Мойынқұмның маңғаз даласы
Халқымыздың пейіліндей болып кең көсіліп жатқан атырап қойнауына талай құпияны бүгіп жатыр-ау. Ғайыптан тайып тау мен тасқа, көл мен шөлге тіл бітер болса, талай сырды ақтарып салар ма еді, шіркін. Мойынқұмның маңғаз даласы да табиғаттың осындай таңғажайып тартуларымен еріксіз таңдайыңды қақтырады. Тағылымды мекен тұнып тұрған тарих па дерсіз.
Мойынқұм ауданы кешегі Көктерек ауданының негізінде 1965 жылы құрылды. Ал жер көлемі жағынан Жамбыл облысының 42 пайызын алып жатыр.
Осынау жалпақ жатқан жазирада Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығының туын тіккені әмбеге аян. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың да кіндік қаны ауданның солтүстік жағындағы Жамбыл тауының етегінде тамды. Қазақтың біртуар ұлы, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда» әні де киелі мекеннің келісті көрінісін тап басқандай. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев, Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков сынды азаматтардың да осы ауданның тумасы екенін жерлестер қауымы әркез мақтанышпен айтып жүреді. Ауданды ширек ғасырдан астам байыпты басқарған Айтбай Назарбековтің де ерен еңбегін ел-жұрт ешқашан ұмытпақ емес.
Алдыңғы қатарлы механизатор, қой қырқудан еліміздің ғана емес, шетелдер арасындағы әлемдік жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған Шотай Тайбағаровтың да орны бөлек. Бұл ауданнан кезінде «ЯК - 40» ұшағының Алматы, Тараз қалаларына күн сайын ұшып тұрғанын бүгінгі жастар біле бермейді. Сондай-ақ ауданның «Мойынқұм» ән-би ансамблі 1978-1979 жылдары Мәскеу қаласында, сондай-ақ Португалия елінде облыс атынан өнер көрсетіп қайтқаны да мақтануға тұрарлық. Басқа да аудан өнерпаздары облыс, республика көлемінде өз өнерлерімен кеңінен танымал.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданның Кіші Қамқалы ауылы тұсында қазақтың біртуар ұлы, Алаш азаматы Сәкен Сейфуллиннің Бетпақдаладан Әулиеата қаласына қарай Шу өзенінен өткен өткелі бар. Асау Шу өзенінен Сәкен Сейфуллинді сол ауылдың тұрғыны, батыр Сүйіндік Сапақов алып өткен. Бұл туралы ақынның «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылған. Бұдан басқа да ауданда тарихи орындар көптеп саналады.
О шеті мен ұшқан құстың қанаты талатын мекеннің асты да, үсті де қазынаға толы. Кезінде малшаруашылығымен аты шыққан аудан бүгінде өндірістік өлкеге айналып барады. Олай дейтініміз – Ақбақайдың алтыны, Мыңарал мен Хантаудың цементі, Мирныйдың көмірі мен Шығанақтың бариті, Балқаштың балығы мен Қияқтының гранит тасы сөзімізге дәлел. Осындай жерде тұрған мойынқұмдықтар өздерін бақытты санайды.
Алтынбек Қартабай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Келесі мақала