Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасанды интеллектіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі

Жасанды интеллектіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі
primeminister.kz
Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Шығыс көршілер мен Орталық Азия елдеріне несие беру жөніндегі инвестициялық банкі және басқа да ұйым өкілдері қатысты.

Жиында еліміздің инфрақұрылымын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, адами капиталды дамыту, өнімді инновациялар мен ЖИ технологияларын енгізу жөніндегі бастамаларға назар аударылды.

Жаңа Конституцияның қабылдануымен елімізде экономиканың серпінді өсуіне және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңі басталғаны атап өтілді. Өз кезегінде құқықтық базаны жетілдіру еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жобаларды жүзеге асыруға қажетті кепілдіктерді қамтамасыз етеді.

Экономикалық саясат мәселесі бойынша Үкіметтің, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. 2025 жылдың қазан айынан бері жылдық инфляцияның баяулауы байқалды, бұл – жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесі.

– Біз баға қысымын, инфляция деңгейін төмендету жөніндегі саясатты табанды түрде жалғастыруға ниеттіміз. Үкіметтің, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл біз азаматтардың нақты табысын кем дегенде 2-3 пайызға арттыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл – жүзеге асырылып отырған ауқымды жұмыс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Дүниежүзілік банктің фискалдық саясат және экономикалық өсу бағытының өңірлік басшысы Антонио Нучифора мен Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Амина Ларэш макроэкономикалық тұрақтылықты жалғастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Экономикалық өнімділікті арттыруды жалғастыруға және жеке сектордың тұрақты экономикалық өсудің драйвері ретіндегі рөлін кезең-кезеңімен нығайтуға басымдық берілді.

Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері пікір білдірді.

Президент кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев мемлекеттің үлесін төмендету және нақты экономиканы несиелеудегі банк секторының рөлін күшейту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл мемлекеттік капитал мен жеке капитал арасындағы бәсекелестікті болдырмауға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова инфляцияны төмендету мақсатында фискалдық саясатты ақша-несие саясатымен үйлестіру жүзеге асып жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта инфляцияны тұрақтандыру үшін ақша-несие бойынша жағдай туғызуға және инфляциялық болжамдарды нығайтуға бағытталған дәйекті ақша-несие саясаты жүргізілуде. Несиелеудің шектен тыс өсуін, әсіресе тұтынушылық несие сегментінде шектеуге мүмкіндік беретін макро және микропруденциалдық құралдар белсенді қолданылуда. Мәселен, ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша, егер 2024 жылы халыққа берілген несиенің барлық түрінің өсімі 21,9 пайызды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіштің өсуі 8,7 пайызға дейін баяулады. Осылайша Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған шаралар олардың тиімділігін көрсетіп отыр және инфляциялық процестерге тежегіш ретінде әсер етуде.

Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру шеңберінде азық-түлік инфляциясы деңгейін төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Мәселен, негізгі бағыттардың бірі – нарықты қажетті өніммен толтыру, импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, өнім өндіру көлемін ұлғайту, азық-түлік тауарларын бөлшек саудада өткізудің ашықтығын және баға қолжетімділігін қамтамасыз ету, ӘМАТ өндірушілерін қолдау және оның номенклатурасын уақытша кеңейту, ұстамды тарифтік саясатты жүзеге асыру, оның ішінде сыртқы сауда және ақша-несие саясаты бағыты бар. Нәтижесінде бірінші тоқсанда инфляцияның біртіндеп төмендеуі бойынша оң динамика байқалады. Инфляцияны төмендету бойынша оң динамиканы сақтау және жалғастыру үшін қосымша қадамдық алгоритм әзірленді.

Отырыста Халықаралық қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан адами капиталды, кәсіпкерлікті және жасанды интеллект саласындағы нарықтарды дамытуға бағытталған институционалдық жоба қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев экономиканың негізгі секторларында инновацияларды коммерцияландыруды жеделдету және қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі тәсілдерді атап өтті. Мәселен, экожүйені дамыту құралдары туралы нақтыланды, соның ішінде ЖИ, үлкен деректер мен аддитивті технологияларды дамыту арқылы бағдарламаларды және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту іс-шаралары бар.

Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі. 2026 жыл елімізде Цифрландыру жылы деп жарияланды, атап айтқанда, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрлық сервистерден интеллектуалды мемлекеттік платформаларға көшу және экономиканың барлық секторында деректерге негізделген тәсілдерді кеңінен енгізуге басымдық берілуде. Біз бұл бағытта озық қарқынмен ілгерілеуіміз керек, – деп атап өткен Олжас Бектенов халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдерін ЖИ саласындағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын Ақтөбе қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобасына қатысты қарыз сомасының азаюына байланысты борыштық жүктемені оңтайландыру нәтижелері қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан жүргізілген рәсімдердің қорытындысы бойынша жұмыс көлемін қысқартпай жоба параметрлерін оңтайландыруға қол жеткізілгенін баяндады. Мәселен, қол қойылған EPC-келісімшарт несиелік келісімнің бастапқы сомасынан шамамен 7,9 миллиард теңгеге төмен. Халықаралық серіктестің ұстанымын ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан жеткізді.

Отырыста Үйлестіру кеңесінің құрамын кеңейту мәселесі қаралды. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының Кеңес құрамына кіруі туралы ұсынысына қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында биылғы ақпан айынан бастап Кеңестің шешімдерін барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар орындауға міндетті екенін атап өткен жөн.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимылының маңыздылығына назар аударып, тиісті мемлекеттік органдарға отырыста айтылған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды.

– Біз сіздердің белсенді жұмыстарыңызды және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді серіктестікті нығайтуға бағытталған диалогке, кеңестерге және ұсыныстарға әрдайым ашық әрі дайын. Мемлекет пен халықаралық қаржы ұйымдарының бірлескен үйлесімді күш-жігері құрылымдық реформаларды іске асыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және озық тәжірибелерді енгізуге қосымша серпін береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Рrimeminister.kz

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар