Қордай өңірі қарқынды дамып келеді
Мемлекет тарапынан қолға алынған реформалардың нәтижесінде Қордай ауданы да қарқынды дамып келеді. Агроөнеркәсіп кешені алға басып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейді. Инженерлік инфрақұрылым тарту нәтижесінде тұрғын үй құрылысы да жандана түскен. Мұның барлығы да байыпты бастамалардың лайықты нәтижесі, берекелі бірлігіміздің жемісі екендігі сөзсіз.
Иә, ынтымақ болған жерде ғана ырысқа кенелетініміз ақиқат. Қоғамдық келісімнің қадірі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде нықтап тұрып айтты.
«Былтырғы референдум және сайлау науқандары бірлігіміздің бекем екенін айқын көрсетті. Сондай-ақ мемлекет пен қоғамның өзара сенімін нығайтты. Барша азаматтардың ел болашағына қатысты ұстанымы бір екенін танытты. Азаматтық бірегейлікті нығайту нәтижесінде өткен сайлау науқандарында этникалық немесе басқа да тар түсініктерге, ескі таптаурындарға жол берілмеді. Нағыз саяси бәсекелестік, көзқарас пен ой-пікір алуандығы сайлаудың ең басты жалпы азаматтық мотивіне айналды.
Біз Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне қадам бастық. Қоғамда жаңа идеялар, жаңа институттар, жаңа қоғамдық қатынастар белсенді қалыптасып келеді. Қоғам мен мемлекеттің бейнесін өзгертетін нағыз реформа дегеніміз – осы.
Жуырда ғана айтқан стратегиялық жоспарымыз іске асқан шындыққа айналды. Ертеңіміз біртіндеп бүгінге айналып келеді. Біз аса маңызды шешімдерді бірге қабылдап, ортақ болашағымыздың іргетасын бірге қалаймыз. Ортақ мақсатымыз реформаларымыздың қозғаушы күші болатынына кәміл сенемін. Жалпы айтқанда, біздің ең басты әрі теңдессіз жетістігіміз – осы», деді Президент.
Расында да татулық пен тұрақтылық бар жерде тасымыз өрге домалайды. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша аудан экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасты. Жалпы өңірлік өнім 96,5 миллиард теңге болып, экономикалық өсім 96 пайызды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп 100,5, ауылшаруашылығы 102 пайызға орындалды. Ал инвестиция 21,6 миллиард теңгені, құрылыс жұмыстары 11,7 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 100 пайызды құрап отыр.
Қордай ауданының даму жоспарында 2023 жылға арналған маңызды бағыттар бар. Мысалы, биыл 19 ауылдық округте 16 миллиард теңгені құрайтын 93 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 343 тұрақты және 67 уақытша жұмыс орнын құру көзделген. Жұмыр жоспар бүгінде жүйелі жүзеге асуда. Нақты нәтижелер де жоқ емес.
Жекелей тоқталып өтетін болсам, агроөнеркәсіп кешені саласында есепті кезеңге 2,3 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба іске қосылып, 50 жұмыс орны ашылды. Ал өнеркәсіп саласында 1,1 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба іске қосылып, 77 жұмыс орны ашылды.
Бюджеттік жобалар да халық игілігіне негізделген. Осы орайда биыл 11,1 миллиард теңгеге 22 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сәйкесінше 175 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Оның 67-сі уақытша болса, 106-сы тұрақты. Есепті кезеңге 2 жобаның құрылысы аяқталып, 23 тұрақты жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Беріктас ауылында ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пен Ауқатты ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, мамандар өз жұмысын бастап кетті.
Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Томарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да кәсіпкерлік саласына кеңінен тоқталды. «Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет.
Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет», деді Президент Жолдауда.
Қазіргі таңда ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 477 бірлікті құрайды. Сондай-ақ кәсіпорындарда 15 081 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі күнге ауданда түрлі бағдарламалар арқылы 3,8 миллиард теңгеге несие беріліп, 24 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы құны 349,3 миллион теңгені құрайтын 30 жоба қолдау тапты.
Ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – жұмыспен қамту шараларын жетілдіру.
Бүгінде Қордай ауданы бойынша экономикалық белсенді 73 923 тұрғынның 70 588-і жұмыспен қамтылған. Яғни жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. Осы орайда ұлттық жоба аясында жұмыспен қамту шараларына ауданға жалпы құны 1,3 миллиард теңге бөлініп, 670,1 миллион теңгесі игерілді.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 953 адам тартылып, 3 855 адам жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру мақсатында 2023 жылы 100 азаматқа 138 миллион теңге қаражат қаралды. Бүгінде 49 азамат 67 миллион 620 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.
Ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту саласы жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесінде 1 514 жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлердің саны 312-ге ұлғайып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны 95 отбасыға төмендеді.
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, аудан бюджетінің кіріс бөлігі жоспардағы 8 миллиард 146,2 миллион теңгенің орнына 9 миллиард 16,3 миллион теңгеге немесе 110,7 пайызға орындалды.
Қордай өңірінде ауылшаруашылығы саласы да дамып келеді. Биыл ауданда «Ауыл аманаты» жобасына 3 ауылдық округ қатысып, 1,9 миллиард теңгеге 354 ауыл тұрғынын 2,5 пайызбен несиелендірілу жоспарланған. Бүгінгі таңда Кенен ауылдық округінде малшаруашылығын дамыту бағыты бойынша 73 азаматқа, Қарасу ауылдық округінде 34 азаматқа, Қаракемер ауылдық округінде 29 азаматқа жеңілдетілген несие берілді.
Аудан бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 609 мың 175 гектарды құрайды. Оның ішінде шабындық жерлер – 9 103, жайылымдық жерлер 455 мың 101, егістік жерлер 139 мың 444 гектар көлемінде.
2023 жылдың өнімі үшін күздік бидай 22 500 гектар жерге себілді. Жаздық арпа – 46 500, дәндік жүгері – 8 000, майлы дақылдар –
900, қант қызылшасы – 500, картоп – 3 800, көкөніс – 6 500, бақша – 600, мал азықтары 39 940 гектарға орналастырылды. Биыл 65 341 гектарға егілген масақты дақылдар толығымен орылып, 60 767 тонна астық бастырылды. Аудан бойынша масақты дақылдардың орташа өнімділігі 9,3 центнерден айналды.
Аудан бойынша 84 500 мүйізді ірі қара, 19 500 жылқы, 472 700 қой-ешкі, сонымен қатар 1 500 шошқа, 133 000 құс бар. Биылғы 8 айда 9 890 тонна ет, 50 800 тонна сүт, 16 100 мың дана жұмыртқа өндірілді.
2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 571 миллион теңгеге барлығы 44 бірлік техника алынды.
Жалпы 16 219 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде тамшылатып суғару әдісі 14 806 гектарға, жаңбырлатып суғару 1 413 гектарға қолданылуда.
Мемлекет тарапынан аудан шаруашылықтарына күзгі дала жұмыстарына 1970 тонна кепілді дизель отыны бөлінді. Дизель отынының бағасы бекітіліп, бір литр құны 260 теңгеден айналды.
Биылғы қуаңшылық қордайлық шаруаларға да оңай тиген жоқ. Фермерлерге қолдау көрсету мақсатында Үкімет тарапынан ауданның 6 ауылында өңірлік деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептелді. Комиссия мүшелерінің жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде аудан бойынша 5 249 гектардың зардап шеккені анықталды. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан бекітілген технологиялық карта бойынша келтірілген шығын көлемі 2,1 миллиард теңгені құрады.
Ағын су мәселесі де баршамызды алаңдатпай қоймайды. Президент тапсырмасына сәйкес 2023-2025 жылдары ауданда «Ырғайты» және «Қалғұты» суқоймаларын салу жоспарланып отыр. Суқоймалардың жобалық-сметалық құжаттамасы жыл соңына дейін аяқталатын болады.
Одан бөлек суармалы жерлердің көлемін 2,8 мың гектардан 6,0 мың гектарға дейін ұлғайту және суқоймасының көлемін 8,5 миллион текше метрден 18,5 миллион текше метрге дейін жеткізу мақсатында «Қарақоңыз» суқоймасының көлемін ұлғайту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жайылым мәселесі де Мемлекет басшысының басты назарында. Аудан бойынша жайылым тапшылығын жою мақсатында 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде заң талаптарын бұза отырып берілген 17 жер пайдаланушының 534 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар игерілмеген жерлердің 2 149 гектары мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде 376,95 гектар егістік болса, 1772,05 гектары жайылым жерлер.
Егемен еліміздің ертеңі – жалынды жастардың қолында. Дана халқымыз «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деп ежелден-ақ өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жіті көңіл бөлген. Дұрыс бағыт-бағдар көрсетуге тырысқан. Бүгінгі мемлекеттік жастар саясатының да негізі осындай сабақтастықпен ұштасып жатыр. Осы орайда Президент Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде өскелең үрпақтың тәрбиесі өте мағызды мәселе екенін атап көрсетті.
«Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады.
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.
Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны тіпті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді», дей келе, Мемлекет басшысы нақты міндеттер жүктеді.
Бұл тұрғыда Қордай ауданында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асуда.
Жалпы аудан бойынша 14-35 жас аралығында 48 500 жас бар. Бұл аудан халқының 33 пайызын құрайды.
Жастарды жұмыспен қамту шараларына келетін болсақ, биылғы 8 айда 1 641 жас әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылса, 815 жас ваканттық бос жұмыс орындарына жолданды.
Қыркүйек айынан бастап 50 жас қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтылды. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 277 жас оқуын аяқтап, сертификаттарын алды.
Сонымен қатар 18 азаматқа жалпы сомасы 24 миллион 840 мың теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант берілді.
Жастар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту да күн тәртібінен түскен емес. Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы арқылы 3 қордайлық жас «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болды.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджеттен 16 маманға тұрғын үй сатып алуға 82,8 миллион теңге қарастырылса, аудандық бюджеттен көтерме жәрдемақы әлеуметтік қолдау шараларына 100 маманға 34,5 миллион теңге бөлінді.
2023 жылдың мамыр айының басында 51 маман 17,6 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды. Сонымен қатар бүгінде 38,8 миллион теңгеге 7 адам тұрғын үй сатып алуға өтінімін тапсырды.
Білім беру саласында да жетістіктер аз емес. Жаңа оқу жылында ауданымызда білім беретін 47 мемлекеттік, 18 бастауыш жекеменшік және сырттай оқыту мектебінде барлығы 32 018 оқушы білім алуда.
Ауданда жалпы 69 мектепке дейінгі мекемелерде 8 171 бала тәрбиеленуде. Жалпы ауданда 1-6 жас аралығында мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі 97,7 пайызды құрап отыр.
Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте «Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды», деп атап өткен болатын.
Денсаулық сақтау саласын дамыту –
жалпыұлттық міндет. Сондықтан да отандық медицинаны жетілдіру мақсатында жаңа реформалар қолға алынуда. Бүгінде Қордай ауданында 45 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта заманауи нысандардың қатары тағы да толыға түспек. Мысалы, жыл соңына дейін Аңырақай ауылындағы 5 ауысымға арналған медициналық пункттің құрылысы аяқталады.
2023 жылдың 8 айында аудан тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 73,3 жасты құрады. Есепті кезеңге аналар өлімінің көрсеткіші 100 мың тірі туғанға шаққанда тіркелмеген.
Халықтың денсаулығын нығайтуда салауатты өмір салтын насихаттаудың да маңызы зор. Осы орайда дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп тектен-тек айтпаса керек.
Баршаға белгілі, соңғы жылдары ауданымызда спорт нысандарының қатары көбейіп, нәтижесінде спортпен шұғылданатын тұрғындардың саны 64 532 адамға жетті.
Жалпы аудан бойынша 360 спорт нысаны жұмыс істейді.
Сонымен қатар ауданда облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 3 спорт мектебі қызмет көрсетеді.
Жергілікті жұртшылық жарқын жобалардың да шарапатын сезінуде. Атап айтқанда, аймақтық негізде «Асар», «Жомарт түлек», «Мейірім» жобаларының қолға алынуы көптің көңілінен шығып отыр.
2023 жылға «Асар» жобасы аясында 16 тұрғын үйді мұқтаж отбасыларға тапсыру жоспарланып, бүгінде 8 тұрғын үй қолданысқа берілді. Қалған 8 тұрғын үй жыл соңына дейін қолданысқа берілетін болады.
Аудан бойынша «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен биыл 150 миллион теңгені құрайтын 53 жоба іске асырылуда.
Сондай-ақ ауданда 2020 жылдан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Мейірім» жобасы аясында 97 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 5 миллион 250 мың теңгеден астам қаражат аударды.
Аудан халқының әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасын дамыту мақсатында алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.
Бегзат Болатбеков,
Қордай ауданының әкімі