Әскери саланың майталманы
Әскери қызмет – абыройлы міндет. Осы ұранды өмірлік мақсат етіп жүрген азаматтар айналамызда қаншама? Солардың бірі – Нұршад Марданов. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 03811 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің сержанты болып еңбек еткен кейіпкеріміз биыл запасқа шықты. Оның әскери салада тер төгіп, елге сіңірген еңбегі, әскери саладағы қызметтік және өмір жолы кейінгі буынға үлгі етерліктей. Аталған саладағы атқарған қызметі туралы естеліктері оның жадында мәңгі сақталары анық.
Нұршад жастайынан әскери салада қызмет етуді арман еткен. Бала күнгі «Әскери саланың маманы болсам» деген арманы ол ат жалын тартып мінер азамат болған шақта бірден орындала қоймапты. Анығы, Нұршад бірнеше рет әскери оқу орнына түсуге талпынғанымен, жолы болмаған. Дегенмен алған бетінен қайтпаған ол өз дегеніне жетті. Сәтсіздікке мойымай, мақсатына жеткен кейіпкеріміз «Армандар орындалады» деген ұранның бос сөз еместігін айтады.
– Өзім Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ташқарасу ауылының тумасымын. 2003 жылы Луговой гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мотоатқыштар батальонында қызмет ететін туған ағам Бахтишадқа қонаққа бардым. Сол кезде онда барлау бөлімі құрылып жатқан еді. Жаңадан құрылып жатқан бөлімге келісімшарт бойынша жаңадан әскери қызметшілер қабылдап жатқанын ағамнан естідім. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұрғанын ішім сезді. Келісімшарт бойынша әскери қызметке жұмысқа тұру жайлы ойымды жұбайым Айнұрға айтып көріп едім, ол бірден қолдау білдірді, – дейді Н.Марданов.
Орайы келіп тұрған мүмкіндікті жіберіп алғысы келмеген Нұршад ойланбастан әскери бөлім басшылығымен кездесуге бел буады. Штаб бастығы, майор Андрей Быковпен кездесіп, онымен әңгімелескенде штаб бастығы оның бойындағы әскери қызметкерге сай мінезді байқап, жұмысқа қабылдаған екен. Осылайша, кейіпкеріміз отбасын Әулиеата өңіріне көшіріп әкеледі. Өз ісіне жауапты, тапсырылған тірлікті тыңғылықты атқаратын Нұршад көп ұзамай әскери бөлімнің бақылау-техникалық пунктінің бастығы лауазымына орналасады.
Қызы Сәлима мен ұлы Нұрсәлім Алматы облысында туса, Луговой гарнизонында қызметке орналасқан соң өмірге Заир, Әнел және ең жас Эмир атты перзенттері дүниеге келді. Ұлдары Нұрсәлім мен Заир әкесі қызмет ететін 03811 әскери бөлімде өсті деуге келеді. Кішкентайлар әскерилердің өмірін қызығушылықпен бақылап жүретін.
Әскерилердің арасында өсіп-жетілген Нұрсәлім өмірін осы саламен байланыстыруды жөн көрген. Қазір ол Ресейдегі Череповец радиоэлектроника және байланыс жоғары әскери институтының екінші курсында оқиды. Нұршадтың екінші ұлы Заир тоғызыншы сыныптан кейін Қарағанды қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» әскери училищесіне оқуға түсіпті. Ол да ағасының жолын қуып, Череповецтегі сол әскери университетте білім алуды көздеп отыр.
– Жалпы отбасымызда әскерилер өте көп. Үлкен ағам Бақтишад өмір бойы әскерде қызмет етті, қазір зейнеткер. Ағамның ұлы Кахриман Ақтөбедегі Әуе қорғанысы әскери институтын бітірген, Тараз қаласындағы авиация бөлімінде қызмет етеді. Қазір аға лейтенант. Қарулы Күштер қатарында үш әпке-қарындасым келісімшарт бойынша қызмет етіп жүр. Әулиетіміздің күйеу балалары да әскери қызметте. Менің ұлдарым да осы саланы таңдап отыр. Демек ел армиясы қатарында Марданов тегін алған әскери қыметшілер көп деуге болады, – дейді кейіпкеріміз.
Әскери қызметтің соңғы жылы Нұршад үшін тосын жаңалыққа толы болды. Соның бірі – «Мерейлі отбасы» жалпыәскерлік байқауында бірінші орынға ие болуы. Осы конкурсқа оның кандидатурасын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс істеу қызметі ұсыныпты. Бұл жайында кейіпкеріміз: «Отбасылық байқауда І орынға ие болуымыз отбасымның үлкен жетістігі деп білемін. Жеңіс тұғырынан көрінуімізге әйелім себепкер болғанын айта кеткім келеді. Жалпы әйелім мені барлық жағынан қолдайды. Екеуміздің арамызда түсіністік пен шынайылық сезім бар. Менің ойымша, біздің отбасымыз ынтымағы жарасқан берік шаңырақ иелерінің қатарына жатады», деді.
Жалпы бұл отбасында еліміздің Қарулы Күштері саласында еңбек сіңіріп жүрген жандар жетерлік. Олардың еңбек жолын да, отбасылық өнегесін де елге үлгі ретінде айтуға әбден болады. Мұны әріптестері де жоғары бағалайды.
– Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің сержанты, 3-сыныпты сержант Нұршад Марданов үлгілі әскери қызметші. Ол қызметте қаншалықты жауапты маман болса, үйінде соншалықты сенімді жар, қамқор әке. Сондықтан біз бұл отбасының кандидатурасын байқауға көп ойланбастан ұсындық, – дейді бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрғали Ақылбаев.
ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовпен жеке кездесуі де әскери қызметкер үшін зейнеткерлікке шығар алдындағы ең ізгі құрметтің бірі болды. Кездесуде Руслан Фатихұлы мерейлі отбасының отағасына құрмет көрсетіп, жылы сөздерін арнады.
Жақында Нұршад пен Айнұр он төрт жасар қызы Әнел мен сегіз жасар ұлы Эмирді алып Луговой гарнизонынан көшіп кетті. Отбасы алдымен Ташқарасуда шамалы аялдады. Таяуда Нұршад ата-анасымен, отбасымен Алматы облысының іргесіндегі Байсерке ауылына көшіп келіп, сол жерден үй сала бастады.
– Қазір ата-анам қолымда. Оларға қолымнан келгенше қамқорлық жасағым келеді. Ұлдарым Нұрсәлім мен Заир әскери оқу орындарында білім алуда. Үлкен қызым Сәлима тұрмыста, бөлек тұрады, екі ұлы бар. Ата-анам, отбасым болмаса, тұлға ретінде қалыптаса алмас едім. Өмірде де, қызметте де табысқа жетуім екіталай еді. Сондықтан қалған ғұмырымды жақындарыма арнағым келеді, – дейді Н.Марданов.
Кейіпкеріміз қай ортада болмасын сыйлы. Командирлері мен әріптестері оны әрқашан бағалайтын және құрметтейтін. Тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әскери бөлімде қызметін жалғастыруға ұсыныс түскен.
Нұршад жиырма жылдан астам өмірін арнаған әскери қызметті сағынатынын жасырмады. Әскер Нұршадты көп нәрсеге баулыған. Өзін-өзі ұстауға, тәртіптілікке, адамдарды түсінуге, олармен тіл табыса білуге үйреткен. Өмірінің бұл бөлігін жүрегінен жұлып алу мүмкін емес. Сондықтан зейнеткер Байсерке ауылындағы үйді салып бітірісімен әскери бөлімге қайта барып, жұмыс істеуді жоспарлап отыр екен.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала
Сарбаздар несие рәсімдей ала ма?
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024