Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЛМАТЫ ЖӘНЕ АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ: ӘЛЕМ МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК

АЛМАТЫ ЖӘНЕ АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ: ӘЛЕМ МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК
ашық дереккөз
АЛМАТЫ ЖӘНЕ АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ: ӘЛЕМ МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК
Жуырда өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2023 жылдың 22-23 қазанында Астана қаласында Алматы декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және Астана декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша жаһандық конференция өтетінін мәлім етті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кетрин Рассел, денсаулық сақтау министрлері бастаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттердің 80-ге жуық делегациясы, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар қатысады деп күтіліп отырған шараның маңыздылығы неде? Ендеше бүгін біз көпшілікке мәлім де бәймәлім Алматы және Астана декларацияларының тарихы мен мазмұнына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. 1978 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференция өтеді. Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрi Төрегелді Шарманов бастап, республиканың бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей араласуы арқылы Алматыда өткен жиынға денсаулық сақтау iсiнiң өкiлдерiмен бірге мемлекет, үкiмет басшылары, депутаттар, губернаторлар қатысады. Әлемдік деңгейде мәні бар конференцияны Алматыда өткізу жолында кездескен қиындықтарды академик Төрегелдi Шарманов былайша еске алады: «1976 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы Женевада өткен мәжiлiсте өздерiнiң медициналық жедел жәрдем мәселесiне арналған кезектi конференциясын Кеңес одағында өткiзу туралы шешiм қабылдады. КСРО Денсаулық сақтау министрi Б.Петровский Ташкенттiң кандидатурасын ұсынды. Ал ол заманда Ташкенттiң Орта Азияның бейресми астанасы, орталығы болып есептелiп келгенiн бәрiмiз бiлемiз. Бұл ұсынысқа мен үзiлдi-кесiлдi қарсы болдым, Алматыда өткiзудi ұсындым. Тіпті Д.Қонаевқа кiрiп, «Қазақстанның аты үшiн, Алматының даңқы үшiн осы конференцияны бiз өткiзейiк. Бұл – Қазақстанның абыройын көтередi, тарихта аты қалады» деген едiм. Содан мәжiлiстен кейiн КСРО Денсаулық сақтау министрi Б.В.Петровскийге жолығып, егер конференция өткiзiлетiн орын жөнiндегi пiкiр өзгертiлiп жатса, Алматы қаласын үмiткер қатарына қосуды өтiндiм. Бұл сөзімді онша құптай қоймаған Борис Васильевич Ташкентпен Алматы теңесе алмайды деуге дейiн барды. Министрдiң бұл сөзi намысымды одан бетер қайрады. Сөйтіп, КОКП Орталық комитетiнiң ғылым және мектеп бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Валерий Александрович Балтийскийге жолығып, өз пiкiр-ұсынысымды жеткiзiп едiм, «Неге болмасқа, тырысып көр. Алайда бұл үшiн өз елiңдегi Орталық Комитеттiң келiсiмiн ал, Қазақстан басшысынан қолдау тапсаң, жақсы болар едi», деп жауап бердi. Әлемдiк жиынның Алматыда өтуiне көп қарсылықтарға қарамастан бар күшiмдi салып, Алматыны үмiткер қала ретiнде ақыры тiркеттiм. Конференция өткiзуге дайындық белсендi жүргенi соншалық, форумды өткiзу орнының үмiткерлерi қатарына Ташкент пен Алматы ғана емес, Тбилиси мен Новосибирск, Баку қалалары да кiрдi. Арнайы комиссия құрылды. Әрбiр үмiткер қалаға шектеулi қысқа мерзiм – екi күн берiлдi. Осы екi күн iшiнде бiз конференцияны өткiзу мүмкiндiктерiмiздi дәлелдеп шығу керек болатынбыз. Комиссия Ташкентте үш күн болса, Алматыда бiр-ақ күн болды. Бiрақ бiз осы бiр күннiң әр сағат, әр минутын сәттi жоспарлап отырдық. Конференция өткiзiлетiн Ленин, қазiргi Республика сарайының ғимараты, Ұлттық кiтапхананы аралап көрдi. Ленин сарайын аралап жүргенде комиссия мүшелерi дәретхана маңында көп кiдiрiп қалды. Бiр сылтау тапқан шығар деп барсам, ондағы тазалық мәселесi комиссия көңiлiнен шықса керек. Кешке қарай Денсаулық сақтау министрлiгiнiң конференц-залында Қазақстанның денсаулық саласы жайында кинофильм көрсетiлдi. Атақты әртiстердiң күшiмен концерт қойдық. Кешкi астан кейiн комиссия Новосибирскiге ұшып кеттi. Үшiншi күнi Мәскеуден О.П.Шепин телефон шалып, Алматының комиссия мүшелерiн таңғалдырғанын, әсiресе тазалығымен сүйсiндiргенiн айтып, конференцияны Алматыда өткiзу жөнiнде шешiм қабылданғанын жеткiздi», дейді сол кездерi Қазақстанның денсаулық сақтау министрi қызметiн атқарған академик. Сонымен, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясы өтеді. Конференция нәтижесінде арнайы декларация қабылданады. Бұл медицина саласының әлем бойынша жеткен жетістігі еді. Декларация қабылданғанға дейін дүниежүзінде жылына бес жасқа дейінгі 15 миллион бала қайтыс болады екен. Ал құжат қабылданғаннан кейін көрсеткіш бірте-бірте төмендеп, 1990 жылы балалардың өлім-жітімі 13 миллионға дейін төмендеген. Осылайша балалардың өлімі азайып, орта жастың деңгейі ұлғайып, жалпы халықтың денсаулығы жақсарады. Одан бөлек құжаттың негізінде мемлекеттер адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болған және алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң ұлттық жүйесiн ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжат негізінде бекiтiлдi. Сонымен қатар құжаттың Алматыда қабылдануы біздің әлемдік деңгейдегі орнымыздың тұрақтануына үлкен әсері болғаны анық. Тіпті конференциядан кейін Қазақстанның даңқы мен аты шарықтап кетті деуге де болады. ХХ ғасырдағы денсаулық сақтаудың «Ұлы хартиясы» деген атпен тарихқа енген Алматы декларациясы – дүниежүзiлiк денсаулық сақтаудың iргетасын қалаған құжаттардың бiрi де бірегейі. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң ұлттық жүйесiн ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжатпен бекiтiлдi. Алғашқы дәрiгерлiк-санитарлық көмек көрсету туралы декларацияға биыл 45 жыл толса да өзiнiң маңыздылығын әлi жойған емес. Медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз ету, тұрғындардың денсаулығы мен әл-қуатын тұрақты жақсарту бүгiнде Қазақстанның басым бағыттарының бiрi болып отыр. 45 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда халық денсаулығы әлдеқайда жақсара түстi, өмiр сүру мерзiмi де анағұрлым ұзарды. Саламатты өмiр сүру саламатты тамақтану қағидалары қалыптасты. Араға 40 жыл салып, яғни 2018 жылы Алматы декларациясының 40 жылдығына орай Астана қаласында «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» тақырыбымен жаһандық конференция өтеді. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша ұйымдастырылған алқалы жиынның алғашқы күнінде Астана декларациясы қабылданды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 140-тан аса елден 1 500-ге жуық өкіл қатысқан басқосуға бейнеқұттықтау жолдаған ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана декларациясын қабылдау әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды кезең болатынын айтып, бұл жаһандық деңгейде адамдардың денсаулығын жақсартуға үлес қосатын бағдарламалық құжат екенін жеткізді. «Осыдан 40 жыл бұрын әлем жұртшылығы Алматы қаласына жиналып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттер алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясын қабылдады. Онда халықты санитарлық бағытта ақпараттандыру, ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, оның ішінде вакцинация мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар болды. Одан бері әлемнің денсаулық сақтау бағыты осы негізгі бағыттар бойынша дамып келе жатыр», деді Президент. 1978 жылғы жиналыста алғашқы көмек пен инфекциялық аурулар өте маңызды мәселе ретінде қаралып, талқыланса, бұл жолы жұқпалы емес аурулардың алдын алу, вакцинация және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар басты назарда ұсталды. Сонымен қатар Астана декларациясында адами капиталды дамытуға, цифрлы технологияларды қолдануға барынша мән берілді. Сондай-ақ құжатта 40 жылдан бергі ғылыми-техникалық прогресс есепке алынып, түрлі жаңартылған құжаттарға қол қоюмен дараланды. Ең бастысы бұрынғы қабылданған құжаттардың қағидаларын сақтауға баса мән беріп, барлық елде адам денсаулығына байланысты қабылданатын түрлі құжаттардың маңызды екенін айқындады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлініп, барлық мүмкіндіктер жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп келеді. Жолдау жүктеген міндеттер аясында облысымызда да ауқымды жұмыстар атқарылған. Медициналық нысандар бой көтеріп, материалдық-техникалық база жақсарып, маман тапшылығы жыл санап азайып, ең бастысы тұрғындардың өмір сүру сапасы мен денсаулығы жақсарып келеді. Басқа да шешімін тауып жатқан мәселелер жетерлік. Халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да бір сәтке бәсеңдемей, қарқынды жалғаса бермек. Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар