Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТЕХНИКАНЫ ЖАҢАРТПАЙ, ФЕРМЕРЛЕРДІҢ ісі оңалмайды

ТЕХНИКАНЫ ЖАҢАРТПАЙ, ФЕРМЕРЛЕРДІҢ ісі оңалмайды
ашық дереккөз
ТЕХНИКАНЫ ЖАҢАРТПАЙ, ФЕРМЕРЛЕРДІҢ ісі оңалмайды
Жуырда Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен машина-трактор паркін жаңғыртуға және жаңартуға қатысты отырыс өтті. Жиында отандық ауылшаруашылық техникаларын жасауды дамыту, саланы мемлекеттік қолдау, сондай-ақ техниканы лизингке алу бағдарламаларына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Мәжіліс депутаты, комитеттің мүшесі Жигули Дайрабаевтың айтуынша, бұл – елімізде оңтайлы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселенің бірі. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауылшаруашылық техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал» деп, тиісті тапсырмалар берді. Жалпы техниканы жаңартпай, еңбек өнімділігі мен фермерлердің табысын арттыру мүмкін емес. Мұны үкіметтегілер жақсы біледі. Бірақ Үкімет тарапынан қолда бар жеңілдетілген лизинг құралдарына қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтуға қандай кедергі бары түсініксіз. 19 қыркүйекте Үкімет басшысы өз қаулысымен жеңілдетілген лизингке 20 миллиард теңге бөлу туралы шешім шығарды. Бөлінген қаражатқа фермерлер лизингке 500-ден астам техника, шамамен 80 комбайн және 450 трактор сатып ала алады. Алайда бұл қаражат әлі күнге шаруаларға жетпей жатыр, – деді депутат. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 149 800 трактор, 38 мың комбайн, 4 900 егіс кешені және 76 300 сепкіш, сондай-ақ әртүрлі топырақ өңдеу құралдарының 219 мың бірлігі бар. Бүкіл парктің орташа тозу деңгейі 76 пайызға жеткен. Ал технологиялық жаңару нормасы жылына 8 пайыздың орнына 4,5 пайызды ғана құрайды. Жигули Дайрабаевтың пікірінше, тозығы жеткен техниканы пайдалану жанар-жағармайға жұмсалатын шығындардың 20 пайызға артуына, жиналымның 14 пайызға дейін жоғалуына әкеп соқтырады. Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек өз баяндамасында шаруашылық техникаларын және суарудың ұтқыр жүйелерін сатып алу үшін министрлік «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 20 миллиард теңгеге жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыра бастағанын, бюджеттен 2024-2025 жылдары тағы 30 миллиард теңгеден бөлу жоспарланғанын айтты. Жиынға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен ауылшаруашылық техникасын өндірушілер және шаруа қожалық иелері жедел шешуді қажет ететін көптеген проблеманы ортаға салды. Мәжіліс депутаттары талқыланып отырған мәселенің өзектілігін алға тартып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова бейнебайланыс арқылы Татарстанның ауылшаруашылық техникасын жаңғырту бойынша ұтымды тәжірибесімен бөлісті. Комитет төрағасы Серік Егізбаев ауылшаруашылық техникасының барлық түрлерінің – құралдар мен жабдықтардың жаңартылу және істен шығу деңгейіне жыл сайын нақты талдау жасау үшін оларды электрондық тіркеу мен есепке алуды көздейтін тиісті ұсынымдар әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетінін айтты. Машина-трактор паркін жаңарту Аграрлық мәселелер комитетінің тұрақты бақылауында болады. Басқосуға Өнеркәсіп және құрылыс, Ауылшаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «Бәйтерек «ҰБХ», «ҚазАгроҚаржы», «Жасыл даму» акционерлік қоғамдары салалық қауымдастықтарының өкілдері де қатысты. Ал облысымызда қазіргі таңда 12 659 ауылшаруашылық техникасы (985 комбайн, 4 570 трактор, 7 014 басқа да техникалар) тіркелген. Қазіргі таңда 4 570 трактордың 1 000-нан астамының, яғни 25 пайызының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Пайдалану мерзімі он жылға дейінгі аралықты қамтитын техникалардың саны – 1 534. – 2023 жылдың 9 айында 1 069 ауылшаруашылық (8 комбайн, 261 трактор және 800 басқа да техникалар) техникалары алынып, нәтижесінде облыстағы техникалардың орташа жаңару көрсеткіші 8,5 пайызды құрады. Оның ішінде Меркі ауданында 10,3 пайызды, Қордай ауданында – 9,9, Байзақ ауданында – 9,2, Жамбыл ауданында – 9,1, Т.Рысқұлов ауданында 8,6 пайызды құрап отыр. Биыл 1 800-ден аса ауылшаруашылық техникасын алу арқылы жаңару көрсеткішін 15 пайызға жеткізу көзделген. Ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 397 өтінімге 1,5 миллиард теңге субсидия төленді. Қазіргі уақытта техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков. Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар