Амангелді кен орнына – 20 жыл
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Амангелді кен орнының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Сондай-ақ «QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны қызметкерлері мен кен орнының еңбек сіңірген мамандары және газ саласының ардагерлері қатысты.
Жиында аймақ басшысы сала мамандарын құттықтады.
– Отын-энергетика кешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Өйткені бұл сала ел экономикасының дамуында үлкен рөл атқарады. Еліміздің оңтүстік өңірлері көршілес мемлекеттен газды импорттаудан арылып, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып, отандық мамандардың кәсіби шеберлігі шыңдалды.
Құрметті сала мамандары! Сіздер қиын да жауапкершілігі мол салада қызмет атқарып келесіздер. Еңбектің шынайы үлгісін көрсеттіңіздер.
Өздеріңіз білетіндей, мұнай-газ саласы – еліміздің экономикасының жетекші секторы. Газ саласы бүгінде қалыптасу жолынан өтіп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Көгілдір отынның халықтың үй тұрмысында отынмен қамтамасыз етуде рөлі жоғары, – деді облыс әкімі.
Амангелді кен орны – шетелдік капитал салымдары мен инвестицияларсыз, ел бюджеті есебінен жүзеге асқан сәтті жоба. Кен орны 20 жыл бойы еліміздің оңтүстік өңірлерін табиғи газбен қамтамасыз етуде және энергетика секторындағы стратегиялық маңызды кәсіпорын.
Амангелді кен орындары облысымыздың Мойынқұм және Талас аудандарында, Тараз қаласынан солтүстікке қарай 190 километр жерде орналасқан. Аймақтағы барлау жұмыстары 1947 жылы басталды. Кен орнын пайдалану тек 2000 жылы қолға алынды. Үш жылдан соң, яғни 2003 жылы тамыз айында «Амангелді газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды.
Айта кетейік, кен орнының 20 жылдығына орай «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны облыста бірқатар әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асыруда. Компания студенттерді тікелей өндірісте тәжірибе алмасу арқылы оқыту жобасын жүргізуде. Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды оқыту үшін арнайы гранттар бөлді. Талас ауданының бірқатар кентінде спорт, воркаут және балалар алаңдары салынды, жолдар мен саябақтар жөнделді.
Жиын соңы облыс өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала