Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараз төрінде классикалық әндер шырқалды

Тараз төрінде классикалық әндер шырқалды
ашық дереккөз
Тараз төрінде классикалық әндер шырқалды
Қазақ халқы өнерден кенде емес. Оның ішінде ән өнері де ежелден-ақ қалыптасып, халқымыздың бітім-болмысымен біте қайнасып, заманға сай дамып отырғаны белгілі. Сан ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлы өнерін жалпақ жұртқа дәріптеп-дамыту, халықты саф өнермен сусындату, төл өнерімізді классикамен ұштастырып төрткүл дүниеге таныту, ән өнерін биікте қалықтату жолында тер төккен талантты әншілер мен композиторлар елімізде аз болмаған. Жалпы музыканың бірнеше жанры бар десек, оның ішінде классикалық туындылардың маңызы айрықша. Кеше Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында классиканың таңғажайып сырлары бар мелодияларының үндесуімен көрермендердің ішкі сезім күйлеріне әсер беріп, рухани жандүниесін байытуды көздейтін керемет бір іс-шара көрініс тапты. Анығын айтқанда, аталған саябақта Тараз қаласының тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Күзгі әуен» классикалық өнер кешінің куәсі болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те осы керемет кеш көрермендерінің қатарынан табылды. Отандық опера орындаушылары арқылы көрерменді сахна мәдениетін тануға, классикалық үлгідегі кәсіби музыканы тыңдай білуге жетелейтін аталған өнер кешін тамашалаушы жұрттың қарасы қалың болды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің классикалық музыка әлеміндегі танымал музыканттар мен белгілі әншілердің шығармашылығын халыққа кеңінен насихаттау, әншілердің жоғары орындаушылық шеберліктерін жұртшылыққа дәріптеу және көрерменнің рухани болмысын классикалық музыканың таңғажайып сырлары мен бояуына қанықтыру. Кеш шымылдығы Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің орындауындағы халқымыздың ұлы композиторы Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әніне негізделген увертюрамен ашылды. Мәди Өмірзақов дирижерлік еткен аталған оркестр «Күзгі әуен» классикалық өнер кешін бастан-аяқ сүйемелдеді. Кеш барысында жұртшылық Әлем операсының алтын даусы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызының орындауындағы халық әні «Гүлдерайымды» аса ықыласпен тыңдады. Опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова шырқаған халық әні «Гаухартас», Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні де талайдың жүрек қылын тербеді. Сонымен қатар танымал скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Әсел Уашева, Айна Қалмағанбетова, Бахром Муминов және кең диапозонды әншілер – Жұлдызай Мұсаева, Нематилло Зкруллаев, Мадихан Дүйсеев, Айбек Қанатбек, Дияс Әбилеков сынды өнер шеберлері әлемнің және еліміздің бірқатар классикалық туындысын табиғи дауыста орындады. Осылайша музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар өнер иелері ұсынған классикалық туындылар тараздықтарды керемет әсерге бөледі. Нұрым СЫРҒАБАЕВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар