Енді шамадан тыс несие ала алмайсыз
Қазақстанда азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамтуды кеңейту, сондай-ақ несие беру және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайту бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр. Аталған мәселелер ҚР Үкіметінің отырысында қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету үшін бірқатар жүйелі және жедел шара қабылданып жатқанын баяндады. Олардың бірі – барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құру.
Жобалық кеңселердің маңызды міндеті азаматтарға несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ банкроттық, жұмысқа орналасу және бизнесті қолдау шараларын алу бойынша жәрдемдесу сияқты өзекті мәселелерді шешуде көмек көрсету болмақ.
Тағы бір бағыт – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Атап айтқанда, бүгінгі таңда ЖОО студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде.
Сонымен қатар республикада банкроттық және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарастырылған. Оны банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша қолдануға болады.
Азаматтардың ХҚКО, «eGov.kz» порталы, «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ «Qoldau» деп аталатын жеке тұлғалардың банкроттығы жөніндегі жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Ол өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің критерийлерге сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Бүгінгі таңда жалпы борыш сомасы 9 миллиард теңгеден асатын 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.
Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов баяндама жасады.
Премьер-Министр халықтың шамадан тыс кредит алуы үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып бара жатқанын айтты.
Мәселен, биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 триллион теңгені құраған. Бұл орайда бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері шамамен 1,5 миллион теңгені, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша 1 миллион теңгені құрайды.
primeminister.kz
Келесі мақала