Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Барлаушылар барын салды

Барлаушылар барын салды
ашық дереккөз
Барлаушылар барын салды
Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында полктік-тактикалық оқу-жаттығулары өтті. Оқу-жаттығуға Луговой гарнизонының барлау бөлімінің әскери қызметшілері қатысты. Төрт күн бойы барлаушылар көз ілместен, демалмай, жауды анықтау және іздеу бойынша жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындады. Оқу-жаттығу әскери бөлімді толық жауынгерлік әзірлікке келтіруден басталды. Мұндағы сарбаздар өз командирлері, подполковник Алмас Қабиевтің жауынгерлер дайындаудағы еңбегін еш кетірмеді. Жас жауынгерлер өз тапсырмаларын тиянақтылықпен орындап, бөлімшедегі жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы барлау басқармасының бастығы, подполковник Ербол Серғазиннің айтуынша, мұндай оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу сарбаздардың шыңдалуы үшін маңызды. – Жауынгерлік әзірлік бөлімшелердің ең қысқа мерзімде тәуліктің кез келген уақытында, кез келген климаттық жағдайда жиналып, жау шабуылына тойтарыс беруге дайын болуы үшін қажет. Бұл тұрғыда барлаушылар қырағы болу керек, өйткені олардың қызметінің ерекшеліктері асқан жауапкершілікті талап етеді, – дейді Е.Серғазин. Барлаушылар ұрыс алаңына тың дайындықпен келді. Сарбаздар алдымен өз бағыттарына қарай бөлінді. Жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау үшін оларға әскери техникамен 50 шақырымдай жол жүріп, тау шатқалына жетуге тура келді. Оқу-жаттығу жұмыстарына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары, полковник Ержан Ибраев жетекшілік етті. – Оқу-жаттығудың бірнеше тәрбиелік мақсаты бар. Ең алдымен, дайындықты өткізу барысында әскери қызметкерлердің нақ соғыс алаңында жүргендей әсерде болуына аса мән берілді. Яғни оқу-жаттығуға қатысу кезінде әскери қызметкерлердің нақты әскери шиеленіс жағдайында жүргендей әрекет етуі керек болды. Кез келген жағдайда әскери қызметшілер жоғары моральдік және жауынгерлік рухты сақтап, жауынгерлік тапсырмаларды мұқият орындауға дайын болуы керек. Міне, осылайша біз сарбаздардың бойында сенімділікті, батылдықты және ұрыстағы белсенділікті оятамыз, – дейді Е.Ибраев. Аға лейтенант Жандос Бектұр басқарған «Альп» ротасы, майор Азамат Таубасов басқаратын «Аэромобиль» ротасы, аға лейтенант Абзал Молдабай басқаратын «Амфибиная» ротасы және басқа да бөлімшелердің жауынгерлері таулы аймақтарда өз тапсырмаларын еш кемшіліксіз орындады. Олар шатқалдардағы қиындықтардан тайсалмай өтіп, судағы кедергілерді оңай жеңіп, тікұшақтан құрлыққа қонғанда да үздік нәтиже көрсетті. Әрбір бөлімшенің өзіндік нақты міндеттері болғанымен мақсат бір болды. Негізгі мақсат – қорғаныс операциясы кезінде жауға тойтарыс беріп, жеңіске жету. Жас барлаушылар өздеріне артылған сенімнің үдесінен шыға алды. Арнайы тактикалық оқу-жаттығу кезінде жедел және сауатты әрекеті үшін топ командирі, лейтенант Дмитрий Фоменко марапатталды. Дмитрий және қарамағындағы ондаған сарбаз жаудың жасырын позициясын кеңестер мен жеңілдіктерсіз жылдам тапты. Дмитрий Фоменко өзінің жоғары кәсібилігін бірінші рет дәлелдеп отырған жоқ. Өткен жылы әскери университетті үздік бітірген лейтенант Фоменко Астанада Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан үздік диплом алған. – Мұндай тактикалық оқу-жаттығулар офицерлердің бөлімшелерді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне жеткізу кезіндегі іс-әрекеттерді жаттықтыру кезінде кәсіби шеберліктерін шыңдау, шебер және шешуші іс-әрекеттер үшін практикалық білімдерін жетілдіру мақсатында өткізіледі, – дейді Ержан Ибраев. Командирлермен бірге 03811 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары да әскери шеберліктерін шыңдады. Олар да полктік арнайы-тактикалық оқу-жаттығуларға қатысу арқылы әскери сынақтан өтіп, тәжірибе жинады. Оқу-жаттығу аяқталған соң екі апта өткенде сарбаздар Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеп, үйлеріне оралады. Ал жаттығуға қатысу барысында алған ұмытылас эмоциялары жарқын естелікке айналады. «Оңтүстік» әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуковтың сөзінше, әскери қызметке шақырылған сарбаздардың әскери есепке алу мамандықтарына сәйкес оқу тапсырмаларын орындау сапасы олардың жоғары оқу орнына түсу кезінде көрсете алатын қызметтік сипаттамаларына оң әсерін тигізеді. Нақтырақ айтсақ, ұсыныс хаттар әскери қызметшілерге ҰБТ-сыз жоғары оқу орындарына түсуге көмектеседі. Ал ерекше көзге түскендер грантқа ие болады. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар