Өзіңе инвестиция жаса
Инвестиция – бұл қарапайым математика. Инвестиция жасау қиын емес. Оны қолжетімді бағамен бастасаңыз да болады. Мәселен, KASE платформасына тіркелген еліміздегі кез келген компанияның немесе әлемдік қор биржаларында сауда көрігін қыздырып отырған танымал компаниялардың да акцияларын сатып алу арқылы инвестор болып баюға болады.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы үлгідегі «iPhone» маркалы смартфонның бағасы бір жарым милллион теңге тұрады. Ол елдің бәріне қолжетімсіз. «iPhone»-ның өзін емес, оның акциясын 85 236 теңгеге сатып алып, үстінен қаржы көретіндей дивидент алып отырсаңыз да үлкен пайда. Сонымен қатар банктерді байытпай, олардың акциясын да болмашы бағаға сатып алуға болады. Осы секілді тиімді компанияларға инвестор болып, қаржыңызды ұлғайтқыңыз келсе, ізденіңіз. Еліміздегі танымал заңгердің бірі Гүлмира Қарасайқызының осы тақырыпқа қатысты берер ақыл-кеңесі оқырман үшін пайдалы деп ойлаймыз.
– Акция – белгілі бір компанияның сатылымға шыққан үлесі. Ең әуелі, одан құнды қағазды сатып аласыз. Брокерлік шот ашасыз. Осылайша акционер атанасыз. Ескеретін жайт, акция құны компанияның кірісіне байланысты. Мәселен, депозитте сақтаған қаражатыңыздың сыйақысы ай сайын тұрақты түрде 10-15 пайызға артса, акция құны әртүрлі. Бірде 40 пайызға, бірде тіпті 200 пайызға дейін өсуі мүмкін. Немесе керісінше құны құлдырайды. Сол үшін «сауатты» сауда жасау маңызды. «Ақшам жоқ болса, немен инвестиция жасаймын?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Менің айтарым, сағыз шайнамай-ақ, темекі шекпей, энергетикалық сусын, кофе ішпей-ақ еліміздегі ең ірі қаржы ұйымдарының бірі «Нalyk Вank»-тің екі акциясын 1200 теңгеге алуға болады. Акцияларды көп алатын болсаңыз, әрине, өзіңізге жақсы, – дейді ол.
Тақырыпқа тұздық болсын. Осы заңгер «тойға барғанша, оған ақша шашқанша, сол ақшаны акцияның өсімінен ұлғайт» деп жүр. Яғни инвестор бол дейді. Ол бала күтімі бойынша жәрдемақы алып отырған ана да аз ақшамен инвестиция жасай алатынына сендіреді.
Жансая Сапарбай 22 жаста. Тәуекелге бел буған жас акционер. Әуелі отандық банктен акция сатып алған. Кейін америкалық компаниялардың құнды қағаздарына қызығады. 3 жылдан бергі табысы әжептәуір. Қазір 40 миллионнан астам теңгесі айналымда жүр. Ол: «Бұл Қазақстанда мүлдем дамымаған сала. Қазір үшінші жыл. Табыс көзін алып келетін салама айналды. Қарапайым адам, ең бірінші, білім алғаны жөн. Менің өзім мыңға жуық адаммен жұмыс істедім. Көпшілігі алданып қалып жатады», дейді.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, құнды қағаздар сатылымға шығарылып жатқанымен қазақстандықтардың акция сатып алуға деген қызығушылығы төмен екен. Акционерлер мен қаржы саласының мамандары осындай пікірде. Шетелдіктер үшін құнды қағазды сатып алу дағдыға айналса, бізде бұл әлі де таңсық сала. Ал акционерлерді көбейту – ел экономикасын көтерудің бір тетігі. Акционер атану үшін нені білу керек? Акциялардың бағасы әртүрлі. Құнды қағаздар құны 100 теңгеден бастап жүздеген мың теңге аралығында. Мамандар бастапқыда орташа есеппен он мың теңгеге сатып алған жөн дейді. Акционер атану үшін, ең алдымен, сатып алушы мен сататын компания арасындағы делдал, яғни брокерлік компанияны дұрыс таңдау керек. Өйткені алаяқтар көп. Келесі қадам – акцияларын сатылымға шығарған компанияның бүгіні мен болашағын әбден зерттеу қажет.
Қазақстандықтар үшін шетелдік компания акцияларын алуға еш шектеу жоқ. Қазірдің өзінде отандық акционерлер 52 елдегі ең танымал компания акцияларын сатып алып, пайдасын көріп келеді.
«Инвестор деген кім?» дегенде көзімізге ірі, ауқатты, бай адам елестейді. Жасырын емес, қарны шыққан, жарқ-жұрқ етіп елде жоқ киім киген, яхтасы мен ұшағы бар маң-маң басқан адам ойға оралатыны анық. Бірақ біз қателесеміз. Инвестор – кейде түк пайда көрмей тиын санап қалатын, кейде ақшасы асып-тасып жататын, ақшасын өзін дамытуға арнайтын кәсіпкер немесе қарапайым адам. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде. Айырмашылығы сол, ол ақшасын тауарға, тауарды ақшаға айналдыра алады. Тәуекелге бел буудан қорықпайды. Ойға алған ісін 72 сағаттың ішінде жүзеге асырады. Ал енді біздегі инвесторлар қайда инвестиция салып жүр, осыған назар аударайық.
– Ивестициялау – бұл сіздің ресурстарыңызды капиталды ұлғайту мақсатында пайдалану. Инвестициялау негіздерін үйрену арқылы сіз ақша табуды бастай аласыз, бірақ қаржылық еркіндікке апаратын жолдың басында жиі кездесетін қателіктерден аулақ болғаныңыз жөн. Инвестор болу үшін брокерден – нарыққа кәсіби қатысушыдан шот ашу немесе әртүрлі актив қоржыны ретіндегі пай қорларының үлесін сатып алу қажет. Брокерде шот ашқан жағдайда инвестор қаржы активтерін белсенді түрде сатумен өз бетінше айналысады. Пайларды сатып алу кезінде инвестор басқарушы компанияға өз ақшасын береді және одан әрі инвестициялық шешімдерді басқарушы компания қабылдайды. Брокерлік қызмет көрсететін компаниялардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң реттеледі, – дейді қаржы маманы Айсана Тымбаева.
«Қолыма қарға тышқанда», «байығанда инвестиция жасаймын» деу – үлкен қателік. Сосын инвестицияны жаңа бастағандар 100 мың теңге салып, тез арада 400 мың теңге етіп алғысы келеді. Бұлай асықпаған жөн. «Кемпір беріп, қыз алу» дегендей, бұл да үлкен қателік. Сондықтан ұзақмерзімді инвестиция жасау керек. Қазақтарға инвестиция бейтаныс дегенімізбен бұл жаңа замандағы ақшаны көбейтудің жаңа тәсілі. Ата-бабамыз «Tesla», «Apple» компанияларының акцияларын алуды білмесе де бұзаулы сиыр сатып алып, оны өсіріп, мал басын көбейтіп, құрт-майын алған. Яғни өсім де көрген. Үстінен дивидент те тапқан. Заманауи атауы «инвестиция жасау» деп аталғанымен атам қазаққа инвестиция жат емес. Жоғарыда айтқанымыздай, олар төрт түлікке инвестиция жасаған.
– Мысалы, «Apple»-дің акцияларын қымбат санайтындар үшін оның баламалы нұсқалары барын еске саламыз. Бүгінде акцияларын 1050 теңгеге, бар-жоғы 164 теңгеге сатып алуға болатын компаниялар да бар. Бұл бір шыны кофе бағасынан да арзан. Қазақстандықтар өздері білмесе де белгілі бір деңгейде инвестор екенін атап өту керек. Экономикалық белсенді халық, яғни жұмыс істеп, ақшасын өзінде ұстамай, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдерін жасайтындарды инвестиция салып жатыр деуге болады. Сондықтан әр қазақстандық – инвестор деп айта аламыз, – дейді Гүлмира Қарасай.
Маманның пайымдауынша, банк картасын ашу қалай оңай болса, қазір брокерлік шотты ашу да тура сондай оңай жұмысқа айналды. Ал акция сатып алу онлайн дүкенде тауар сатып алғанмен бірдей. Кез келген адам үйінен ешқайда шықпай-ақ, брокерлік компания қолданбасын жүктеп, тіркеуден өтіп, инвестор атана алады. Оған бар-жоғы 5 минут уақыт кетеді. Енді акция сатып алу үшін тіпті брокерге қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы іспен шұғылданатын инвестициялық банктер мен компаниялардың ұялы қосымшасын жүктеп алса жеткілікті, сол арқылы екі-үш рет түртіп, жаһандық кез келген алпауыттың акцияларын сатып алуға болады. Сондай-ақ қазақстандықтарға енді үйден шықпай-ақ «NYSE/NASDAQ», «London Stock Exchange», «MCX», «SPB Exchange», «HKEX», «Frankfurt Stock Exchange» сияқты әлемдік қор биржаларында акциялар саудасына қатысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін құнды қағаз сатып алу күрделі болды. Алдымен брокерге хабарласып, брокерлік шот ашу қажет еді. Содан кейін компьютер-ноутбугыңызға платформаны орнатып, сертификаттарды жүктеп, логин мен пароль енгізіп, қаптаған рәсімдерден өту қажет болатын. «Apple», «Meta» («Facebook»), «Google», «Tesla» секілді әлемдік алпауыт компаниялардың акцияларын сатып алып қойсаңыз, бірер жылдан соң олардың құны жүздеген мың долларға қымбаттайды. Тіпті бір бөлігін мұраға қалдыруға болады.
Әлеуметтік желілерде акциялар саудасын жарнамалап жүрген қазақстандық блогерлер бар. Олар көбіне алпауыт компаниялардың құнды қағазын сатып алғанын көрсетіп, мақтанады. Осыған қызыққан көрермендері еш дайындықсыз биржаға асығады. Бірақ биржа жаққа аяқ баспас бұрын ең құрығанда құнды қағаздар саудасының әліппесімен танысып алатындар аз. Яғни қаржылық сауатыңызды арттыру қажет. Қорыта айтқанда, біз акция сатып алу ісін табысты кәсіп дегіміз келеді.
Эльмира Байназарова
Келесі мақала
Келер жылы кімдердің еңбекақысы өседі?
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Моңғолияда Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024