Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәстүр дәріптелген дода

Дәстүр дәріптелген дода
ашық дереккөз
Дәстүр дәріптелген дода
Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ғибратқа толы екені белгілі. Сондықтан онымен сусындаған жан тұтас ғұмырында шөлдемейді. Алайда арада жылдар өтіп, жаһандану заманында ұлттық құндылықтардан ажырап бара жатқандар аз емес. Сол себепті өткенімізді өнеге етіп, жастардың жадына салу керек. Осыған орай жуырда Ескі-Шу ауылдық округінде орналасқан «Ақ жайлау» демалыс орнында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Салт-дәстүрім – сарқылмайтын байлығым» атты облыс жастары арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті. Аталған шара Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына арналып отыр. Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандары мен Шу қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысқан жарыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. – Бүгін кемеңгеріміз Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына орай жастар арасында дәстүрлі дода өтуде. Бұл шараның мазмұны мен мағынасы терең. Осы жарысқа арнайы ат терлетіп келген жастарға алғыс білдіріп, сайыстарына сәттілік тілеймін, – деді Найман Кенжеханұлы. Сондай-ақ шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев пен аналар алқасы қоғамдық құрылымының төрайымы Айжан Иманова, Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Іңкәрбеков шараның қонағы ретінде қатысып, бес кезеңнен құралған сайысқа төрелік етті. Бәсекеде ең алдымен білекті жігіттер аударыспақтан өзара мықтыны анықтап алса, кейін қол күресі сынынан бәсекеге түсті. Қол күресінен қыздар да осалдық танытпағанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ олар бастарына ақ жаулық тағып, қамыр илеп, бауырсақ пісіруден жарысып жатты. Мұнан кейін жігіттер жағы арқан тартып, шара соңында халық әндерін орындады. Тартысқа толы сайыста Байзақ ауданы I орын, Жамбыл ауданының жастары II орын алды. Сарысу жастары үздік үштікті түйіндесе, Шу қаласы мен Қордай ауданының жастары да белсенділігімен көзге түсті. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етті. Сананы серпілтіп, өзара әріптестікті нығайтқан шараға қатысушылар ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Шу аудандық жастар ресурс­тық орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ғани Қойбағаровтың айтуынша, аталмыш шара 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Әрі облыс жастарының асыға күтетін жыл сайынғы аламаны. Ал шараның мақсаты – аймақ жастарының достығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және ұмыт болған дәстүрлерді дәріптеу. Байжан ЕМБЕРДІ, Шу ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар