ЖУРНАЛИСТЕР РЕФЕРЕНДУМДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Конституциялық референдумды қолдау жөнінде қоғамдық штаб өкілдері «Aulieata-Мedia» ЖШС-на қарасты «Aq jol», «Знамя труда», «AR-AI» газеттерінің ұжымымен кездесіп, республикалық референдумға байланысты пікір алмасты.
Алдымен сөз алған облыстық референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы Амангелді Карентаев мемлекетті сақтау, тәуелсіздікті нығайту, елімізді экономикалық тұрғыдан табысты етіп, демократияның даму даңғылына түсу жайлы айта келіп, тілшілер қауымын еркін пікір алмасуға шақырды.
– Біз осы уақытқа дейін бірталай кездесулер өткіздік. Қалаға қарағанда қазір ауылдық жерлерде тұратын жергілікті халық белсенді. Референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасаймыз деп жатыр. Бұл шыны керек, бізді қатты қуантады. Бәріміз де өмірімізді еліміздің болашағымен байланыстырамыз және сол жарқын келешек үшін жауапкершілікті де сезінеміз. Сондықтан елеулі оқиғаға біркісідей атсалысуға және ақпараттық қолдауға шақырамыз, – деді ол.
Мұнан соң қоғамдық штабтың өкілі Сембек Сейдазимов ақпараттандырудың кемдігінен кей азаматтардың референдумды білмейтінін атап өтті.
– Өкініштісі, кейбіреулер референдумның не екенін білмей, «Қай депутатты сайлаймыз, ол қай жақтыкі?» деген сұрақтарды қойып жатады. Бұл олардың кінәсі емес, бұл соларға жеткізе алмай жатқан өзімізден. Тіпті кейбірі қай депутатқа дауыс береміз дейді. Алдағы референдум әділетті мемлекет құрудың бастамасы әрі ел бірлігін бекемдейтін маңызды саяси қадам, сондықтан одан ешкім қалыс қалмауы тиіс, – деді Сембек Сейдазимов.
Кездесуге қатысушылар Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Тілшілер қауымы 5 маусымдағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы екенін алға тартты.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала
ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН БӘРІМІЗ ҮН ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024