Жамбыл облысындағы тағы да 2 тірек мектеп таныстырылды
«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында тірек мектептердің танысытырылымы жалғасып жатыр.
Биыл Жамбыл облысының аталмыш жобағы екі мектеп кірген, бүгін олар таныстырылып, мұғалімдер мен оқушылардың игілігіне берілді. «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының бірлескен жобасы аясында әр тірек мектебі 250 млн теңгеге толық жаңғыртылды. Сонда-ақ ұстаздарға арналған Назарбаев зияткерлік мектептерінің тағылымдамасы да басталып кетті.
Мойынқұмдағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектеп 1979 жылы пайдалануға берілді, ал 2022 жылы күрделі жөндеуден өтіп, тірек мектептерді дамыту жобасына қатысуға мүмкіндік алды. Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан тірек мектепте 784 оқушыға лайықталған, алайда қазір 479 оқушы білім алып жатыр.
Таныстырылымға Жамбыл облысы әкімі Ерлан Қарашөкеев қатысты. Ол аймақтағы жасалған жұмыстарға тоқталып, ауыл балаларына көрсетілген қолдаудың маңыздылығын атап өтті:
«Ел болашағының жарқын болуы білімді, жан-жақты тәрбие алған ұрпақтың қолында. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, біздің мақсат – білімді, озық ойлы азаматтарды тәрбиелеу. Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы – еліміздің жарқын болашағы балалар үшін жасалып отырған үлкен қолдау», - деді облыс әкімі.
Т. Рысқұлов мектебінде 70 педагог сабақ береді. Олар кезек-кезеңімен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қарқынды оқу бағдарламасына қатысады. Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қаракөз Абдрахманованың айтуынша тамыз айында тірек мектептермен ортақ іс-шаралар жоспары бекітілген:
«Жоспарға сәйкес, ай сайын оқыту процесіне жүйелі түрде қолдау көрсетеміз. Қыркүйек айының алғашқы аптасында физика, химия, биология сияқты пәндердің мұғалімдеріне жаңадан жеткен құрал жабдықтарымен жұмыс істеуге үйреттік және әлі де әдістемелік көмек көрсетіп келедміз. Олар әртүрлі зертханалық жұмыстар жасауды бастап кетті. Біз оларды 3 жыл көлемінде сүйемелдейміз. Нәтижесінде ауылдағы балалардың білім деңгейі өседі деп сенемін», - дейді Қаракөз Ізбасарқызы.
Мектептің жабдықталуына «Қазақстан халқына» қоры 250 млн теңгеге жуық қаражат бөлген. Аталмыш қаражатқа 36 кабинет жабдықталды. Олардың ішінде робототехника, STEM-лаборатория, арт-студия мен киностудия сынды қосымша білім беру сыныптары да бар.
«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы білім беру кеңестігі мен үдерістеріне жаңа әдістерді әкеліп, ауыл баласының жоғары деңгейде білім алып, біліктілігін қалыптастыруға бағытталған. Былтыр еліміздің 17 аймағында 17 тірек мектепті жобаға қостық. Биыл тағы да 63 мектепті қосып отырмыз. Бүгін Жамбыл облысында екі мекеп тірек мектебі ретінде жұмысын бастады: Мойынқұм мен Жосалы ауылындардағы мектептер. Келесі жылы тағы 8 мектеп қосылады», - дейді Лаззат Шыңғысбаева.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Жамбыл облысында осымен үшінші мектепті тірек мектептер желісіне қосты. Қор жетекшісі Данияр Тоқтарбаев Жамбыл өңіріндегі жоспарларына тоқталды:
«Біз келесі жылы аймақтың тағы 8 мектебін тірек мектептер желісіне қосамыз. Басты үлкен мақсатымыз еліміздің әр ауданында кемі бір мектептен ашу. Ал бұл білім ордалары жақын орналасқан шағынжинақты мектептерге тәжірибесін бөліседі. Нәтижесінде тіпті ең шағын ауылдың балалары да сапалы білімге қол жеткізеді», - дейді Данияр Тоқтарбаев.
Осылайша, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының 21 мектебі таныстырылды. Серіктестер 2024 жылдың соңына дейін еліміздің әр ауданы мен моноқаласында 200 тірек мектебін ашуды көздеп отыр.
Айта кету керек, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асып отыр.
Анықтама үшін:
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры (FURO) – Aitas Foundation құрамына кіретін коммерциялық емес ұйым. Қор қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту бағдарламасына ерекше назар аударады. Идеяның авторы әрі қордың негізін салушы – Серік Толықпаев. Директоры – Данияр Тоқтарбаев.
Aitas Foundation – AITAS холдингінің корпоративтік қоры. Aitas Foundation жобаларына Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Аймақтық зерттеулер орталығы кіреді. Aitas Foundation елді жан жақты дамыту арқылы Қазақстан халқына қызмет етуді өзіне басты миссия санайды. Құрылтайшысы – Серік Толықпаев. Директоры – Ксения Верба.
AITAS – агроөнеркәсіп секторындағы ең ірі инновациялық холдинг. Оның құрамына Өскемендегі «Кус&Вкус» бренді мен Макинскідегі құс фабрикасы сияқты жартылай фабрикаттар мен шұжық өнімдерін өндіру мен өңдеу бағытында жұмыс істейтін 15 кәсіпорын кіреді. Сонымен қатар аумағы 20 мың гектардан асатын өсімдік шаруашылығы да бар. Бүгінде AITAS-тың Астана, Алматы және Өскемендегі кеңселерінде 5 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.
Айта кетсек, холдингті Серік Толықпаев 1996 жылы Өскемен қаласында құрған. Компания қарқынды жұмыс істеген жылдар ішінде құс етін өндіру, өңдеу және тарату саласындағы жетекші рөлге ие болып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторындағы көшбасшылардың біріне айналды.