Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ҚАШАНДА БИІК

МҰҒАЛІМ  МӘРТЕБЕСІ ҚАШАНДА БИІК
ашық дереккөз
МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ҚАШАНДА БИІК
Ұстаз – ең қастерлі ұғымның бірі. «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген екен орыстың атақты педагогі В.А.Сухомлинский. Ал ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жаны» деп бекер баға бермеген. Қоғамның дамуы – білім саласының дамуына тікелей байланысты екендігі еш дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал сол білім нәрін беретін педагогтардың қызметі әрқашан құрметке лайық. Бүгінде облыс бойынша 26 331 педагог қызмет етеді. Білім сапасы педагогтың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты десек, облыс ұстаздарының биылғы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, 2023 жылы академик Асқар Жұмаділдаев атындағы халықаралық және IMPACT ашық шығармашылық байқауында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 25 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада II орынды иеленді. Сонымен қатар республикалық «Үздік педагог» байқауында 3, «Жылдың ең үздік психологі» байқауында 2, «Инновациялық педагогикалық идеялар» фестивалінде 6, «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасында 3 педагог жеңімпаз атанса, халықаралық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасында – 4, жас математиктер арасында өткен халықаралық А.Жұмаділдаев атындағы байқауда 5 ұстаз жүлделі орындарды иеленген. – Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім басқармалары қызметіне жүргізілген кешенді мониторинг нәтижелері бойынша облыстағы оқу-әдістемелік орталығының іс-тәжірибесі 2023 жылдың шілде айында республика көлемінде таратылды. Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау бойынша да өңірдің оң тәжірибесі республикаға ұсынылды. Аталған жетістіктер – облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы дәлелдеп отыр. Білім сапасы педагогтардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. 2023 жылы 9 923 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ал осы жылдың қаңтар-мамыр айларында 6 090 педагог аттестаттаудан өтуге құжат тапсырып, қағида талаптарына сәйкес білімін бағалауға (тестілеуге) 1 922 (31,6 пайыз) педагог жолданып, 971-і (50,5 пайыз) тестілеуден өтті. Оның ішінде 882 мұғалім өтініш берген санатын растаса, 89 педагогке бір саты төмен біліктілік санаты берілді. Сондай-ақ қағида талабына сәйкес оңайлатылған тәртіп бойынша құжат тапсырған 30 жыл педагогикалық өтілі бар 239 педагогтың 191-і (79,9 пайыз) біліктілік санатын алды. Колледждерден 188 педагог құжат тапсырып, оның 161-іне (85,6 пайыз) біліктілік санаты берілді. Бұл – педагогтардың кәсіби шеберлігін шыңдауда мол шығармашылық ізденісті қажет ететіндігін көрсетеді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Орынбекова. Ел қорғаған батыр да, сөз саптаған ақын да, көш бастаған көсем де, билік айтқан шешен де, бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Яғни ұлағатты ұстаздарға бүкіл адамзат құрметпен бас иеді. Сондықтан ұстаздар күні 5 қазан болып бекітілгенімен мұғалімге деген ілтипатымыз бір сәтке де бәсеңдемейтіні ақиқат. Айжан Өзбекова
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар