Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Kaspi Жұма» халыққа тиімді ме?

«Kaspi Жұма»  халыққа тиімді ме?
ашық дереккөз
«Kaspi Жұма» халыққа тиімді ме?
Бүгінде түрлі тауарларға қатысты бүкілхалықтық сатып алу науқаны сауда нарығындағы мереке іспетті болып барады. Өйткені бұл еліміздегі маңызды оқиғаның біріне айналып отыр. Мұндай кезде жұртшылық тұрмыс жағдайын жеңілдетуге арналған және басқа да адам өмірін жақсартуға қатысы бар заттарды тиімді бағада сатып алады. Бұл өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлердің қызмет көрсету ауқымын, тауарларды сату көлемін арттырады. Осының арқасында елімізде жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылуда. Дегенмен көпшілік айтып жүрген бүкілхалықтық сатып алу науқаны шынымен де тиімді ме? Әлде бұл бір маркетингтік тактика ма? Былай қарасаңыз сатып алушы да, сатушы да дән риза. 100 мыңнан астам дүкен осы тиімді сауда басталғанда әжептәуір жетістікке жетіп, сауда көлемін арттыратын көрінеді. Өткен аптада ғана елімізде дәстүрлі тоғызыншы «Kaspi Жұма» бүкілхалықтық тиімді сауда-саттық науқаны өтті. Күзде әдетте қазақстандықтар қыстық киім-кешек, көліктің доңғалағын, жылыту пештерін, қысқы спорт тауарларын, үйге қажетті тұрмыстық техника секілді қажетті заттарды сатып алады екен. Үш күнге жалғасқан жеңілдікті пайдалануға тырысқан тұтынушылар дүкендерден қалаған затын сатып алып, сауданың көркін қыздырды. Нақты ақшаға сауда жасағаны некен-саяқ, ал жұрттың дені екі-үш жылға банктерге кіріптар болып қалды. «Kaspi Жұма» науқанына «Adidas», «Euromebel», «Glasman», «Kimex», «Lucente», «Marwin», «Mon Amie», «Sulpak», «Zeta», «12 месяцев», «Қазақювелир», «Комфорт», «Мечта» сияқты белгілі брендтер және басқа да еліміздегі барша ірі сауда дүкендері қатысты. – Біздің сүйікті клиенттеріміз үшін тиімді зат сатып алу акциясы – «Kaspi Жұма» күз айында қайта өтті. Жазда өткізген науқанда сатылым көлемі біз ойлаған жоспардан да асып түсті. Күзгі «Kaspi Жұмаға» одан да жақсы дайындалдық. «Kaspi.kz» интернет-дүкенінде қазірдің өзінде 2,5 миллион тауарды тегін жеткізу қызметі ұсынылған. Бүкіл еліміз бойынша 100 мың үздік дүкен сатып алушыларды күтеді. Сүйікті клиенттеріміздің тиімді бағада тауар сатып алуына, ал серіктестеріміздің саудада керемет жетістікке жетуіне тілектеспіз, – деді «Kaspi.kz» компаниясына иелік ететін Михаил Ломтадзе. Айтса айтқандай-ақ жаз айында өткен сегізінші «Kaspi Жұма» науқаны рекорд жасаған болатын. Сол жолы 1 миллионнан астам қазақстандық 2 миллионға жуық түрлі тауар сатып алды. Сөйтіп отандық компаниялардың сатылым көлемі рекордтық 302 миллиард теңге болған еді. Бұл жолы әлі қорытынды шықпапты. – «Ақ отау», «Несібелі» жиһаз дүкендері отандық өндіріске басымдық береді. Яғни өзіміздің өнімді сатылымға шығарады. Бізде жұмсақ жиһаздар, яғни, матрастар, төсектер және дивандар бар. «Kaspi Жұмаға» біздің қатысуымыз бірінші рет емес. «Kaspi Жұма» акциясы өткен күндері біздің саудамыз 2-3 есеге артады. Бұл науқан өзімізді бренд ретінде ұсыну үшін, отандық өнім ретінде ары қарай өсу үшін тиімді, – деді «Несібелі» дүкенінің сатып алу бөлімінің аға менеджері Ләззат Қоңырова. Ал «Monаmie.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлшек сауда желісін дамыту жөніндегі менеджері Нұрғали Абдуллаевтың айтуынша, Қазақстан бойынша серіктестікке қарасты 29 дүкен бар. Оған қоса тағы да бір интернет-дүкен жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Н.Абдуллаев: «Аталған дүкендер үлкен ассортиментке ие. Онда парфюмериялық, косметикалық брендтер бар. Биыл өте үлкен іс атқардық. Ассортименттер қатарына 60-тан аса жаңа брендтер енгіздік. «Kaspi Жұманы» біз өте қатты бағалаймыз. Бізге сауда-саттық жасаудың осы тәсілі ерекше ұнайды, бұл – үлкен науқан. Содан кейін біз оған алдын ала, нақты дайындаламыз», деді. Иә, сауда дүкендеріне, сатушыларға бұл тәсіл өте тиімді екені айтпаса да түсінікті. Олардың саудасы әдеттегіден үш есе қарқынмен жүреді. Осы арқылы бір жылға жетер қорын жинап алды десек те болады. Ал сатып алушылар не ойлайды, біз осыған да назар аудардық. – Мен үшін бұл науқан өте тиімді. Тауарды қарызға алып тұрғанымды, үстіне үстеме баға қосылатынын жақсы білемін. Есептеп те көрдім. Жеңілдік күндері басталмай тұрып менің алайын деп тұрған үстелім 170 мың теңге, орындық 16 мың теңгеден саудаланған. Жеңілдік бастала салысымен үстелдің бағасы 200 мың, орындық 20 мың теңгеге көтерілді. Қазақ болған соң жиі қонақ шақырамыз, адам саны да көп болады. Сол үшін мол дастарқан жайғанға үлкен үстел, 20 шақты орындық сатып алдым. Бөліп төлеу ыңғайлы болғандықтан, тауарды тегін алғандай болдым. Несие тарихымды бұзып алмас үшін берешегімді ай сайын екі жыл бойы уақытында өтеуге тырысамын. Мұндай мүмкіндік берілгеніне де шүкір. Бір жағы маған бұл – мотивация. Үйімнің іші де жайнап шыға келді. Балаларым да мәре-сәре болып жатыр. Осы акцияны ойлап тапқан адамның атасына мың рақмет айтамын, – дейді қала тұрғыны Рано Күзенбаева. Адамдардың пікірі сан алуан. Біреу қуанып, жеңілдікке масаттанып жатса, екінші біреу халықты есепсіз қарызға кірмеуге шақырады. Әріптесіміз, журналист Жалғас Саңғыл акцияны «жеңілдік» емес, керісінше халықты тонау деп санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жеңілдік дегендер тауарға қосар бағасын қосып болып, соның үстіндегі үстемеге берілетін маркетингтік тактика екен. – Адамдарға «жеңілдік», «бөліп төлеу» деген сөздер қатты ұнайды. Бір күн бұрын «iPhone 14» маркалы телефонның бағасы 369 мың теңге еді. «Kaspi Жұма» басталғалы оның бағасы 406 мың теңге болып тұр. Бірақ естуімше, «Kaspi.kz» дүкендерден «Kaspi Жұма» уақытында 5-10 пайызға артық процент ұстайды. Бәлкім тауар бағаларының қымбаттауына көп себептің бірі осы. «30-40 пайыз жеңілдік» дегенге мүлде сенбеймін. Себебі, аспандағы бағаны жазып қойып, оны сызып тастап өзінің бұрынғы жеңілдіксіз бағасын жазып қояды. Халық сеніп соған ұрынады, – дейді ол. Аталған үш күнде курьер қызметіндегілердің де жұмысы тәуір жүрді. Нақты айтсақ, жеткізу қызметтерінің де жұмысы жанданды. Тапсырысты сатып алушының үйіне немесе жақын маңдағы «Kaspi Postamat»-қа жеткізеді. «Kaspi Postamat» бүкіл ел аумағына орнатылған және курьерді күтпестен, сатып алған затты ыңғайлы уақытта алып кетуге болады. Десек те, қаржы мамандарының пайымдауынша, шынтуайтында, бұл жеңілдіктердің артында үлкен қулық жатады. Халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше ұтылады. «Жеңілдік» деген сөз адамға айрықша әсер ететінін біздің сауда орталықтары жақсы білетіндіктен, олар ең алдымен заттың бағасын қолдан екі есе көтеріп, артынан бастапқы бағасына төмендетеді. Жалпы жеңілдік деген не? Акцияның қандай түрлері бар? Барлық дүкендердегі Жаңа жыл, Наурыз мерекесі қарсаңындағы айтулы жеңілдіктер шынымен халыққа тиімді ме? Экономикалық тілде жеңілдік – сатып алу және сату келісімінің жағдайлары, оларда тауардың келісімде көрсетілген бастапқы немесе базистік бағасын кеміту мөлшері белгіленеді деп көрсетілген. Сауда айналымында бұл жеңілдік жай, күрделі және сериялы жеңілдіктерге бөлінеді. Жай жеңілдік кезінде сатып алушы төлейтін іс жүзіндегі баға бастапқы бағаның тұтастай белгілі бір пайызға немесе белгілі бір сомаға бір жолғы кемітілуі арқылы белігіленеді. Күрделі жеңілдік бағаның бірнеше рет кемітілуі арқылы жүзеге асырылады. Бізде халықтың құлағын елең еткізетін жеңілдіктің ең дамыған бір түрі – «бір зат алсаң, екіншісі тегін» деген тәсіл. Мұны маркетологтер «1+1» акциясы деп атайды. Ал мамандар тегін затты «тарту» ететіндер туралы оң көзқараста емес. Мұндай «жомарттықты» экономистер де жақтырмайды. Сондай жанның бірі – қаржы маманы Айсана Тымбаева. – Мұндай жеңілдік айтулы мерекелер жақындағанда, әсіресе жылдың соңында, Жаңа жыл мерекесіне орай өте көп өткізіледі. Өтпей тұрған тауарды қыстырып, «бір аяқ киім алсаң белдік, не басқа да аксессуарлар тегін» деп өткізіп жібереді. Кейбір дүкендерде жыл он екі ай 70 пайыз жеңілдік жүреді. Қарап бағамдап көрсеңіз болады. Ол не қылған батпан құйрық? Үстіне артық баға қосылып, екі заттың бағасы шығып тұрғандықтан солай сатады. Сосын, жыл соңында шығынмен, қарызбен, қалған тауармен отырғысы келмейді. Сондықтан осындай тәсіл ұсынады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Әуелден-ақ адам баласына тегін берілетін заттың бәрі қуаныш сыйлайды. Айталық, кейін қолдану-қолданбауыңыз белгісіз SIM-карта берсе де, сыйлық деп мәз болуыңыз мүмкін. Осылайша «жанында қосымша сыйы бар екен» деп аса қажет емес тауарды алып қоюыңыз мүмкін. Маркетологтар адам психологиясын өте жақсы біледі, – дейді А.Тымбаева. Нарықта бәсекекелестік дами бастағалы маркетингтік тәсілдің түр-түрі шықты. Жоғарыда атап өткеніміздей «1+1» секілді жұмсақ жарнама көрсеңіз «Consumer Promotion» деп біліңіз. Яғни, тұтынушылық маркетингтің бір түрі. Бұл дегеніміз жарнаманың ішіндегі жеке бір бағыт. «Консьюмер промоушн» арқылы клиент әлдебір тауар не қызметті ешқандай қысымсыз, көңіл қалауымен алады. Яғни, тұтынушыға түрлі тиімді ұсыныс айтып, соның есебінен әлгіндей әсер туындайды. Бұл заманауи әрі тиімді тәсілдің негізінде адам психологиясы жатыр. Осы жерде мынадай салыстырма жасап көрсек болады. Сізге шаңсорғыш сататын компания күніне бірнеше рет қоңырау шалып, өнімін сатып алуға шақырады. Әр кезде әртүрлі нөмірмен хабарласатын компанияның мазаңызды алатынына ашуланасыз. Өнімін мақтап уақытыңызды алатынын, «енді хабарласпаңыз, алмаймын» десеңіз де тыңдамай қайта қоңырау шалатыны тіпті ұнамайды. Жақсы өнім болса да, әлгіндей жарнамадан соң ол компания туралы ойыңыз жақсы болмауы мүмкін. Сол секілді адамға жағымды әсер беретін жарнаманың да әдісі бар. Сіз дүкен аралап жүрсіз. «2 зат алсаң, үшіншісі тегін» деген жазу көріп қалдыңыз. Ешкім сізді «мынаны қалайда ал» деп қинап жатқан жоқ. Бірақ ұсыныстары тиімді секілді көрінді. Онсыз да бір зат алдыңыз, үйге не өзіңізге керек бір затты қоса алайын деуіңіз мүмкін. Бұл жағдайда қысым жоқ. Егер қажет болмаса, онда ұсынысты қабыл алмай, керек затты аласыз да, шығып кете бересіз. Яғни клиентте таңдау құқығы бар. Бүкілхалықтық тиімді сауда да тура сондай. Ешкімді «ал» деп қинамайды. Өз қалауыңызбен керегіңізді аласыз. Таңдау еркі бар. Алсаңыз да, алмасаңыз да өзіңіз білесіз. Елімізде әлі де әр жұма сайын үлкен дүкендерде «Жомарт жұма», «Жасыл жұма», «Қара жұма» деген атпен жеңілдіктер өтіп тұрады. Кейде түнгі жеңілдіктер де қарастырылған. Не десе де қазақ үшін қасиетті жұманың өзіндік орны бар. Маркетологтар осы тұста ұтты десек те болады. Бұл күні шелпегін пісіріп, ата-баба әруағына құран бағыштап, жұма намазын оқитын игі мұсылман үшін «Жұма мүбарак болсын!» деуші едік. Енді «Жұмадағы жеңілдік құтты болсын!» дейтін жағдайға жеттік. Не болса да бәрі қайырымен болсын! Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар