Сарысудағы салтанат
Қойнауы қазынаға толы Сарысу ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толды. Осынау айтулы мереке лайықты деңгейде аталып өтті. «Тойдың болғанынан болары қызық» демекші, ауқымды іс-шараға аудандық әкімдіктің басшылық құрамы сақадай сай дайындалып, күн-түн демей бар күш-жігерін арнады. Сонымен, аптаның қасиетті жұмасында айшықты мерекенің алғашқы шаралар легі де бастау алды. Дәл осы күні ауданның орталығы Жаңатас қаласы ажарланып, күн де шайдай ашық болып тұрды. Орталық алаңдағы «Еңбек ерлері» аллеясында Арқадан және облыстан арнайы келген қадірменді қонақтар және ауданға елеулі еңбегі сіңген азаматтар ескерткішке гүл қойып, бабалар рухына тағзым жасады. Аллеяда Жаңатас қалалық өнер мектебінің ұжымы күй шертіп, шерлі тарихтың үнінен хабар беріп тұрды.
Мұнан соң жиылған жұртшылық аудандық мәдениет үйіне қарай ағылды. Осы тұста айтыскер ақын Алик Бекмұсаев мерейлі мерекеге арналған жырын қасиетті домбыраның күмбірімен төкті. Мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері кітап көрмесін ұсынып, тарихқа тағылым жасады. Кітап көрмесімен танысып, мол мағлұмат алған қонақтар келесі кезекте «Сарысуым – жанымның шуағысың, таусылмасын мәңгілік қуанышың» атты республикалық ақындар айтысын тамашалады.
Жыр додасының алдында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Сәкен Мамытов аймақтың толағай табыстарына тоқталып, айтысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ айтыстың бас демеушісі «Қазфосфат» ЖШС бас директорының орынбасары Құдияр Омаров та жылы лебізін арнады.
Аламан айтысқа Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облысынан 12 ақын қатысып, бақ сынасты. Ақындар елдің бірлігін, ауданның тарихы мен жаңару жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айтыс сүйер қауымның делебесін қоздырып, шабыт сыйлаған шараның қорытындысы бойынша бас жүлдені қызылордалық Нұрмат Мансуров жеңіп алса, I орынды Байзақ ауданынан келген Алтынкүл Қасымбекова қанжығаға байлады. Жүлделі II орынға қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов ие болса, III орынды сарысулық Талғат Құсайынов пен шымкенттік Біржан Байтуов иеленді. Барлық ақындарға «Қазфосфат» ЖШС тарапынан қаржылай сыйлықтар мен аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков айтыскерлерге «Сарысу ауданына – 95 жыл» мерекелік төсбелгісін тапсырды.
Дүбірлі той орталық алаңда «Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбындағы мәдениет күнімен жалғасып жатты. Бір-бірін құттықтап, қол алысып жатқан жандардың жүзінде жылулық пен ілтипат байқалып тұрды. Халықтың ыстық көңілі мерекелік күннің ажарын аша түсті.
Жиылған жұртшылық аудандағы қылқалам, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Төкен Мақашев атындағы аудандық музейдің жәдігерлері қойылған көрмемен танысты.
Сондай-ақ ауыл диқандарының еккен өнімдері, шаруа қожалықтардың асылтұқымды төрт түлік малдары халық назарына ұсынылды. Сонымен қатар аудан тұрғындары мен қонақтары ауыл еңбеккерлерінің дайындаған ұлттық өнімдерінен дәм татып, ризашылықтарын білдірді. Мерейтой аясында ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, садақ ату, теңге ілу, қыз қуу ойындарымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қойылды.
Айтулы күнде облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен ауданның кішкентай тұрғыны 1 жасар Аңсардың тұсауын кесті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бүлдіршінге бата беріп, ақ тілегін білдірді.
Мұнан соң меймандар мәдениет күніне арналған шараға қатысты. Мерекеге орай орталық алаңда бой көтерген сахнаның лентасын Еркінбек Бейсенбекұлы мен «Жаңатас және Шоқпар ЖЭС» электростансасының бас инженері Чжан Лян қиды. Мәди Мейірбекұлы алғаш болып сөз алып, жиналған көпшілікті мәдениет күнімен құттықтады. Аудан әкімі Сәкен Мамытов пен мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков тұрғындар мен қонақтарды айтулы мерекемен құттықтай отырып, аймақтың тарихы мен жетістігіне, игілікті істері мен атқарылған жұмыстарына тоқталып өтті. Концерттік бағдарлама «Сарысу» халық театрының «Қобызым – абызым» атты театрландырылған қойылымымен жалғасын тауып, «Айжан қыз» би ұжымының биімен көркемделді. Шоқай датқа мен Майкөт ақынға арналған көрініс халық назарына ұсынылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Бүлдіршіндер өзге ұлт өкілдерінің ұлттық билерін билеп, шараның көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар республикаға танымал эстрада жұлдыздары Гауһар Қаспақова, Салтанат Бигулина мен «Астана» тобының әншілері әсем әнін шырқап, халықтың көңілін көтерді.
Түстен кейін мереке аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиынға ұласты. Мерекелік шара ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының және атақты Майкөт ақынның өмірінен сыр шертетін театрландырылған көрініспен басталды. Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Сәкен Мамытов шежірелі өңірдің өткені мен бүгіні туралы ой сабақтап, алда да ауқымды істер күтіп тұрғанын, берекелі бірлік бар жерде мерекелі тірліктің салтанат құратынын жеткізіп, тағылымды тойға ат арытып келген қонақтарға алғысын білдірді. Салтанатты сәтте бір топ мерейтой қонақтары, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтар, мәдениет және өнер қайраткерлері «Сарысу ауданына – 95 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ауданның бұрынғы басшылары және Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан келген қонақтарға аудан жұртшылығы атынан арнайы сый-сыяпаттар табыс етілді. Шара барысында Сарысу ауданының 95 жылдығына орай дайындалған деректі фильм де көрсетілді. Мұнан соң ауданнан шыққан, республикаға танымал өнер қайраткерлері әсем әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шараның қорытындысы орталық алаңда өткен гала-концертпен түйінделді. Мерейтойда эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Атап айтқанда, Гауһар Қаспақова, Айгүл Мақашева, Ардақ Исатаева, Салтанат Бегулина, Ерлан Ибаділдаев, Римма Әлібекова сынды әншілер мен «Астана» тобы және Тараз төрінен келген Қайсар Көкішев әуезді әндерді шырқап, шараның көркін қыздырды. Гала-концерттің соңы мерейлі мерейтойдың көрінісін айшықтаған от шашуға ұласты.
Туған жерге, өскен елге деген шынайы сезімді маздатқан, шығармашылық шабытты шарықтатқан, әсем ән мен күміс күйді қалықтатқан мерейтой сарысулықтар мен аудан қонақтарының жансарайын ашқан айшықты сәттің бірі болды. Саялы Сарысудың дүбірлі тойы осылай жоғары деңгейде өтті.
Самат Тоқбанов,
журналист,
Сарысу ауданы
Келесі мақала