Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘДЕНИЕТ майталмандарымен кездесті

МӘДЕНИЕТ майталмандарымен кездесті
ашық дереккөз
МӘДЕНИЕТ майталмандарымен кездесті
«Көне Тараз» кешеніндегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстағы мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы мақсаттардың орындалуы, Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырма аясында әзірленіп жатқан идеологиялық концепцияның бағыттары, аймақта жастар театрын ашу секілді жоба-жоспарларды тілге тиек етіп, өнер мен мәдениеттің деңгейін арттыру үшін қандай өзгерістер енгізу қажет екенін зерделеу үшін жүздесіп отырғанын жеткізді. Бүгінде облыста 500-ге жуық мәдениет саласына қарасты мекемеде 3,5 мыңнан аса маман қызмет етуде. Аймақта биыл 14 мәдени нысанның құрылысы жүргізіліп жатса, 30 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Artsport» бағдарламасы аясындағы қызметтердің сапасына тоқталып, осы бағыттағы 170-тен аса үйірме мен 7 мың балаға қолайлы жағдай жасау керектігін тапсырды. Сол секілді туризм саласын дамытуға қатысты ойларын да ортаға салды. – Ең алдымен, біз әрбір туристік орынға тиісті инфрақұрылымды тартып, оған облыс тұрғындары мен қонақтар, шетелдік туристер келе алатындай жағдай жасауымыз керек. Көрші Алматы, Түркістан облыстары бұл бағытта «Visit-орталықтар» салып, түрлі фестивальдар мен іс-шаралар ұйымдастыруда. Біз де осы бағытта тиісті жұмыстар атқаруымыз қажет. Мәселен, әлем бойынша тек Әулеатада ғана өсетін қызғалдақтар бар. Бұл ретте аймақты қызғалдақтар астанасы етіп, «National Geographic» секілді жаһанға белгілі телеарна арқылы көпшіліктің қызығушылығын тудыруға болады, – деді облыс басшысы. Мұнан соң Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков әйгілі трионың құрылғанына келесі жылы елу жыл толатынын, өнер ұжымының мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге қолдау білдіруді сұрады. Сонымен қатар өнер иесі жалпы отандық трио ұғымы тұңғыш Тараз топырағында өмірге келгенін де айрықша атап өтті. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, ҚР Халық әртісі Мәкен Рақымжанова алдағы жылы облыстық қазақ драма театрының құрылғанына – 90, ал 2025 жылы Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толатынын, сондықтан халықаралық театр фестивалін ұйымдастыру туралы ұсынысымен бөлісті. Сондай-ақ театр ғимаратына күрделі жөндеу, тым болмаса ғимараттың сыртқы келбетін заманауи етіп әрлесе екен деген ұсынысын ортаға салды. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай театр ғимаратының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге келесі жылы ұсыныс берілетінін мәлімдеді. Аймақ басшысы аталған ұсыныстар қолдау табатынын, алдағы күндері театр ұжымына арнайы барып, мәселелерді өз көзімен көріп, зерделейтінін айтты. Ал «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде сала мамандарының жалақысы көтерілгенімен басқа салалармен салыстырғанда айтарлықтай аздық етіп отырғанын, саладағы техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы кезінде сауықтыру ақысы төленбейтінін, сырттан алдыратын білікті мамандарға аймақта арнайы жатақхананың жоқтығын мәселе етіп көтерді. Тиісті жағдай өз деңгейінде жасалмаған соң кәсіби мамандар өңірімізде тұрақтамайтын көрінеді. Аталған мәселелерді аймақ басшысы тікелей назарына алатынын, көрші Алматы, Шымкент, Қызылорда өңірлерінде бұл жағдай қалай шешіліп жатқанын зерделеп, салыстырмалы түрде жан-жақты қарастырылатынын баяндады. Сонымен бірге мәдениет саласы өкілдерімен тоқсан сайын кездесіп тұруға уәделесіп, естелік фотоға түсті. Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар