Талпыныс табысқа жетелейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажеттігіне, жұрттың қарапайым еңбек адамына құрметпен қарауы керектігіне айрықша тоқталған болатын. Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ» деп, еңбекқорлыққа екпін бере ой қозғады.
Жалпы қоғамдық санада жатыпішерлік, жалқаулық, жанаярлық, масылдық, енжарлық секілді пиғылдар орын алмаса, еңбек адамына деген көптің құрметі өз деңгейінде болса, мүмкін мұндай тақырып қаузалмаған болар еді.
«Еңбек адамы кім?» дейтін болсақ, ол жұмысшы мамандығын кәсіп еткен шопан, сушы, диқан, механизатор, дәнекерлеуші, құрылысшы секілді тағы да басқа қол еңбегі арқылы күнелтіп жүргендер. Олар расында да жан қинамай табыс табатын адамдарға қарағанда айрықша құрметке ие, өзгелерге үлгі бола алатындар. Әсіресе ауыр жұмыс істеуге ынтасы болмай, «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отыратындарды жұмысшы мамандар табысымен де, маңайы көрсеткен сый-құрметпен де қызықтыра алуы тиіс.
Осы күні әулиеаталықтардың ішінде шетелге немесе еліміздегі ірі қалаларға барып жұмыс істеп, отбасын асырап жүргендер жетерлік. Олардың ішінде он саусағынан өнер тамған құрылысшы да, техниканың тілін түсінетін механизатор да, темірді темірге берік етіп жалғайтын дәнекерлеуші де бар. Соның бірі – Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тумасы Бекбосын Шөженов. Ол он жылға жуық уақыттан бері Алматы облысы, Қарасай ауданындағы машина жасау зауытында еңбек етіп жүр.
– Қазір 53 жасқа келдік қой. Жас кезімізде күнкөріс үшін кез келген қара жұмыстың ортасында жүрдік. Кірпіш құйып, тас та қаладық. 1989 жылы әскер қатарына алынып, Германияда екі жыл азаматтық борышымды өтегеннен кейін қайтадан ауылға келдім. Сол кездегі Ильич атындағы кеңшардың автокөлік базасына қарапайым жұмысшы болып орналастым. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет нарықтық экономикаға бет бұрды да бұрынғы үкіметтің қарауындағы құрылымдар мен мүлікке дейін жекешелендіріліп, жұмыс орындары қысқарды. Сол кездері 2-3 жыл жұмыссыз жүргенімізбен, ақыға елдің құрылыс жұмысын істеп күнелттік. 2000 жылдардан кейін Қаратау қаласына қоныс аударып, ондағы А.С.Пушкин атындағы орта мектепте ағаш шебері болып еңбек еттім. 2005-2015 жылдар аралығында аға шопан ретінде Тамды ауылындағы «Әбдіманап» шаруа қожалығының малын бақтым. Кезінде «бір керегі болар» деп электрмен жабдықтау мамандығы бойынша арнайы оқыту курсынан өткен едім. 2016 жылы Алматы қаласына жұмыс іздеп барғанымда соның пайдасы тиді. Анығын айтқанда, Қарасай ауданындағы машина жасау зауытына осы мамандық бойынша жұмысқа тұрдым. Бастапқыда аталған өндіріс орнында слесарлық, жөндеу жұмыстарымен айналыссам, кейін кранды құрастыру, оны электрмен жабдықтау жұмысы сеніп тапсырылды. Бір жылдай өзім салт жүргеніммен, кейіннен отбасымды уақытша сол жаққа көшіріп әкеттім. Қазіргі жұмыс орнымның еңбекақысы көңілге қонымды. Отбасымды асырауға, артық ақша жинауға жетеді. Екі қыз, үш ұлым бар. Баламның екеуі есейген, тұрақты жұмысы бар. Екеуі мектеп жасында, біреуі әлі кішкентай. Келіншегім бастауыш сынып мұғалімі, бірақ қазір бала күтімімен үйде.
Қазақта «Ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Адамды бақытқа жеткізетін тек қана еңбек, қалғаны алдамшы нәрсе. Қазір еңбек етемін деген адамға кез келген жерде жұмыс бар. Бірақ адам өз еңбегін бағалауы керек деп ойлаймын. Мәселен, қандай іс болмасын маман бәсекеге қабілетті болуға талпынып, қай жерде жоғары еңбекақы төлейді, сол жерде еңбек етуі қажет. Кейде жап-жас жігіттер қарап отырған мал-жаны болмаса да ауылдан ұзап шыққысы келмейді. Жұмыстың жоқтығынан ата-ананың табысына не зейнетақысына ортақтасады. Мұндайды қазақ масылдық деп есептемейтіндіктен бала да табыс табуға аса талпына қоймайды. Негізі бойда күш-қуат бар кезде жас адам энергиясын еңбекке жұмсауы керек. Сыртқа шығып, ел-жер көріп, өзінің қарым-қабілетіне сай келетін лайықты жұмыс істеп, жағдайын жасап алуы қажет, – деді Бекбосын Құлбекұлы.
Кейіпкеріміздің мақтауын ұжымындағы әріптестері де келтірді. Оның еңбекқорлығы, өз ісіне адалдығы өзгелерге үлгі. Ол аталған машина жасау зауытында электромонтажшы болып жұмыс істеп жүр.
– Машина жасау зауытының негізгі бағыты – биік нысандар салуға қажетті мұнаралы кран жасау. Өндіріс орны өнім өндіруде жұмысшылардан жоғарғы дәлдікпен жұмыс істеуді талап етеді. Бекбосын осы талап үдесінен шыға білген жан. Біздің бригадада 5 адам болса, бесеуі де өз ісінің нағыз маманы. Олар кранды құрастырып, қажетті электр сымдарын жүргізеді, – дейді аталған зауыттың бригадирі Николай Медведов.
Бекбосын Шөженовтың айтуынша, олар айына ек-үш кран құрастырып шығарады екен. Астана, Шымкент қалаларына тапсырыс түссе сол жаққа крандардың бөлшегін жеткізіп, құрылыс жүретін алаңға орнатып береді. Ал зауыт көбіне Алматы қаласынан түскен тапсырыстарды орындайды.
Мемлекетіміз бүгінде әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда адам капиталын дамытуға барынша көңіл бөліп отыр. Сондықтан қолы бос жастар мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында немесе қысқа- мерзімді оқыту курстары арқылы жұмысшы мамандығын игеруге талпынуы қажет. Өйткені қазіргі еңбек нарығында жұмысшы мамандығына деген сұраныс жоғары.
Нұрым Сырғабаев
nurymsyrgabaev28@gmail.com
Келесі мақала