КӨҢІЛІМ КӨШКЕН ЕЛДІҢ ЖҰРТЫНДАЙ ҚҰЛАЗИДЫ
Қарымды қаламгер, жазушы, журналист, драматург Болат Бекжанов егер тірі болғанда 4 қараша күні 65 жасқа толар еді. Амал қанша, сұм ажал атпал азаматты арамыздан тым ерте алып кетті. Алайда ол кісінің жарқын бейнесі мен ілкімді істері біздің көкейімізде мәңгі сақталып қалды. Әсіресе, «AR-AI» жастар басылымын ашып, еліміздегі беделді басылымдардың қатарына қосудағы, журналистика саласында ізбасарлар дайындаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Жайсаң жан туралы көзін көрген буынның да сағынышқа толы сөздерінен көңілге көп ой түйеміз. Біз бүгін жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлының Болат Бекжанов туралы жазған естелігін сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
Редакциядан
І.
Екеуміз бала кезден құлын-тайдай тебісіп бірге өсіп едік.
Екеуміздің сырымыз да, жырымыз да, тағдырымыз да ұқсас болды.
Бізде Алатаудай әке, Қаратаудай аға болған жоқ.
«Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» дейді халқымыз. Сол сияқты ешкімнің көмектеспесіне көзіміз жеткен соң, түңілдік те жетілдік.
«Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» дегенді де біздің халық айтқан. Жоқ-жітігіміз сыр беріп, кейбір шаруамыз жүрмей, кейбір тірлігіміз өнбей, тағдыр деген тарпаң айтқанымызға көнбей жатса да мыңқ демедік.
Өйткені қасқыр сияқты өз жарамызды өзіміз жалап, жазып алуды да үйрендік.
Өнерге жастайыңнан құштар едің. Сірә, ол қасиетің қаныңа анаң Сейсекүл апамнан ауысқан болу керек. Ол кісі де өнерлі еді ғой, жарықтық. Ағайындардың тарихын жатқа айтып, бірер шумақ өлеңді жүн түтіп отырып-ақ шығара салатын.
Апамның сол өлең шығарып, ән айтатыны саған да қонып, Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстің. Одан соң Жамбыл облыстық қазақ драма театрына келіп, жазушы, драматург Әлдихан аға Қалдыбаевтің «Шаншар атай» деп аталатын пьесасындағы Санатбай деген баланың рөлін ойнап тастадың.
Мұнымен де шектелмей туған ауылыңа барып, мәдениет үйіне басшы болып, күштерін қайда жұмсарын білмей қор болып жүрген жастардың басын қосып, халық театрын өркендеттің. Керемет спектакльдерің сол тұста ауыл адамдарының аузында жүрді.
Бұған да тоқмейілсімей, енді Алматы аттанып, ҚазМҰУ-дің (ол кезде КазГУ дейтін) журналистика факультетін сырттай бітіріп, Жамбыл телеарнасына редактор болып орналастың.
Қазіргі Жамбыл облыстық «AR-AI» газетінің алғашқы нөмірін шығарып, оған кіл жастарды жиып, бір ізге салып кеттің. Оныңды да ешкім жоққа шығара алмайды.
Ең соңында...(ең соңында деген қандай жаман сөз еді)
Ең соңында...
Өзіңді алғаш рет өнер жолына түсірген Жамбыл облыстық қазақ драма театрына директор болып келдің. Көптеген драматургтердің пьесаларын сахнаға шығардың. Өзің де үлес қостың. Биылғы маусымды ашқан «Айша бибің» соның айғағы.
Дүниеге қош-қош айтарыңнан бір апта бұрын ба екен, Әмина екеуміз үйіңе барып көңіліңді сұрадық. Әзілдесіп отырдық. Баяғы қалжыңдарымызды, Спандияр ағамызды еске алдық. Үшеуміз туралы жазғанымды оқыған екенсің, біраз күліп алдың...
«Әруақты бабалар,
Аталар қайда өлмесе-ай,
Ақ сүтін беріп өсірген,
Аналар қайда өлмесе-ай...», деп боздатушы еді ғой марқұм Аяз Бетбаев ағамыз. Сол боздау осы екен, Бөкем!
Сол күні үйіңде отырғанда ғой, «Мынаны оқып берші» деп қырық бетке жуық поэмаңды беріп едің.
Оқып шықтым. Оңалып алған соң айтсам ба деп жүр едім пікірімді, бірақ бейсенбіні бетке алып аталарымыз бен апаларымыздың соңынан асығыс жөнеп кетіпсің.
Айтпақшы кеше түс көргем. Түсімде арқалы ақын Серік Томанов екеуің жетектесіп жүр екенсің. Жамандыққа жорымап едім. Міне, қарашы енді...
ІІ.
Бөкем, сенің өнері асқан ағайынға деген елден ерек бауырмалдығың сол, менің Аманәлі деген ағамды менен де жақсы көретінсің, менен де көп еске алып, менен де көп әңгімелейтінсің.
Аманәлі екеуміздің бір әке, бір шешенің кіндігінен жаратылған бауыр екенімізді, бірақ екеуміздің Амангелді ауылындағы Айдарбек пен Сәттібай деген немере ағайынды екі шалдың қолында екі бөлек өскенімізді де менен жақсы білетінсің. Оның бәрін саған – ана, ал маған әпке болатын Сейсекүл апамыз айтып бергенін де білем. Ал Ойық ауылында тұратын, жеңгелері «Шопыр» деп атайтын Әлімбек пен Айсанның Аманәлі екеуміздің туған ата-анамыз екенін біліп тұрып білмегендей, сезіп тұрып сезбегендей күйде болатынсың.
Екі ағасының шаңырақтарының оты өшпесін деп екі ұлын екі ағасына бере салған Әлімбек көкең мен Айсан апаңа деген ризашылығыңды сезімге толы сөзіңмен жеткізетінсің. «Ауылға барған кезде Сейсекүл апамнан «екі баласын екі шаңыраққа бере салған Айсан апам қандай кісі өзі?» деп сұрасам: «Е, Айсан апаңды айтасың ба? Оның жүрегі мап-мамық құс жастықтай ғой, шіркін!» деді, деп менің көңілімді көтеріп қоюшы едің-ау. Көңілімді көтеріп қою бер жағы, ағайым Аманәлінің шығарған әндерін айтып беретінсің.
«Ар-Ай» газетіне бас редактор болып барғаныңда «Танылмаған таланттар» деген айдар ашып, журналист Мұхан Әбілқайырдың «Аманәлінің әні», композитор Мұхтар Рахманқұловтың «Ақиқатты Жағыпардың өзі айтар», менің туған інім Әшірәлі Кенжеғараевтің «Ақын, әнші, сазгер, сері еді...» деген естелік-эсселерін екі нөмірге («Ар-Ай», 30 наурыз және 6 сәуір, 2006 жыл) жарияладың.
Жарияладың да Жамбыл өңіріндегі жалпақ жұртқа Аманәлі Айдарбеков деген таланттың өнер деген аспан әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққанын жеткіздің. Жеткізіп қана қойған жоқсың, қыршынынан қиылған жас таланттың «Алдымызда үлкен қала Қарағанды» деп басталатын әннің (сөзімен қоса) авторы екенін дәлелдеп, жезқазғандық Жағыпар дегеннің «жиендік» жасағанынан мағлұмат бердің. Сол әнді досыңның алпыс жылдық мерейтойында «Көсемәлінің тойына Көсемәлінің ағасы Аманәлінің әні «Алматыны» тарту етейін» деп келіп:
«Алдымызда үлкен қала Алматы,
Студенттер қаласы ғой Алматы.
Онда жаңа би, қызды таңдап сүй,
Ешкім сенен ақы алмайды», деген әдемі әнмен «тост сөйлеп» тұрып алатындардан бөлекше кетіп, ағайындарды арқа-жарқа қуанышқа, көңілді ырғақты биге көміп жібергеніңді неге ұмытайын?
Сол өнерін өте жақсы көретін Аманәлі ағаңа да менен бұрын аттанып кете бардың ғой, Бөкем!
Не дейін! Не деуші едім, «Ініңіз Көсемәлі де Сіз сияқты сөз өнерін серік етті» дегейсің...
ІІІ.
Бөкем, Сені ойласам көз алдыма Сейсекүл апам келіп тұра қалады. Ошарлы отбасын жалғыз өзі жеткізді ғой. Сенің Сейсекүл апаң менің Бұлбике апам, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қиындық атаулыдан қаймықпайтын кейуаналар еді, ә.
Әлі есімде, қайбір жылы Талас өзенінің бойындағы Қоғылдың құйғанына жайлауға көшкеніміз. Мамыр айы туа терең сайдың бойын жағалай ақшаңқаны бар, қоңырқайы бар, қарақұрымдары да жетерлік, киіз үйлер қаптап кетпеуші ме еді. Біз сендермен көрші қоныстанғанбыз. Сабақты Амангелді ауылындағы мектепке барып келіп оқимыз. О кезде көлік қайда, үлкеніміз бар, кішіміз бар, жаяу-жалпылап жайлауға жететінбіз. Жол-жөнекей қаптай өскен қызғалдаққа жауша шабамыз. Одан жалықсақ жуа тереміз.
Бір күні сөйтіп ұбап-шұбап келе жатқанымызда жайлау жақтан қап-қара түтін бұрқ ете қалды. «Өрт!». «Біреудің үйі өртеніп жатыр!» «Кеттік, жүгіріңдер!» деген үнге ілесіп бәріміз алып-ұшып жетсек... Бөкем, сендердің киіз үйлерің екен өртеніп жатқан.
Ауылдың еңсесі түсті де кетті. Ол кездегі ағайын қиындықты қас-қабағымен де бөлісуші еді ғой. Сол күні түнде балаларға дейін жасырынбақ ойнамай, тып-тыныш ұйқыға жатты.
Бірақ қайыспаған бір ғана адам бар еді. Ол сенің анаң, менің әпкем Сейсекүл кейуана болатын. Қайсарлықтың үлгісі демей көр, бір айда өртенген үйдің орнынан керегесі бұрынғыдан да кең, шаңырағы бұрынғыдан да биік, киіздері (жабдықтары мен үзіктері һәм түндігі) бұрынғыдан да әппақ әдемі киіз үйді көрдік...
Мәңгілік жаңғыру мен жаңарудың үлгісіндей болған Феникс деген құс туралы аңыз бар еді ғой. Сол өзінің өлетінін алдын ала сезіп, өзін-өзі өртеп жібереді екен-дағы, лапылдаған оттан немесе ұшқындаған күлден қайта жаратылады екен. Біздің аталарымыз, ағаларымыз, апаларымыз, тоқ етерін айтқанда, бір атадан тараған өңкей ағайын-туған-бауырлар осы аңызды оқымай-ақ, білмей-ақ жасаушы еді ғой...
Сен де мынау жалған дүниенің опасыз екенін алдын ала сездің де жарқ етіп жанып, өз отауыңды тігіп, өз бейнеңді мәңгілікке қалыптастырып кеттің. Ол отау – әдебиетте прозаң, поэзияң, драматургияң, ал өнерде әнің мен сәнің болса, мынау бейопа тіршілікте бала-шағаңа, зәу-затыңа арнап ақ сарайдай қылып салып беріп кеткен үйің...
ІV.
Бала кезден бірге өскеніңді айтпағанда, әдебиетте де, өнерде де жұбың жазылмай қатар жүріп, ой бөлісіп, пікір алмасып, кейде тағдыр деген майдандағы жол тосқан қарау ниетті Батыраштардан жазықсыз теперіш көрген сәттеріңде мұңыңды бөлісіп жүрген досыңнан қапияда айырылған қиын болады екен, Болат өмірден өткелі көңілім құлазып, жан дүнием кәдімгідей қоңылтақсып қалды.
Қазақтың киіз үйінің беріктігі, шаңырағының асқақтығы оның табалдырығына, керегесі мен уығына байланысты болатыны сияқты, талантты тұлғалардың өнердегі тағдыры да оның туған топырағының қасиетіне табан тіреп, сондағы адамдардың туабітті шешендігіне, тапқырлығына, ел аузындағы ілгері-кейінгі шежірелерді жетік білетіндігіне алпыс екі тамырындағы қаны арқылы байланып тұрады. Төл әдебиетіміздің марқасқалары мен әлем әдебиетінің классиктерінің өзі мұндай құнарлы азықты бере алмайды.
Мен білетін Болат ауыл адамдарының айтқыштығынан нәр алып, оны өзі ары қарай дамытып, шығармаларына шебер пайдалана білетін. Әсіресе, Қанайбек көкем туралы әңгімелерінің тізгінін жіберген кезде, тыңдап отырған құрдастары, біз, көзімізден жас аққанша күлуші едік. Құдай берген актерлік шеберлігімен, ақын, жазушылық алғырлығымен ауыл әңгімелерін қаз-қалпында суреттегенде, өзің де сол оқиғаның куәгері болғандай, бір серпіліп қалатынсың.
Айтайын деп айтпайсың ғой, осындай жан дүниеңе жақын адамыңнан айырылып қалған сәтте еріксіз еске түседі.
Бала кезіміз. Кім айтқаны есімде жоқ, әй, дәу де болса Серік Томанов шығар, бір күні құлағыма «Болат өлең жазыпты...» деген «әңгіме» жетті. Сөйтсем «төртіншіде» ме, «бесіншіде» ме оқитын Бөкентайымыз класындағы бір қызға «ғашық» болып, өлең арнапты. Әлгі өлеңінің «сұмдығы» сол, әр жолының бас әріптерін құрастырып келіп жіберсең... «сүйіктісінің» аты шыға келеді екен. Қыздың аты Гүлжаһан ба, дәл қазір есімде жоқ, сол өлеңнің алғашқы үш жолы ойымда қалыпты.
Г-үлдей жайнап жүрдің сен,
Ү-міт күттім өзіңнен,
Л-әззат үнді сөзіңнен...
Осылай «Ж», «А» «Һ» және «Н» деген әріптерден басталатын сөздер балқұрақтай балауса өлеңге өзіндік өрнегін салып, шынашақтай Болаттың бала махаббатының сезімін білдіретін.
Ол кезде қызға өлең жазбақ тұрмақ, ғашық болу деген «ғылымның» не екенін білмейтін маған бас әріптерден «құралған» тапқырлық қатты тәнті етті. Талант деген сөздің бір аты «тапқырлық» қой, қатты қызықтым.
Жетпісінші жылдардың басында ма екен, біздің ауылдың жартысы түгел «ата-бабамыздың қонысына барып түтін түтетеміз» деп «Бестам» деген жерге көшті де кетті. Ол жердегі ауылды қазір Сейілбек ауылы деп атайды. Солармен бірге Болатын алып, Сейсекүл апам да кетті. Сөйтіп керемет өлеңімен таңқалдырған досымнан бір күнде көз жаздым да қалдым. Кейін есейіп аудандық, облыстық газеттерде қызмет етіп жүрген кезімде Болатпен тағдырым қайта тоқайласты. Бала кезде үйіміз көрші болса, әдебиет, өнер деген өлкеде жанымыз көрші болды. Талай қызықты да, шыжықты да бастан кештік. Болат өмірден де, өнерден де өз орнын тапты. Прозасы, поэзиясы, драматургиясы, режиссурасы, композиторлығы бар, бәріне үлгеріп, солардың әрқайсысына әз жүрегінің өз әуенін, өз дірілін қалдырып кетті.
Амангелді ауылынан Болаттың ағайындары «Жәдік көлім, қайдасың?» деп бірер жылдың бедерінде (Боран жездемнен басқасы) түгел үдере көшіп кеткенде жұрттарында қаңырап қалған үйлерді көріп бір мұңайып қалып едім, мына өмір атты өлкенің де мәңгілік емес екеніне көзімді тағы бір рет жеткізіп, жедел жөнеп кеткен кезде Бөкентайымды іздеп көңілім тағы да шөнжіп, тағы да шөгіп қалды.
Менің Сәттібай атамды, Бұлбике апамды, өзің жақсы көретін Аманәлі ағамды, Сейсекүл анаңды көрсең, дұғай-дұғай сәлем айт! «Мен кетіп бара жатқанда жүрген етін сол итшілеп, көре алмайтын жаулары көп қой оның да» деп қой, өзіңе тән қалжыңыңа салып. Екеуміздің қалжыңымызды кейбір тоңмойын ағайындар түсіне бермеуші еді ғой...
Ал, Бөкем, өзіңді ойлап көңілім көшкен елдің жұртындай құлазып отырмын. Бірақ қанша өкінгеніңмен Алланың ісіне амалың бар ма? Өзің жайлы айтарым көп еді, бірақ қазір оны шұқшиып оқып отыратын адам бар ма? Кітап оқығандарды көрсе, күлетін заман болып тұр ғой. Сондықтан сай-сүйекті сырқырата бермей өзіңді жоқтаған жан дүниемнің гөй-гөйі мен беу-беуін осымен доғарайын да, екеуміздің жастығымыз бен достығымыздың куәсіндей болған бір-екі оқиғаны жұртқа айтып берейін.
«ӘБИЗӘТІЛНІ» ЖАҒЫП ҚОЙДЫМ»...
Спандияр (Мұқышев) көкем қызық адам еді. Байқамай бірдеңе деп қояды да, «әй, осы айтқаным дұрыс па, бұрыс па?» дегендей, қасында сөзін тыңдап келе жатқан сенің бетіңе жалт қарайтын.
Алматыда пәтер жалдап тұрып жатқанбыз. Бәріміз ауылда өсіп, ауылда оқығанбыз. Орысшамыз әскерге барып келсек те оңала қоймаған. Бірақ, соған қарамастан, өзімізше орысша араластырып сөйлейтініміз бар.
Бір күні бізден үш-төрт жас үлкендігіне қарамастан Спандияр көкем «бір мезгіл таза ауа кірсін да» деп, пәтердің есігін шалқасынан ашып тастады. Сосын «мына жер ыбырсып кетті ғой тегі» деп аяқ-табақтарды жалтыратып жууға кірісті. Жұмыс істеп жатқан адамның қасында жұмыссыз жатқан адам қашанда кінәлі болатын әдеті ғой, біз - інілері көкемізден ұрыс естіп қалмау үшін аяғымыздың ұшынан басып жүрміз.
Бір кезде Болат болуы керек қарап тұрмай:
– Мына газды кім жағып қойған? – деп, өшірейін деп жатыр еді, Спандияр көкем:
– Тиме, мен оны «әбизәтілні» жағып қойдым, – дегені.
Болат «Не дейсіз?» дегендей Спекеңе қарап қалыпты. Мына жақтан мен де басымды көтердім.
Жаңа ғана ыбырсыған үйді өзі бастап жинап, өзі бастап жуып, інілерінің алдында әжептәуір бедел жиып, дүрдиіп тұрған көкеміз көзі бақырайып, кішірейді де қалды. Сасқанынан «Әбизәтілні» деуші ме еді, қалай деуші еді?» деп, мысы да мүлде басылып қалғаны.
«Бұл жерге қандай сөзді қолданушы еді?» деп, мен де ойланып қалыппын. Осылай бір-бірімізге қарап тұра берер ме едік, бір уақытта Болат:
– «Специально» жағып қойдым десейші, – деп, көкемізді құтқарып алды.
«РЕКАТА, РАКАТА, РИКАТА...»
Бірақ Спекеңе бұл оқиға «сабақ» болмаған сияқты. Қыс айы болатын. Сабаққа бара жатып күнде құрылыс нысанының қасынан өтеміз.
Бір күні біз жүретін жалғыз аяқжолдың қасына құрылысшылар калорифер қойып, соның жалынымен нысанның ішін жылытып жатыр екен. Түтігінен жалын шашқан әлгі бәле гүрілдеп тұр. Біз бір қарап өтіп бара жатқанбыз. Бірақ Спекең:
– Реката сияқты екен, ә, – деп «тарс» еткізгені.
Болат екеуміз бір-бірімізге қарап тұрдық та қалдық. Спекең айтқан сөздің дұрыс, бұрыстығын табан астында біле алмай далмыз. «Дұрыс айтасыз көке, шынында реката сияқты екен» дейін десек, әлгі сөздің бірдеңесі жетіспейтін сияқты.
Біздің түрімізден өзінің бірдеңені бүлдіргенін сезген Спекең «Не деуші еді, «Реката» деуші ме еді?» деп қалт тұра қалды.
Білсем айтып-ақ жібергім келіп тұр, бірақ менің миым да табан астында Спекең айтқан «реката» деген сөзге байланып қалып, алысқа ұзай алмай тұр. Адам деген бір шатасса қиын ғой, содан ағайынды үшеуміз калорифердің қасында «Реката», «Раката», «Риката» деп әлі тұрмыз, әлі тұрмыз.
Біздің жағдайымыздан бейхабарлар мына байғұстар «Калориферге жылынып тұр екен ғой» деп ойлап қалуы да мүмкін.
– Реката...
– Раката...
– Риката...
– Ракета!
– Ура! Табылды! Ракета! Ракета екен.
Қажетті сөз табылған кездегі балаша қуанғанымыз-ай! Тура Юрий Гагарин ракетасымен жаңа ғана ғарышқа ұшып келгендей мәзбіз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы
Келесі мақала
ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ ЕСІН ШЫҒАРҒАН ҚАУЕСЕТТЕР
Ұқсас жаңалықтар
Руханият
Аталар аманатына адал ұйым немесе майдан мистикасы туралы бірер сөз
- авторAR-AY
- 5 желтоқсан, 2024