Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАРҚЫН ЖҮЗІ ЖАДЫМЫЗДА: Таразда жазушы Арғынбай Бекбосын тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

ЖАРҚЫН ЖҮЗІ ЖАДЫМЫЗДА: Таразда жазушы Арғынбай Бекбосын тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
ашық дереккөз
ЖАРҚЫН ЖҮЗІ ЖАДЫМЫЗДА: Таразда жазушы Арғынбай Бекбосын тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
Көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Жазушының туған күніне орай өзі тұрған Тараз қаласы, «Астана» мөлтек ауданындағы №16 үйдің қабырғасына естелік тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Арғынбай Бекбосын ұзақ жылдар бойы облыстық, республикалық ақпарат құралдарында жауапты журналистік қызмет атқарды. 1980-1985 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінде баспасөз жөніндегі нұсқаушы болып қызмет істеді. Ал 1985-1994 жылдары облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметін үлкен абыроймен атқарды. Елге қайраткерлік қырларымен жақсы танылған А.Бекбосын 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің, ол таратылғаннан кейін, 1995 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мыңға тарта заң актілерінің қабылдануына атсалысты. Осындай еңбегінің арқасында ол мінсіз қызметі үшін 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағын иеленсе, 1998 жылы «Парасат» орденімен, ал Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекеленген 2016 жылдың желтоқсан айында ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Жамбыл облысының және Байзақ ауданының құрметті азаматы. Оннан астам поэзиялық, прозалық, публицистикалық кітаптардың және аударма мен драмалық шығармалардың авторы. – Бүгін елімізге белгілі жазушының өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатып, еске алып жатырмыз. Арғынбай ағамыздың еңбек жолына үңілсек, облыстың ғана емес қазақ журналистикасына, руханиятына мол еңбек сіңірді. Жергілікті «Жамбыл радиосынан» басталған еңбек жолы ҚР Парламенті Сенатындағы жауапты қызметпен түйінделген. Ол кісі қай жерде жұмыс істесе де артына үлгі боларлық, өнегелі іс тындыра білген адам, – дейді облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев. Ол – ата басылым «Aq jol» газетінде де ізі қалған қарымды қаламгер, дарынды басшы. 1985 жылы наурыз айынан бастап он жылға жуық Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы болып істеп, оны республикадағы ең айбынды, беделді басылымдар қатарына қосты. Газеттің атауы 1990 жылдың сәуір айында Арғынбай Бекбосынның бастамасымен «Ақ жол» болып өзгерген болатын. – Арғынбай Бекбосын қолына қалам ұстаған адамдар үшін аңызға айналған тұлға. Ол кісінің батырлығы мен батылдығын аңсамайтын бас редактор жоқ. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен Д.Қонаевтай ұлттың ұлы тұлғасы үй қамаққа отырғанда сол кісіні ақтау үшін арнайы тілші жіберіп, мақала жазып, араша түскен бас редакторлардың бірі осы кісі. Арекеңнің бойындағы ұлтшылдық пен ақиқатшыл мінез кімді болса да тамсандырмай қоймаған. Бішкекте Асанбай Асқаровтың соты болған кезде де ақиқат деп атойлап, айтулы тұлғаны ақтап «Aq jol» газетіне сериялық материалдар басқызған да осы Арғынбай Бекбосын еді. Бүгінгі журналистерге ол кісінің тік жүріп, тік сөйлейтін қасиеті дарыса дейміз, – дейді «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт. Жамбылда журналистиканың мектебін қалыптастырып кеткен, ақиқаттың алдында алмастай жарқылдаған тұлғаның жазушылық жолындағы адалдығы мен тазалығы кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі. Оның артында том-том кітап пен өнегесін көрген қаламгер бауырлары, туған елі, аяулы жары қалды. – Арғынбай ылғи да мен осындай жаймашуақ жаздың сәске түсінде дүниеге келіппін деп отырушы еді. Бүгін міне, тағдырдың жазуымен сәске түсте елі оны еске алып, естелік тақта тұрғызып жатыр. Өмір деген кірпік қаққанша екеніне, бұл дүиенің жалған екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жеткендей. Ол өзі көшеде жүріп, осындай естелік тақталардың қасынан өткенде өзі танитын адамдар болса бір сәт үнсіздікпен сол адамды еске алушы еді. Сол кезде өзінің де кейін осындай тақтаға айналып, ары-бері өткен адамдардан келешекке сәлем айтып тұратынын ойлады ма екен? Енді оның істеріне болашақ ұрпақ баға береді. Оның есімі болашақпен бірге өмір сүре береді, – дейді жұбайы Дариға Қасенқызы. Биыл облысымызда Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын сияқты тұлғалардың тойы қатарынан аталып өтпек. Аға буын ардагер қаламгерлердің рухы қашанда жастардың кеудесіне жалын, санасына серпін беріп жүре бермек.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар