Өңір өркендесе, халықтың дәулеті артады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеева аталған аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Ақбастау ауылдық округінің құрамына Бірлесу-Еңбек және Шоқай елді мекендері қарайды. Бірлесу-Еңбек ауылында 1 400 тұрғын тіркелсе, Шоқай ауылында 810 адам тұрады.
Округ әкімінің айтуынша, жалпы ұзындығы 9,8 шақырым болатын 7 көшенің барлығы асфальтталған. Шоқай ауылының кіреберісінен ескі мектепке дейінгі аралық және жаңа мектепке барар жол, Бірлесу-Еңбек ауылындағы Жапарбеков көшесінің жартысы, Сәтбаев, Абай көшелері толық жарықтандырылыпты.
– Бүгінгі күні округ аумағындағы Бірлесу-Еңбек ауылында 140 орындық орта мектеп, Шоқай ауылында 150 орындық №3 орта мектебі, 50 орындық «Балдаурен» балалар бақшасы және 25 орындық 2 шағын орталық бар. Жалпы округ бойынша білім ошақтарында 485 оқушы білім алса, мектепке дейінгі мекемелерде 75 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар Бірлесу-Еңбек ауылында 2008 жылы пайдалануға берілген 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеп тұр. Шоқай ауылында 5 келушіге арналған фельдшерлік-пункт бар. Ақбастау ауылдық округінде 2 мәдени ошақ халыққа қызмет етеді. Бірлесу-Еңбек ауылындағы 100 орындық клуб 1970 жылы салынған. Ауылдық клубтарда би, қолөнер, домбыра, күрес секілді түрлі үйірмелер жұмыс атқарады. Бірлесу-Еңбек ауылындағы және Шоқай елді мекеніндегі кітапханалардың қорында 9 578 кітап бар. Оның ішіндегі 6 962-сі қазақ тіліндегі кітаптар. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Бірлесу-Еңбек ауылдық кітапханасы жанынан цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған болатын. Осы жылы 73 келушіге 121 анықтама берілді, – дейді баяндамашы.
Жеке секторда қызмет көрсету нысандарының, яғни азық-түлік дүкендерінің саны – 8, ал спорт нысаны – 7.
Шағын футбол алаңы – 2, үлкен футбол алаңы – 1, волейбол алаңшасы – 2, мектептегі баскетбол алаңшалары – 2.
Спортпен шұғылданушылардың қамтылу пайызы – 29 пайыз. Спорт нысандарына кіру тегін. Оларда арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Екі елді мекендегі 380 үй толық газбен қамтылған.
Бұл елді мекенде барлығы 105 шаруа қожалығы тіркелген екен. Округ аумағындағы жалпы жайылымдық жер – 3 044 гектар, қосымша 225 гектар жайылымдық жер қосалқы жер қорынан әкімшілік жеріне бекітілді. Ақбастау ауылдық округі аумағының жалпы жер көлемі 9 355 гектар, оның ішінде егістік – 4 094 гектар (суармалы егістік – 2 753 гектар), жалпы жайылымдық жер – 3 044 гектар. Округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының жеке меншігіндегі малдар түгелдей есепке алынып, жылдың басына мүйізді ірі қара саны –
1 299, қой мен ешкі – 10 695, жылқы
4 006-ны құрады.
Отбасылық цифрлық карта бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 9 отбасының тұрмыстық жағдайы зерделеніпті. Жыл басынан 7 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Баяндамашы биыл атқарылған істерге және алдағы жылы атқарылатын ауқымды жобаларға тоқталды.
– Атап айтар болсақ, осы жылы Шоқай ауылындағы Қ.Рысқұлова және О.Жалпанова көшелеріне 40 миллион 609 мың теңгеге орта жөндеу жұмыстары, Шоқай ауылындағы жаңа мектепке барар жолға 13 миллион 664 мың теңгеге орта жөндеу жұмыстары мен түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бірлесу-Еңбек ауылындағы 2-Жапарбек көшесіне 3 миллион 990 мың теңгеге газ құбыры тартылды. 2025 жылға дейінгі ауылдың даму жоспары бойынша келесі жылы Шоқай ауылындағы көшелердің бұрылыстарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Және осы жылы «Бірлесу-Еңбек» ауылындағы Жапарбеков көшесінің екінші жартысына түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. 2024-2025 жылдары округке қарасты екі елді мекенге мал дәрілейтін алаңша құрылысын жүргізу ойда бар. Мал дәрілейтін алаңшаны жерге орналастыру жобасын жасатуға мемлекеттік сатып алу порталына баға ұсынысы тәсілімен 236 мың теңгеге хабарлама берілді, – деді округ әкімі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала