ҚАЗАҚСТАННЫҢ байыпты БАСТАМАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Әбу Дабиде өткен әлемдік саясат жөніндегі конференцияда Қазақстанның өзекті өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудегі негізгі тәсілдерін ұсынды.
«Халықаралық жүйе жаһандану мен дезинтеграция арасында: қай күш басым болады?» тақырыбында өткен конференцияға Еуропа, Азия, Африка мен Америка елдері үкіметтерінің, жетекші талдау орталықтарының және халықаралық компаниялардың 200-ден астам өкілі қатысты.
Қазақстандық дипломат өзгермелі геосаяси конфигурацияға қатысты Еуразиядағы көзқарастарға арналған сессияда сөйлеген сөзінде еліміздің БҰҰ Жарғысына, оның негізгі қағидаттарын сақтауға, оның ішінде, ең алдымен, аумақтық тұтастықты, шекаралардың мызғымастығын және мемлекеттердің егемендігін құрметтеуге бейілділігін атап өтті. Қазақстан халықаралық қақтығыстар мен қайшылықтар дәл осы негізде өз шешімін табу қажет деп санайды.
Модератордың сұрақтарына жауап бере отырып, Р.Василенко Қазақстанның Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісімнің тезірек жасалуына және олардың арасында әрі тұтастай алғанда осы аймақта сенім мен ынтымақтастық атмосферасын орнатуға мүдделі екенін, бұл өз кезегінде Оңтүстік Кавказдағы көлік коммуникацияларын одан әрі ашуға және бұғаттаудан шығаруға ықпал ететінін айтты. Оның ойынша, бұл Қазақстанның, Азия және Еуропа елдерінің мүдделеріне сай келетін Транскаспий көлік бағытын (ТККБ) – Орта дәлізді одан әрі қарқынды дамытуға оң әсерін тигізеді.
Пікірталас барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Орталық Азиядағы және оның төңірегіндегі ахуалдың дамуына әсер ететін өзара байланысты үш трендті атап айтты.
Мәселе, біріншіден, жаһандық жылынудан туындаған әлеуметтік-экономикалық және экологиялық қауіпсіздік саласындағы және Ауғанстандағы ахуалдың қатерлеріне байланысты саяси қауіпсіздік проблемаларының сақталуында. Екіншіден, осы сын-қатерлерге жауап беруде, әлемдік саясатта аймақтың субъектіліктің жоғарылауына әкелетін Орталық Азия мемлекеттерінің дамып келе жатқан және тығыз ынтымақтастығында. Үшіншіден, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ, Түркия және араб мемлекеттері сияқты сынды сыртқы факторлардың аймақ елдерімен екіжақты және көпжақты форматтарда белсендірек араласуы және өзара әрекеттесуінде. Қазіргі уақытта «Орталық Азия плюс» форматында халықаралық серіктестермен 11 диалог алаңы бар екені аталып өтті.
Конференция аясында қазақстандық дипломат IFRI-дің негізін қалаушысы әрі директоры Тьерри де Монбриальмен кездесу өткізіп, Франция Президенті Эмманюэль Макронның таяуда жасаған Астанаға ресми сапарының қорытындыларын және осы беделді француз сараптама орталығымен, атап айтқанда Қазақстан Президентінің келесі жылы Парижге жаңа сапарын дайындау аясында одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала