Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Техника жаңармай, тірлік алға баспайды

Техника жаңармай,  тірлік алға баспайды
ашық дереккөз
Техника жаңармай, тірлік алға баспайды
Облыс диқандары биыл шама-шарқынша егін егіп, оны ала жаздай күтіп-баптады. Алайда вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығы туындап, салдарынан аңқасы кепкен кейбір алқаптағы дақылдар күйіп кетті. Осыған орай облыстың бірқатар аудандарында төтенше жағдай жарияланып, шығынға батқан шаруаларға қазіргі таңда өтемақы төленуде. Ал егін бітік шығып, судан тарықпаған өскіндер ойдағыдай өнім беруде. Бұл жөнінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында сөз болды. Онда өңірде ауылшаруашылық дақылдарын жинау науқаны қай деңгейде өтіп жатқаны талқыланды. Жиында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков баяндама жасады. Аталған басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың қорытындысымен ауылшаруашылық өнімдері 535,7 миллиард теңге көлемінде, 93,1 пайыз деңгейде орындалады деп күтілген екен. Оның ішінде өсімдікшаруашылығы – 316,3 миллиард теңге, (87 пайыз), малшаруашылығы 219,3 миллиард теңге (102,0 пайыз) көлеміне жетіпті. Жалпы биыл ауылшаруашылық дақылдары облыста 762,5 мың гектар алқапқа егілген. Тарқатып айтсақ, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 407,3 мың, майлы дақылдар 65,6 мың, қант қызылшасы 10,9 мың, картоп 11,4 мың гектарға отырғызылған. Сондай-ақ көкөніс дақылдары 43,1 мың, бақша дақылдары 16,7 мың, мал азығы дақылдары 207,6 мың гектарды құраған. Алайда ауа райының қолайсыздығынан және суармалы судың жетіспеу салдарынан жалпы 15,1 мың гектар алқап жарамсыздыққа ұшырапты. – Егілген 386,1 мың гектар дәнді-масақты дақылдардың 5,9 мың гектар алқабы күйіп кетті. Нақтылап өтсем, Т.Рысқұлов ауданында 5 349 гектар, Сарысуда 530 гектар жарамсыз болып қалды. Ал 380,3 мың гектар алқаптың егіні орылып, барлығы 363,2 мың тонна дән бастырылды. Ауылшаруашылығы дақылдарының бункерлік салмақта орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерді құрады. Сонымен қатар 11,4 мың гектар картоп дақылының 24,5 гектар алқабы жарамай қалса (Байзақта 24,5 гектар), қалған 10,3 мың гектары түгелдей, яғни 100 пайыз жиналды. Нәтижесінде өнімділігі 226,8 центнерден айналып, барлығы 257,2 мың тонна өнім алынды. Ал 43,1 мың гектар көкөніс дақылдарының 161 гектар алқабы жарамсыздыққа ұшырағанымен, 42,9 мың гектардың өнімі түгел жиналды. Осылайша орташа өнімділігі гектарына 275 центнерді құрайтын 1 181,4 мың тонна өнімге қол жеткізілді. Сондай-ақ 19,6 мың гектар дәндік жүгері дақылдарының 2 780,3 гектар алқабы жарамай қалды. Атап айтқанда, Байзақта 614, Қордайда 2856, Меркіде 167,7, Таласта 35 және Шу ауданында 71,9 гектар шығынға ұшырады. Дәндік жүгері дақылдары бойынша барлығы 15,7 мың гектар өнім жиналып, нәтиже 84,8 пайызды құрады. Жалпы түсімі – 85,3 мың тонна.
Майлы дақылдарға келсек, 65,6 мың гектар алқаптың жарамсыздыққа ұшырауы – 1 300 гектар. Т.Рысқұлов ауданында жарамсыз болып қалған аталған алқапты айтпағанда, қалған 64,3 мың гектардың егіні жиналды. Жалпы өнім – 41,1 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 6,4 центнерді көрсетіп отыр. Бақша дақылдары бойынша айтар болсақ, 16,8 мың гектардың 26 гектар алқабы жарамсыздыққа ұшырап, қалған 16,7 мың гектар 100 пайыз жиналып, барлығы 446,3 мың тонна өнім алынды. Осы жылдың өніміне егілген 10,9 мың гектар қант қызылшасы дақылының ауа райының қолайсыздығына байланысты 6,2 мың гектары жарамай қалды. Нақтылап өтсек, Байзақ ауданында – 756 гектар, Жамбылда – 849, Жуалыда – 14, Қордайда – 332, Меркіде – 1334,6, Т.Рысқұлов ауданында – 439,6, Таласта – 62 және Шуда 2432 гектар алқап жарамай қалды. Нәтижесінде 4,6 мың гектар қант қызылшасының 2,5 мың гектардан астамы жиналды. Бұл көрсеткіш 53,9 пайызды құрап отыр. Қант қызылшасы бойынша барлығы 119,8 мың тонна өнім алынып, оның 114,1 мың тоннадан астамы қант зауытына өткізілді, – деді Нұрби Рахметханұлы. Сондай-ақ басқарма басшысы 2023-2024 жылғы мал қыстату науқанына облыс бойынша 2,6 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланғанын жеткізді. Есепті кезең бойынша жоспар 100,4 пайызға орындалыпты. Оның ішінде, пішен – 2 104,6 мың тонна, пішендеме – 87,3 мың тонна, сабан – 4 13,5 мың тонна, сүрлем – 1 мың тонна немесе 100 пайызды құраған. Қазіргі таңда мал азығын дайындау жұмыстары толығымен аяқталған. Күзгі дала жұмыстарына барлығы 10 063 техника жұмылдырылуда. Оның ішінде 4 570 трактор, 1105 соқа, 461 қопсытқыш, 3927 басқа да техникалар бар. Егін жинау жұмыстарына 15,7 мың тонна дизель отыны бөлініп, әр литрінің бағасы 250 теңгені құрапты. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге 5,1 мың тоннасы таратылған. Сондай-ақ 2024 жылдың өнімі үшін 161,5 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егу жоспарланып, оның 161,6 мың гектары орналастырылған. Келесі жылдың өніміне 310,4 мың гектар сүдігер жыртылған. Оның ішінде қант қызылшасы дақылының үлесі 1,6 мың гектарды құрап отыр екен. Баяндамашының есебін тыңдаған облыс әкімі басқарма басшысы мен аудан әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктеді. – Ең маңызды мәселелердің бірі – су тапшылығына байланысты шаруаларға берілетін өтемақыны қатаң қадағалау. Төтенше жағдай жарияланып, фермерлер үшін арнайы бөлініп отырған қаражат қажет жанға жеткені жөн. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі техникаларды жаңарту қажет. Әсіресе көкөніс сақтайтын қоймалар мәселесіне мән берген жөн. Бұл ретте Солтүстік Қазақстанның тәжірибесін пайдалансаңыздар болады. Жалпы қойма салған шаруаларға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі, осыны қолға алам деген шаруалардың тізімін жасақтау керек. Тағы бір айта кетер жайт, жергілікті жердегі мәселені сол жердің әкімі шешу керек. Мен облыс әкімі болып тағайындалғалы тұрғындармен жиі кездесу өткізіп жүрмін. Сонда ауданнан, ауылдан тұрғындар келіп, мәселесін шешіп беруімді өтінеді. Мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын айтып, неліктен жергілікті жердегі әкімге бармайтынын сұрасам, «қабылдамайды» деп жауап береді. Сонда аудан, ауыл әкімдері бір тұрғынның мәселесін шешіп бере алмаса, несіне басшы болып отыр? Бұл дұрыс емес. Тұрғындардың мәселесін шешуді дұрыстап қолға алыңыздар, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жалпы күзгі дала жұмыстарының барысы тұрақты бақылауға алынып, қалыпты жағдайда жүргізілуде. Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар