Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Педагог мәртебесі асқақ, алайда басылымға жазылу керек!

Педагог мәртебесі асқақ, алайда басылымға жазылу керек!
ашық дереккөз
Педагог мәртебесі асқақ, алайда басылымға жазылу керек!
Мұғалімнің мәртебесі жыл өткен сайын асқақтап, көтеріліп келеді. Бұрын ұстаз деген ұлағатты тұлғаны төбеге хан көтеріп сыйлайтын. Өйткені министр де, Президент те ұстаздың алдын көрген деп. Жаңа заманда мұғалім мәртебесін төмендеткен көптеген оқиғалар болған соң жаңа заң бекітілді. Бүгінгі күні ұстаздар баяғыдай оқу ордасының шөбін жұлып, абаттандыруға атсалыспайды. Өзінің сабағын беріп қана тыныш жүреді. Баяғыдай азаннан қара кешке дейін мектепте салпақтап жүре бермейді.  Мәжбүрлеп газетке жазылмайды. Біздің колледжде де сол жағдай. Тек басылымдарға жазыламын деген адамдар ғана өз қалауымен жазыла алады. Яғни, бұл «Педагог мәртебесі» атты Заң шыққалы бері осылай. Бұл заңның жақсы тұстары өте көп әрине. Десе де ұстаз ретінде менің осы тұста бір айтар датым бар еді. Бұрын үйімізге «Егемен Қазақстан» республикалық газеті, облыстық «Aq Jol», «AR-AI» басылымдары келетін. Газет шіркінді тұшынып оқығанға не жетсін! Иісін иіскеп, рахаттана оқитынбыз. Мен өзім газеттерге жазыламын. Цифрлы дәуірде әркім қалаған сайтынан мақала оқып, жаңалықтарға көз жүгіртіп жүр ғой. Дегенмен тексерілген сенімді ақпарат тек газетте ғана. Онда дәйексіз, тексерілмеген материал салынбайды. Бүгінгі заманауи адамдардың көбі болашақта газет оқитын адам болмайды деп жорамал жасап жүр ғой. Мен олай ойламаймын. Бізден әлдеқашан дамып кеткен шет мемлекеттерде газет оқылады. Ондағы мәдениетті қауым газет оқиды. Ғасырлық үні бар басылымдар шетелдерде хит. Олар зор сенімділікпен оқылады. Әрбір өзін мәдениеттімін деп санайтын адам газет оқиды. Ол – халықтың үні, құлағы, тілі.  «Facebook» әлеуметтік желісіне кірсең мұстаздардың өзі қызыл өңештеніп, «газет оқымаймыз, оған ақшамызды бекерге шашпаймыз» деп дауласып жатады. Бұл бітпейтін дау. Газет оқымау да мақтангершілік болып па? Көк жәшік шықпай тұрып, жаңалықтың бәрін, әдеби әлемді, шет ел әдебиетін мерзімдік басылымдардан білген жоқпыз ба? Халық ол – бұқара. Ал газет – бұқараның көзі. Халықтың үнін жеткізуші, билік пен бұқараның арасын жалғаушы. Газет оқымаймын деп алып, санатын көтеретін кезде мақала шығаратын газет-журнал іздейміз. Рас қой. Ол кезде газет керек боп қалады. Әрбір ұстаз санаттан санатқа көтерілер кезде одан талап етілетін дүниенің бірі – ұстаздың баспа бетіне шыққан мақаласы. Мен әсіресе ұстаздар қауымының газетке жазылғанын, оқығанын қалаймын. Газет – терезе сүртетін немесе әжетханада жататын құрал емес! Мен осыны шырылдап айтқым келеді. Онда қаншама журналистің еңбегі, көз майы, маңдай тері бар. Ұстаз мәртебесіне газет нұқсан келтірмейді. Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» демеп пе еді. Ғаламторға шырмалған ұстаздың газет-журналдағы салмақты дүниелерді оқуға өресі жетпейді емес, жетеді, сондықтан басылымға жазыл, Ұстаз! Айжан Әуелбаева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің тарих-география пәнінің оқытушысы.    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар