МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАЛАР хакерлерден қорғалады
Алматы қаласында «Қаржы нарығында қашықтан қызмет көрсету кезінде мобильді қосымшалардың қауіпсіздігі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.
«Дөңгелек үстелге» екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық қауіпсіздігі мен ақпараттық технологиялар бөлімшелерінің басшылары және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты.
Құттықтау сөзінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараттық және киберқауіпсіздік департаментінің директоры Роман Перминов «дөңгелек үстел» қаржы нарығында қашықтан қызмет көрсету қауіпсіздігі мәселелері бойынша тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігін ұсынғанын атап өтті.
«Мұндай іс-шараны өткізу клиенттерді қорғау және банктерге деген сенімділікті арттыру мәселелерінің өзектілігін көрсетеді», деп атап өтті Р. Перминов.
Қаржы реттеушісінің өкілі «дөңгелек үстелге» қатысушылармен олардың көмегімен қаржылық қызметтер көрсету жүзеге асырылатын бағдарламалық қосымшалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту бөлігінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы ақпаратпен бөлісті.
«Осы жылғы қазанда «Банктердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы №48 қаулысына тиісті өзгерістер бекітілетін болады», деді Роман Перминов.
Сондай-ақ «ForteBank», «Jusan Bank», «Банк ЦентрКредит» және «Bereke Bank» акционерлік қоғамдарының өкілдері баяндама жасады. Қалған қатысушылар айтылған мәселелер мен киберқауіпсіздікті дамыту перспективаларын талқылауға тікелей қатысты.
Ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің банктердің бағдарламалық қамтылуын әзірлеушілермен өзара іс-қимыл жасау тақырыбы барынша белсенді талқыланды. Әріптестер банктік қызметтер көрсетілетін қосымшалардың бағдарламалық кодын әзірлеу, тестілеу және пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесімен бөлісті.
Ақпараттық қауіпсіздік бағытын кадрлармен қамтамасыз ету тақырыбы да өзекті болды. Кадр тапшылығы – нарықтың барлық қатысушылары үшін маңызды тақырып. Жас мамандарды тарту бойынша, сол сияқты оларды өз бетінше даярлау бойынша да түрлі тәсілдер ұсынылды.
«Дөңгелек үстел» аясында әрбір қатысушы банк секторының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы белгілі бір талаптарды жетілдіру бойынша тәжірибемен бөлісе алды немесе реттеушіге идеялар ұсына алды.
Іс-шара соңында Роман Перминов мұндай маңызды іс-шараны өткізу болашақта жақсы тұрақты дәстүрге айналуы мүмкін екенін, оның банктердегі ақпараттық қауіпсіздік пен ақпараттық технологиялар бағыттары арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін және қазақстандық банк ісін дамытудың жаңа бағытын нығайтатынын атап өтті.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ
Келесі мақала