.
Байқау қорытындысына сәйкес І орынды «Есептеу техникасы» бөлімінің студенті Рауан Әлсерікова жеңіп алса, ІІ орынды «Мұнай және газ» бөлімінің студенті Инабат Сәттібаева иеленді. Ал ІІІ орынға «Сәулет және байланыс» бөлімінің студенті Махмад Давлятов лайықты деп танылып, оған диплом табыс етілді. Қалған қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Әйгерім АМАНГЕЛДІ,
Жамбыл политехникалық жоғары
колледжінің студенті
Келесі мақала