Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекет басшысы Қырғыз еліне ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы Қырғыз еліне ресми сапармен барды
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қырғыз еліне ресми сапармен барды
Көршілес, бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Келіссөздерге дейін Қырғызстан Президентінің «Ала-арча резиденциясы аумағындағы «Ақ кеме» мәрмәр шатырында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Мемлекет басшысы Қырғызстанға ресми сапары аясында Садыр Жапаровпен бірге «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық экономикалық интеграция. Инвестициялық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына онлайн форматта қатысты. Ал одан кейін екі ел Президенттері Қырғызстан астанасындағы «Театр» гүлзарының орталық аллеясына қойылған Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті және Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Ол келіссөздерде Жамбыл облысына да қатысты пункттер бар. Қазақстан Президенті шағын форматта өткен келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Қырғызстан Президентінің елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, жоғары деңгейдегі өзара сенімді және белсенді саяси диалогқа, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысына тоқталды. Президент Қ.Тоқаев Қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды. Жалпы, келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылып, бауырлас екі халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары да назардан тыс қалмады. Кездесу аясында Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларына «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің аумағында «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені құрылысының басталғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Содан кейін Мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды. Олардың ішінде Жамбыл облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум да бар. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі және «JOINT TECHNOLOGIES» ЖШС арасындағы «Ақ тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестиция тарту туралы меморандумға да қол қойылды. «Қарасу» автожол өткізу пункті Жамбыл жерінде екенін ескерсек, бұл облыс экономикасы үшін де өте маңызды болмақ.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар