ТАЛАНТТЫ ӘНШІЛЕР БАҚ СЫНАДЫ
Ұлттық мерекеге орай облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Әуенді battle» атты жас эстрадалық әншілер арасында облыстық байқау өткізілді.
Салтанатты шараны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар құттықтау сөзімен ашты. Басқарма басшысы өз сөзінде қатысушыларға ыстық лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Байқаудың іріктеу кезеңінде 50 қатысушы өнер көрсеткен. Оның ішінде 13 қатысушы байқау ережесіне сәйкес осы ән сайысының II кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Ал II кезеңде 13 қатысушының арасынан жартылай финалға 8 үміткер жолдама алды. Ал жартылай финалда үздік болған 5 үміткер шешуші кезеңде өнер көрсетті. Таланттар сайысына Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, режиссер Азамат Әлмерек, облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Назима Үсенова, Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің мұғалімі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Рүстем Малдыбаев қазылық етті. Финалдық кезең қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешіміне сәйкес бірқатар қатысушы жүлделі орындармен және арнайы номинациямен марапатталды. Атап айтқанда, күміс көмей әнші Нұргүл Мусали бірінші орын тұғырынан көрінді. Жүлделі II орын талантты өнерпаз Гүлжанар Керімқұловаға бұйырды. Әуелете ән шырқап, көрерменнің құлақ құрышын қандырған Ақерке Құрбан III орынға лайық деп танылды. Қоңыр даусымен көпшіліктің жүрегінен орын алған Мадияр Сағынбек «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарының барлығына қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ
Келесі мақала