Зияткерлік мектеп – зейінділер ордасы
Тараз қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебіне» – 10 жыл. Жуырда мерейтойға орай «Баласағұн» орталық концерт залында «Тарих боп қалар өткені, зайырлы елдің мектебі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концерт басталмас бұрын қонақтарға мектеп оқушыларының түрлі жобалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі таныстырылды.
Бұл күні мәдениет сарайында ине шаншар орын болмады Шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы педагогтардың әл-ауқат департаментінің директоры Венера Мусарова, тәрбие жұмысы департаменті директорының орынбасары Аида Төлендіқызы, педагогикалық өлшемдер орталығы директорының мониторинг және сыртқы жиынтық бағалау жөніндегі орынбасары Бауыржан Есенгелдинов, облыстық әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, білім беру ісінің ардагерлері, қала мектептерінің басшылары, ата-аналар, мектеп ұжымы, оқушылар қатысты.
Концерттік бағдарламаны танымал блогер Жансерік Қадырбаев жүргізіп, мектеп табалдырығын енді аттаған 7-сынып оқушыларымен тілдесті. Өзінің NIS Alumni екендігін, бүгінгі жетістіктеріне ұстаздарының арқасында жеткенін айтып, алғысын білдірді. Балалар да өз кезегінде жас блогерді айнала қоршап, аталған мектепте оқитындықтарын мақтанышпен бөлісіп жатты.
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 10 жыл ішінде 868 түлек бітірген. Соның ішінде 88 түлек Америка, Венгрия, Италия, Канада, Оңтүстік Корея Республикасы, Біріккен Араб Әмірлігі, Франция елдеріне оқуға түскен. 239 түлек Назарбаев университетінде, тағы 540 түлек өзге де отандық оқу орындарында білім алуда.
Заманауи үлгіде әзірленген мерекелік концерт мектептің ашылу кезеңдерімен байланыстырылып, тарихқа шолу жасалды. Түрлі жанрдағы билер, әсем симфонияға толы әуендер көрерменді елітіп әкетті. Домбырашылар оркестрінің өнері де көптің көңілінен шықты.
– Назарбаев Зияткерлік мектебі – нағыз білім мен тәрбиенің ордасы. 800-ден аса түлектің әртүрлі салада жетістікке жетуі осында отырған ұстаздардың үлкен еңбегінің нәтижесі. Үлгілі білім ошағының шәкірттері әр бағытта біліктіліктерін шыңдап, елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ендеше ғылым мен білімнің көші байсалды болсын,– деп, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың өз жалғасын табатынына сенімін білдірді.
Шара соңында мектеп тарихынан сыр шертетін презентациялар мен қысқа роликтер көрсетілді. Оқушылар орындаған халық әндері, күйлері мен бүгінгі заманның озық туындылары жиылған жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала