Әскери қызметшілер қан тапсырды
Деректерге көз жүгіртсек, жаһандағы әрбір үшінші адам қанға мұқтаж. Жалпы донорлық қанның жетіспейтіні туралы біраз жылдың бедерінде көптеген мәлімет тараған еді. Дегенмен кейінгі уақытта хәл үстінде жатқан азаматтарға өмір сыйлауға құштар жандардың қарасы көбейе түскені көңіл қуантады.
Қазақ әскерлері де донор ретінде қан тапсыруды әдетке айналдырған. Жақында донорлық қан қорын толықтыруға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери командасы өз үлесін қосты. Облыстық қан орталығына барған әскери қызметкерлер қан тапсыруға дайын екендіктерін айтып, осында тұрақты келіп тұруға ниеттерін білдірді.
Қазіргі уақытта әскери басқару органдары қызметкерлері үшін жұмыс уақыты қызып тұрған шақ. Себебі өңірде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Жұмыс кестесінің толықтығына қарамастан әскерилер облыстық қан орталығына баруды алдын ала жоспарлап, қайырымды іске уақыт таба алғаны қуантты.
– Әскерилер – ең белсенді және ұйымшыл азаматтардың бірі. Қазақстандық патриотизмді нығайту, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыру бағытында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен оның құрылымдық бөлімшелерінің атқарып жатқан ісі ауқымды. Жасөспірімдерге рух беріп, әскерге дайындығын қамтамасыз ететін мекеме мамандары патриотизмді тек сөзбен емес, іспен де дәлелдеп келеді. Департамент басшысы, полковник Нұрбол Зейнелов басшылығымен өзінің орынбасарлары мен жауынгерлер қан орталығына келіп қан тапсырып, донорлар қатарын толықтырды. Қауырт жұмыстан уақыт тауып келген әскери азаматтардың әрекеті кім-кімге де ой салатындығы сөзсіз. Осы орайда қайсарлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен департамент ұжымына алғысымызды білдіреміз, – дейді облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров.
Қан тапсырмас бұрын әрбір донор қан тобын анықтау үшін алдын ала зертханалық тексеруден және дәрігермен әңгімелесуден өтті. Бұл әскери қызметкерлердің алғашқы рет қан тапсыруы емес. Қан орталығына әскери қызметкерлер жиі келіп, адам өміріне араша болуға сәл де болса үлестерін қосып тұрады. Қуантарлығы сол, қан тапсырғысы келетін әскери қызметкерлер көп. Бірақ олардың қызметтен қолдары босай бермейтіні белгілі. Сондықтан әскери бөлімге қан орталығының мобильді тобы келіп қан алып тұрады. Мәселен, алыс гарнизонда қызметте жүрген әскери еріктілерге орталық дәрігерлері өздері қатынайды. Медициналық автобуста тек мамандар тобы ғана емес, қан жинауға және тасымалдауға қажетті барлық құрал-жабдықтар бар.
– Біздің ұжым шағын. Оның үстіне біз бір қалада орналасқандықтан облыстық қан орталығына өзіміз келе аламыз. Біздің ұжым сөзбен ғана емес, іс жүзінде адамдарға көмектескісі келеді. Донор болу – азаматтық парызымыз. Оның тіпті денсаулыққа да пайдасы зор. Денсаулығым жақсы, салауатты өмір салтын ұстанамын. Дұрыс тамақтануға тырысамын. Егер мен тапсырған қан біреудің өмірін аман алып қалуға жараса, мен оған шын жүректен қуанамын, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің офицер-психологі Руслан Ілиясов.
Қан тапсырудың сауапты іс екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Донордың қаны дер кезінде емделушінің денсаулығын ғана емес, өмірін де сақтауға көмектесетіні баршаға мәлім.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медициналық бөлімшесінің бастығы, медициналық қызмет майоры Сергей Золотарев әскери қызметшілер осындай игі іске үлес қосып, донорлықтың қаншалықты маңызды екенін көрсету керек деп санайды.
– Өзім де дәрігер маманы болғандықтан мұндағы қызметкерлердің қажетті қан қорын қалыптастырудағы маңызды жұмысын жақсы түсінемін. Біздің әскери қызметшілер тегін донорлық іс-шараларға ұдайы қатысып тұрады. Себебі бұл игі істің нәтижесі адам өмірін аман алып қалуға септігін тигізеді. Тапсырған қаның бір жанның өміріне араша болып жатса, одан асқан қуаныш жоқ, – дейді С.Золотарев.
Әскери қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін паш етіп, қоғам өміріндегі белсенділіктерін де растайтын жақсы үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала