Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алина Айдаралы – бас жүлдегер

Алина Айдаралы – бас жүлдегер
ашық дереккөз
Алина Айдаралы – бас жүлдегер
Айтыс – қазақ үшін қасиетті өнер, баға жетпес құндылық. Оны Жамбыл Жабаевтың ізбасарлары – Әулиеатаның айтыскерлері де жақсы түсінеді. Әулиеата өңірінде басқа құндылықтармен қатар, айтыс өнері де жақсы дамыған. Алдыңғы толқын Шорабек, Әзімбек, Мұхамеджан, Алтынкүл, Күміскүл, Айнұрларды айтпағанда, Қанат Мырзахан бастаған жастардың да талай биікті бағындырып жүргені белгілі. Сол жас толқынның бірі – Алина Айдаралы. Жақында Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш топырағында «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында республикалық дәстүрлі ақындар айтысы мәресіне жетті. Осы айтыста жерлесіміз, Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алина Айдаралы қарсылас шақ келтірмеді. Ол әуелі шымкенттік Аян Қуаныштан басым түсті. Алинаның: Жамбылдық Қанат ақын Мырзаханнан, Алады барша қазақ секем бүгін. Айтудың хас шебері Айтбек аға, Көрсетті сөз майданда бекем жырын. Дархан, Мұхтар ағалар айтысқанда, Үміті Әулиеатаның өтелді мың. Жамбылдық айтыскерлер дәлелдеп жүр, Жамбылдың әлі тірі екендігін. Жастар жүр көз алмастан фильмінен, Үңіліп телефонға жиі кірген. Осындай жастарымыз тайынбайды, Білімге мұрындарын шүйіруден. Бесіктен бел-аяғы шықпай жатып, Барамыз жұрдай болып мейірімнен, – деп толғағаны көрерменнің көңілін дөп басты. Финалда алматылық Ерасыл Сейітжанұлынан да басым түскен Алина қазылар тарапынан екі кезеңде де кілең 10 ұпайға қол жеткізді. Осылайша Алина бас жүлдені иеленіп қайтты. Бұл жеңіске жамбылдық жанкүйерлердің ықыласынан бөлек, Алинаның сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Райымбекованың, айтыстағы ұстазы Есет Досалының сіңірген еңбегі үлкен. Бас жүлдегерді жерлестері, ұстаздары мен сыныптастары Тараз теміржол вокзалынан күтіп алып, құрмет көрсетті. Қарсы алу сәтінде аталған мектеп директоры Бақыт Шертаева дарынды шәкіртінің жеңісі үшін ерекше қуанатынын айтып, алдағы додаларда да табыс тіледі. Сондай-ақ сынып жетекшісі Құралай Райымбекова, жас айтыскер Інжу Жаңабай жылы лебіз білдірді. Алина Айдаралы сөз алып, осы жеңісін қасиетті Әулиеата топырағына арнайтынын айтып, барша көпшілікке, жерлестеріне алғыс білдірді. – «Жыр алыбы –Жамбыл» айтысы –дәстүрлі дода. Оқушылар үшін маңызы жоғары. Осы кезге дейін жамбылдық Айым Көшербай, Дидар Апбасов, Шалқар Кеңесбек айтыстың республикалық кезеңінде әр жылдары бас жүлде алған болатын. Алина Айдаралы жеңісті жолды жалғай білді. Шәкіртімнің айтулы аламанда топты жарып, сенімді ақтағанына қуаныштымын. Талантты оқушыны тани білген аталған орта мектеп директоры Бақыт Шертаеваға да алғысым шексіз, – дейді ұстазы, айтыскер ақын Есет Досалы. А.Бекенқызы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар