Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ГАЗДЫ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІН ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАП ЖҮРМІЗ?

ГАЗДЫ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІН  ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАП ЖҮРМІЗ?
ашық дереккөз
ГАЗДЫ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІН ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАП ЖҮРМІЗ?
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының ұйымдастыруымен жылыту маусымын қауіпсіз өткізу бойынша арнайы жиын өтті. Кеңесте тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығына техникалық қызмет көрсету мәселелері қаралды. Жиынды облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мәулен Қожақов ашып, жүргізді. Өз кезегінде сөз алған «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Владислав Кисиков салада кейбір олқылықтар мен техникалық жұмыстардың жай-күйі туралы баяндады. В.Кисиков 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 19-бабы бойынша, тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын оларға техникалық қызмет көрсетуге шарт жасаспай пайдалануға тыйым салынатынын жеткізді. Сондай-ақ Заңның 3-тарауының 19-бабының 3,5,6-тармақтарына сәйкес ішкі газ құрылғыларын орнату бәсекелестік ортада болғандықтан және оны тиісті аттестациялары бар ұйымдар жүргізетінін тілге тиек етті. Атап айту керек, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша техникалық қызмет көрсету шарты 30 пайыз орындалған. «Неліктен техникалық қызмет көрсету туралы шарт жасасу керек?» деген сауалға жауап берген филиалдың өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсупов: «Мамандандырылған ұйымдар жүргізетін пәтерлердегі немесе үйлердегі газ жабдықтары мен газ тұтыну жүйелерін үнемі тексеріп отыру және техникалық қызмет көрсету бұл дер кезінде ақауларды анықтап, төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туғызады. Өйткені көп жағдайда қайғылы жағдайлар газ қондырғыларының дұрыс жұмыс істемеуінен орын алып жатады. Сондықтан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, газ тұтынатын жүйелер мен газ жабдықтарының иелері техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасуға міндетті. Егер тұрғын үйдегі 50 пәтер иесінің 49-ы келісім жасасып, біреуі келісім жасамаса, онда қауіпсіздік бәрібір қамтамасыз етілмейді. Сондықтан бұл бірінші кезекте тұрғындардың өз өмірінің қауіпсіздігі үшін қажет. Әрі бұл келісімшарт Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сертификатталған кез келген мамандандырылған ұйыммен жасалуы тиіс», деді. Сондықтан қандайда бір мекемеде, ұйымдарда немесе тұрғын үйлерде келісімшарт болмаған жағдайда мамандандырылған ұйымның қызметкерлері пәтерлерде немесе үйлерде газ қондырғыларының жарамдылығын тексермейді. Мұндай кезде тұрғындар өздеріне ғана емес, жақын адамдарына, айналасындағыларға қауіп төндіреді. Өйткені газ жеткізушісі пәтерлерде және үйлерде газ қондырғыларының жарамдылығын және оны пайдалану қауіпсіздігін растамайды. Тіпті тұтынушыларға қызмет көрсету шарты болмаған жағдайда газбен жабдықтау жүйесінен ажырату көзделген. Ал өндірістік филиалдың бас маманы Айнаш Абдуалиева техникалық қызмет көрсету шарты қандай жұмыстарды мойнына алатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. – Біріншіден, шарт негізінде техникалық қызметкерлер газ жабдықтары мен газ құбырларын орнатудың газбен жабдықтау жобасына және абоненттік картаға сәйкестігін, оның газ құбырлары мен арматураларын, тұрмыстық газ жабдықтарын аспаптық әдіспен немесе сабын эмульсиясы арқылы қосу тығыздығын тексереді. Сондай-ақ газ жабдықтарының тұтастығы мен толықтығын, газ құбырларына орнатылған клапандардың жұмысын тексеру және майлау болып табылады. Сонымен қатар барлық қауіпсіздікке қажетті жұмыстар жүргізіледі. Одан кейін міндетті түрде тексеру туралы ескерту, тұтынушыларды үйде газды қауіпсіз пайдалану ережелерімен таныстыру және шкафтың реттеу нүктелерін, газ құбырларын коррозиядан қорғауға арналған қондырғыларды ұстау қатарлы біршама маңызды жұмыстар шарт аясында жүйелі түрде қадағаланатын болады, – деді А.Абдуалиева. Айта кету керек, облыста өткен жылдың шілде айынан биылғы қыркүйек айына дейін газды тұрмыста қолдануға байланысты 69 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 179 адам уланып, 9 адам қайтыс болған. Мамандар жазатайым оқиғалардың негізгі себептері пеш мұржаларының бітелуіне және оның пайдалануға жарамсыздығына, пеш мұржаларының сыртқы бөліктері жылытылмағанына, қауіпсіздік автоматикасы жоқ үйдегі жылыту пештерін пайдаланумен қатар, газ аспаптары орнатылған бөлмелерде желдету арналарының болмауынан екенін айтады. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар