Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАТУЛАСТЫРУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ІС

ТАТУЛАСТЫРУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ІС
ашық дереккөз
ТАТУЛАСТЫРУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ІС
Ел іші болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Сол жанжалды ушықтырмай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын қарастырып, аталы сөздерін айтып, екі тарапты татуластырып жүрген билер кеңесінің жұмысы жанданып келеді. Би – қазақтың ұғымында тек дәстүрлі құқықты қолданушы ғана емес, ақылгөй данышпан, көреген көсем, көңіл шырағы қиядағыны шалатын, ойы орамды, сөзі шалымды көреген де көріпкел дана. Салмақты сөздің сандығы, от ауызды, орақ тілді, ойы ұшқыр, өткір сөз зергері. Өлшеп-пішіп, екшеп шешетін – әділдік таразысы. Бәрін де татуластыра алатын бітімгер. Айта берсе бидің бойына сыймайтын қасиет жоқ еді. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Билеріміз сөз құдіретін тиімді пайдаланып, шешімдер шығарғанда мүдделі тұлғалардың ғана емес, оған қатысушы жұртқа да тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерді айтып, олардың сана-сезімі мен мінез-құлқына сіңіруін, іс-әрекетінде қолдану жолдарын қарастырған. Осы бағытта Шу аудандық билер алқасының атқарып жатқан жұмыстары біршама. Өзім мүшелікке енген аудандық билер алқасы жұмысының басты бағыты ел ішіндегі дауларды ушықтырмай шешу және жастарға қамқор болу. Оның ішінде қазақи басты құндылық – отбасын сақтау, шаңырақты шайқамау. Әр адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сол ғұмырды әркім өз таным-түйсігіне, иманына, біліміне қарай әртүрлі деңгейде өткізеді. Қазіргі қоғамның басты мәселесі – жастардың арасындағы некенің бұзылуы. Бұл мәселенің басты себебі шыр айналған дүниемен бірге өмірдегі құндылықтардың өзгеруі. Бұрындары біреудің шаңырағы шайқалса, ол сүйекке түскен таңбадай көрінетін, ал қазіргі ата-аналар қит етсе «ішке сыйған баламыз, сыртымызға да сыяды» деп, жастарды өздері неке бұзуға итермелейді. Аудандық билер алқасында жаңа жылдан бері 16 іс қаралды. Оның басым бөлігі – неке бұзу туралы. Билер алқасы мүшелері салиқалы, қазыналы қариялар болғандықтан жастарға өз өмір тәжірибелерін мысалға ала отырып, отбасын бұзбай татуласуға ықпал етеді. Билер алқасына түскен азаматтық істердің жартысынан көбі оң шешімін тапты. Жеті іс жүйелі шешімін тауып, жастарды татуластырып, отбасын сақтап қалдық. Баса назар аударып айта кетерлігі ата-аналар жастар тәрбиесіне баса назар аударса, отбасылық құндылықтардың жойылмауын қадағаласа, бізде әкесіз өскен ұл-қыздар азаяр еді. Жастарға қамқор болайық!

Гүлбағыш ЖҮНІСОВА, аудандық билер алқасының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар