Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарбаздар денсаулығының сақшысы

Сарбаздар  денсаулығының сақшысы
ашық дереккөз
Сарбаздар денсаулығының сақшысы
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген қазақ денсаулықтың қадірін әу бастан-ақ жақсы білген. Алда-жалда басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған сәтте ақхалатты абзал жандарға қарай жүгіретініміз анық. Бәрімізге жан керек. Әсіресе, ел қорғаны әскери сала мамандары мен жауынгерлердің денсаулығы қатаң бақылауды қажет етеді. Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен 1992 жылы елдің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштер құрылды. Ал оның ішінде елдің тұтастығы мен қорғанын күшейтетін әскерилердің бейбіт және соғыс уақытындағы медициналық қалқаны – әскери медицинаны қалыптастыру қажет болды. Мақсат – біреу, орындалуы тиіс іс көп. Мәселен, әскердің жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ету үшін әскери қызметшілердің, яғни офицерлер, сержанттар, сарбаздардың өмірі мен денсаулығын сақтау, нығайту басты орында тұрды. Әскери медицинаны қазіргі заман талабына сай дамыту, оның ішінде азаматтық денсаулық сақтау жүйесімен терезесін тепе-тең етіп, олармен жалпы интеграциялану, өзара әрекеттесуді күшейту ісі тағы бар. Ал бұлардың барлығын жүзеге асыратын – әскери дәрігерлер мен санитар-нұсқаушылар, медбикелер. Антына адал әскери саладағы ақхалатты абзал жанның бірі – Эльмира Тауфикова. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бри­гадасының мотоатқыш батальонында санитар-нұсқаушы қызметін атқарады. Медициналық лауазымымен бірге ефрейтор шенін алған Эльмира 85395 әскери бөліміндегі офицерлер мен келісімшарт бойынша қызметкерлерге, сарбаздарға қажетті ем-домдарын көрсетіп келеді. Негізінде Эльмира Ғазизқызы Семей өңірі (қазіргі Абай облысы), Көкпекті ауданының тумасы. Қызмет бабымен Оңтүстікке қоныс аударған кейіпкеріміз ес білгелі дәрігер болуды арман еткен екен. Мақсаты айқын қыз орта мектепті бітірісімен «Эмили» медицина орталығының Семей қаласындағы филиалына оқуға түскен. Онда «Мейірбике ісі» бойынша білім алған. Аталмыш оқу орнын 2005 жылы үздіктер қатарында аяқтап шығады. Сол жылы Семей гарнизонындағы 63310 әскери бөлімінде дивизион фельдшері қызметіне алғашқы келісімшартпен қызмет атқаруға кіріседі. Әр саланың өз қиындықтары мен ерекшеліктері болады. Сол секілді әскери қызмет те әсте оңай емес, ерекше төзімділікті қажет етеді. Бұл қызметке келген адам бірінші кезекте іштей дайын болуы тиіс. Эльмира санитар-нұсқаушы ретінде әр сарбаздың және толық жеке құрамның жеке картасы бойынша денсаулықтары туралы мәліметтерді білуге және ойда сақтауға міндетті. Сонымен қатар қай кезде болмасын әскери қызметкерлердің денсаулықтары сыр берсе бірінші болып қасынан табылып, алғашқы медициналық көмек көрсетуге тиіс. – Біздің бригадада мерзімдік қызметтегі әскери қызметкерлер бар. Олар әскери киім-кешек, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрмыстық жағдайы жалпы әскери жарғыларға сәйкес ұйымдастырылған. Күнделікті жауынгерлік дайындық барысында шымыр, төзімді болу үшін жаттығады, оларға әскери техника мен қару-жарақты қолдану үйретіледі. Мен және әріптестерім сарбаздардың барлығының денсаулықтарын, күн тәртібіне сәйкес белгіленген уақытта күнделікті тексеріп отырамыз. Одан бөлек денсаулықтарына шағымданған немесе жарақат алған сарбаздарға дереу көмек көрсетіледі. Әскери өмірдің ақхалатты абзал жанына айналып, өз ісімді асқан сүйіспен­шілікпен орындауымның бірден-бір себебі – Отанға адал қызмет ету. Айта кетерлігі, санитар-нұсқаушылар дәрігер бекіткен нұсқама бойынша жұмыс істейді. Десе де бізге зор жауапкершілік жүктелген. Санитар-нұсқаушыларды толықтай дәрігер деп айтсақ та қателеспейміз. Себебі сарбаздармен бірге полигонға негізінен біз аттанамыз. Әскери оқу-жаттығу кезінде қатты немесе жеңіл жарақат алған жауынгерлердің өмірін құтқару – медицина саласының өкілдері үшін маңызды міндет. Олардың қайта әскери өмірге оралуы да санитарларға байланысты. Сондықтан санитар-нұсқаушылардың ҚР Қарулы Күштерінде қаншалықты орын алатынын тізбелеп жатудың өзі де артық шығар. Таразға келмес бұрын Семей қала­сындағы әскери бөлімде жұмыс істегенмін. Еңбек жолым сол жерден басталды. Кейін отағасы жұмыс орнын ауыстырған соң, менің де өмірімде өзгеріс болды. Осылайша, Әулиеата өңірінде жұмыс істеуіме мүмкіндік туды. Бақытыма орай, мұнда да жаны жайсаң мамандармен әріптес болдым. Бүгінде бір-бірімізбен бірлігі жарасқан, білікті ұжымдардың біріміз деп мақтанышпен айта аламын. Басшылық құрам әркез қолдап, білмегенімізді айтып, көп нәрсені үйретті, – дейді Эльмира Ғазизқызы. Ізгілік жолында жүрген жандардың қай-қайсысы болмасын құрметке лайық. Сондықтан да адам жанына арашашы дәрігерлердің, фельдшерлердің және медбикелердің мемлекет үшін маңызы зор. Соның ішінде әскери салада жүргендеріне жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені олар Гиппократ алдындағы антынан бөлек, Отан алдындағы антқа да адалдық танытуы тиіс. Қатардағы санитар-нұсқаушылар бейбіт күннің тынышы кетер болса, ел мен жерді қорғайтын ерлеріміздің қамқоршы періштесіне айналады. Олар өз міндеттерін атқара жүріп, қару қолдануды, әскери ережелер мен Жарғыларды жақсы біледі. Кейіпкеріміздің кәсіби шеберлігін 85395 әскери бөлімінің қызметкерлері де жоғары бағалап отыр. – Әскерде мамандар ер не әйел деп бөлінбейді. Біздің жұмысқа күннің суығы да, ыстығы да кедергі емес. Міне, осының бәріне әбден төселген мамандардың бірі –Эльмира Тауфикова. Ол қызмет барысында ұқыпты. Батыл шешім қабылдай біледі. Күндіз де, түнде де әскери қызметін абыроймен атқарып келеді. Эльмира күнделікті жұмыс барысында полигондарға барып, ату жаттығуларына да қатысады. Жеке құрам қайда болса, медбикеміз сол жерден табылады. Негізі түрлі іс-шаралар санитарлардың қатысуынсыз өтпейді. Полигондарда оқу-жаттығу кезінде, не әскери емтихан тапсырғанда да санитар-нұсқаушылар сарбаздардың қасында болады. Жауынгерлер осындай сәттердің бірінде жарақат алып қалған жағдайда әскери санитарлар алғашқы көмек көрсетеді. Эльмира білікті маман ретінде мұндай жағдайларға әрқашан тас-түйін дайын, – деді 5-механикаландырылған бригада командирі, подполковник Жәнібек Құранбеков. Кейіпкеріміз сарбаздар өмірін құтқа­румен қатар жас жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға да атсалысады. Осы мақсатта «Дені саудың – жаны сау», «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» секілді тағы да басқа тақырыпта сабақтар өткізіп тұрады. Өз сабақтарында Қазақстан халқының каһарман тарихынан мысалдар келтіріп, кең-байтақ жерімізді, елімізді қорғаған батырларымыздың ерліктері туралы баяндап, өжеттік, қайсарлық, батылдық сынды қасиеттерді бойларына сіңіреді. Жауынгерлік дайындық барысында сарбаз­дарда ер адамға лайықты мінез-құлық қалып­тастыруға да үлкен мән береді. Сонымен қатар әр сарбазбен жеке әңгімелесу жүргізеді. Ең маңыздысы Эльмира Ғазизқызы әскерде қызмет ете жүріп, өзінің өмірлік жарын жолықтырған. Кейіпкеріміздің жұбайы Дәурен Оспанов та әскери қызметкер. Қарағанды қаласының тумасы. Мектепті 2000 жылы бітірген Дәурен сол жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнының әскери кафедрасында білім алған Дәуренге оқуын аяқтаған жылы запастағы лейтенант шені беріледі. Жоғары білім алғаннан кейін бір жыл өткен соң 2006 жылы офицер шенінде ҚР Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Дәуреннің алғашқы қызмет еткен жері – Семей қаласындағы 28738 әскери бөлімі. Ол аталған бөлімшеде артиллериялық дивизионның барлау бастығы болып тағайындалды. Дәурен әскерге шақырылған офицер ретінде екі жыл қызмет етуі керек болған. Алайда әскери өмірге жанымен берілген маман осы салада қалуды жөн санайды. Семей қаласында әскери қызметте жүріп жары Эльмирамен табысады. Әскери отбасы 2013 жылы Семейден қазіргі Түркістан облысына, нақтылап өтсек Арыс қаласындағы артиллериялық дивизионға ауыстырылды. Ерлі-зайыпты әскерилер онда 5 жыл қызмет етті. Оспановтар отбасы 2018 жылы Арыс қаласынан Таразға қоныс аударды. Себебі Дәурен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бөліміне ауыстырылып, жедел басқару офицері лауазы­мына тағайындалды. Қазіргі уақытта подполковник Дәурен Оспанов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыру-жұмылдыру бөлімінің аға офицері. Жары Эльмира екеуі төрт қыз өсіріп отырған тату отбасы. Ынтымағы жарасқан шаңырақ 18 жылға жуық өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көруде. Әріптестері де әскери отбасы жайында тек жақсы сөздер айтады. Әскери өмірдің қиындығына мойыма­ған Эльмира нәзікжандыларға каска киіп, автомат ұстау қиын емес деп есептейді. – Қыздарға дулыға (шлем) киіп, автомат ұстаудың еш қиындығы жоқ деп ойлаймын. Әрине, әу баста қиын болды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, әскери саланың қыр-сырын білікті мамандардың нұсқауы бойынша аз уақыт ішінде үйреніп алдық. Қазір бір-бірімізбен нысанаға дәл тигізу бойынша қызығушылықпен жарысамыз. Қызығы мен жауапкершілігі мол бұл салаға келгеніме ешқашан өкінген кезім болған емес. Себебі әскери өмір жолында болашақ жарымды кездестірдім. Екеуміздің де әскери салада қызмет етіп жүргеніміз мені қатты қуантады. Себебі әскери орта отансүйгіштікке, еліміздің нағыз патриоты болуға тәрбиелейді. Жұбайым қайда болса біз сондамыз. Әр гарнизонға ауысқан сайын үнемі бірге, көшіп-қонып жүруге етіміз үйренген. Осылай Тараз қаласында да қызмет ету бұйырыпты, – дейді Э.Тауфикова. Бірлігі жарасқан әскери отбасының балалары де әке-шешесінің нағыз көмекшілеріне айналған. Оқу-жатты­ғулар, далалық шығулар, тәуліктік кезекшіліктер, іссапарлар сияқты се­беп­термен үйлерінде болмай қалатын кездері өте көп. Сол кезде үлкендері үйге өздері қарап, кішілерінің сабақтарына көмектесіп, тамақтарын бе­ріп, балабақшасына апарып, алып-келіп жүреді екен. Отан үшін адал қызмет етіп, еңбекте де, отбасылық өмірде де ортақ жетістіктерге жетіп жүрген өнегелі шаңырақ бүгінде көпке үлгі болып отыр. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар