МОЙЫНҚҰМДА мардымды іс көп
Қазақ елінің қай түкпірінде болмасын бірлікті, ынтымақты ту етіп, өзге этнос өкілдерімен бірге тату-татты күн кешіп жатқан елді мекендер жетерлік. Бұл кезінде қуғын-сүргінге ұшырап немесе басқа да жағдаймен Қазақстанға қоныс аударған өзге ұлттарды жергілікті мемлекет құраушы халық, яғни қазақтар кеудесінен итермей, ортақ тарихи тағдыр біріктірген ұлттармен өзара татулықта күн кеше білуінің жемісі. Соның арқасында тәуелсіз мемлекетіміз тұрақты дамып, өркениетке қол созды.
Ақсақалдар тыныштықты тілейді
Облыс орталығынан шалғай жатқан ауданның бірі – Мойынқұм. Статистикалық мәлімет бойынша, мұнда 28 650 адам тұрады. Оның 91,6 пайызы қазақ ұлты болса, қалған 8,4 пайыздың 6,5 пайызы орыс. 0,7 пайызы күрд, 0,2-сі украин және 1 пайыз басқа да өзге этностар бар. Бүгінде көпэтносты ауданның бірі саналатын мойынқұмдықтар тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында аудан әкімдігі жанындағы қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істеп жатыр екен. Кеңес құрамында жастар, қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер, медиаторлар, меценаттар және этномәдени орталықтың 1 өкілі жұмыс атқарады. Ауданда этносаралық татулықты сақтау мақсатында ақсақалдар кеңесі құрылған, төрағасы – Жұманазар Көдеков. Құрамында аналар кеңесінің төрағасы, үкіметтік емес ұйымның жетекшісі, теолог, ішкі саясат бөлімінің маманы секілді 5 адамнан құралған кеңес мүшелері жұмыс жоспарына сәйкес қандай да болмасын іс-шараларды атқаруда белсенділік танытып келеді. Орта білім беру мекемелерінде қоғамдық келісімді, ұлтаралық татулық пен достықты насихаттауға бағытталған түрлі тақырыптарда жиындар, кездесулер және байқаулар ұдайы өтіп тұрады. Балалар жасөспірімдер орталығында өнер байқауы, орта мектептерде достық, ұлтаралық татулық және тағы басқа тақырыптар аясында тұрақты түрде тәрбие сағаттары, ашық сабақтар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар кеңес мүшелері әлеуметтік, діни және тағы да басқа өзекті мәселелерді талқылау жиындарына белсенді қатысады.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының мемлекет үшін айрықша маңызы бар. Жолдаудан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы барысында еліміздің қоғамдық-саяси дамуымен, өзгерістерімен, жаңаруымен қатар қозғалысқа түсіп, белсенділік танытып келе жатқан ардагерлер ұйымы белгілі беделге ие.
Қазіргі таңда аудан бойынша зейнеткерлердің саны 3 258 адам, осы жылдың тамыз айында 32 адам зейнетке шыққан. Әлеуметтік бағдарлама бойынша әртүрлі мереке күндеріне орай Ауған соғысының ардагерлеріне, ауған-тәжік шекара қақтығысына қатысқандарға, тыл-еңбеккерлеріне, жесір әйелдерге, Семей полигонына қатысушыларға жәрдемақы уақытылы төленіп келеді. Зейнет демалысына шыққан ардагерлерге шипажайлық-курорттық емделуге жолдамалар беріліп, «Мейірім-Мерке» емдеу-сауықтыру орнына 20 ардагерге тегін сертификат берілді және ол адамдар емделіп, сауығып қайтты. Есепте тұрған ардагерлердің әлеуметтік картасы жасалған, олар емхана мен аурухана есебінде тұр. Скринингтен тегін емханадан өткен ардагерлер саны 145 болса, оның ішінде емханада тегін емделгендер 67 адам, дәрі-дәрмекті тегін алатын ардагерлер саны – 48. Сондай-ақ «Айшабибі» сауықтыру орнында квотамен 10 ардагер емделіп қайтты. Бұл ауданда бірлік, достық және басқа да ұрпаққа қажетті ұғымдар бойынша ақылшы болып жүрген қарияларға деген қамқорлықтың көрінісі.
Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, 1 мамыр, 9 мамыр мерекелерінде бірлік пен ынтымақты атап өтуге ауданда баса мән берілген. Ардагерлер мектеп оқушыларымен және жастар ісіне қатысы бар топ мүшелерімен әртүрлі тақырыпта кездесулер ұйымдастырып отырады.
Біздің мақсатымыз – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында еліміздің, халқымыздың болашағы үшін татулық пен бейбітсүйгіштікті, қоғамдық келісімді, ынтымақтастықты нығайтуға атсалысу. Ата Заңымызда да этностық азшылық құқықтарын қорғау, өзгені нәсіліне, тегіне, түріне, дініне, ұлтына қарап кемсітпеу атап көрсетілген. Сол үшін де жастар арасында қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің мәнін, оның маңыздылығын сипаттайтын және татулық бар жерде тұрақтылық, өркендеу болатынын меңзейтін түрлі іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Өзге этностардың қазақ тіліне құрметпен қарауы бағытында да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар кез келген этнос өкіліне қолдау білдіре отырып спорттық, мәдени іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіледі, бұл жөнінде ардагерлер белсенділік танытып келеді.
Мысалы, ардагерлер ауданда өткізілетін спорттық ойындарға волейбол, шахмат, дойбы, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарына бір кісідей қатысып, жарыс жеңімпаздары облыстық ардагерлер спартакиадасына жолдама алуда.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық дін істері жөніндегі топ жетекшілері, аудан, ауыл ардагерлері, ауыл имамдары және жастармен бірлескен жиындар өткізілген болатын. Аудан әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен аудандық мәдениет үйінде қариялардың қатысуымен «Батагөйлер» атты байқау ұйымдастырылды. Ботагөй қариялар белсенділік танытып, жүлделі орын алған қариялар ішінде бас жүлдені хантаулық Жолдасбек Әбушакиров иеленіп, облыстық сайысқа жолдама алды.
Аналар алқасының және әжелер кеңесінің мүшелері де үлкен дәрежеде белсенділік көрсетіп жүр. Мысалы, аналар алқасының төрағасы Ғалия Шубаева, кеңес мүшелері Айнаш Боташева, Шаһаркүл Оспанова, әкелер кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жамбылов, оның мүшесі Тұрсынтай Қалдарбеков мектептерге барып, жоғары сынып оқушылары арасында әртүрлі іс-шара өткізуде, – дейді Жұманазар Жұмабайұлы.
Ақсақалдың айтуынша, осы жылдың шілде айында аудандық мәдениет үйінде Мойынқұм ауылының жастарымен кездесу өткізіліп, «Татулық пен келісім – ел тірегі» деген секілді тақырыптарда сұрақ-жауап ретінде түрлі сауалдар қойылыпты. 6 шілде – Астана күніне орай Бауыржан Момышұлы атындағы стадионда футбол, баскетбол, жүгіру, спорттық гимнастика секілді спорттық ойын түрлерінен жарыс өткізілген.
– Этносаралық татулықты сақтау, қоғамдағы өзге де келеңсіздіктерді жою, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, біздің ішкі бірлігімізді бұзуға, алауыздыққа жол бермеу, маскүнем, нашақорлықтан, жемқорлықтан аулақ болу секілді түрлі бағыттарда да жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта түрлі этнос өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Аудандағы орталық спорт кешенінде жасөспірімдер арасында волейболдан жолдастық кездесу өткізілді. Оған аудан орталығындағы ардагерлер қатысып, өздерінің жастарға деген жылы лебіздерін білдірді. Біз осы арқылы жастар бос уақытын пайдасыз істен гөрі спортқа арнаса екен дейміз. Астана күніне байланысты аудандық кітапханада еңбек ардагерлерімен «Астана – менің мақтанышым» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылса, оған кітапханашылар бастамашыл болды.
Мойынқұм ауданының орталықтандырылған кітапханасында және ауылдық кітапханаларда, мектеп кітапханаларында, сондай-ақ мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында Абай күніне орай «Абай оқулары» аудан көлімінде аталып өтті. Онда баяндамалар, хабарламалар оқылып, сұрақ-жауап беріліп, түсіндірме жұмыстары өткізілді.
Бұл оқуларға еңбек ардагерлері, ата-аналар, мектеп оқытушылары, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары және оқушылар қатысты.
Орталық мәдениет үйінде аудан тұрғындары және ардагерлердің қатысуымен Ата Заңымыз ұлықталды. Оған аудан әкімі Әлихан Балқыбековтің өзі де қатысып, ардагер-құрылысшы, ұстаздар, еңбек ардагерлері мен ардагер медбикелер облыс, аудан әкімінің мақтау грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталды, – дейді Ж.Көдеков.
Айдарлы ауылы тұрақты дамуда
Аталған аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму жолдары біріздендірілген елді мекеннің бірі – Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылы. 9 көшесі, 363 түтіні бар ауылдағы 2 354 тұрғынның төртеуі өзге этнос өкілі.
Тұрғындардың 1 203-і экономикалық белсенді болса, 840-ы жұмыспен қамтылғандар, 167-сі зейнет жасындағылар. Ал 287-сі белсенді жұмыспен қамтылғандар, 223-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 41-і мүгедектігі бар азаматтар. Округ бойынша 363 отбасының 52-сі көпбалалы отбасы.
Округтің негізгі бағыты мал өсіру, егін егу шаруашылығы. Ағымдағы жылдың жаз айына дейін малшаруашылығы бойынша округ 249 тонна ет, 50 тонна сүт өндірсе, егіншаруашылығы бойынша 1520 гектарға әртүрлі дақылдар егіліп, шаруалардың дені қазір жиын-терін науқанын қызу жүргізуде.
– Округ аумағында «Айдарлы АГРО-2019» ауылшаруашылық кооперативінің ісін 6 адам жүргізіп отырса, оның 92 мүшесі бар. 202 жеке кәсіпкер 208 адамды, 70 шаруа қожалығы 90 адамды, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, әкімшілік мекемелерінде 162 тұрғын, осы мекемелер барлығы 460 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі дәріханалар, көтерме-бөлшек сауда дүкені, азық-түлік дүкендері, киім, ойыншықтар дүкендері, автокөлік бөлшектері, дизель майы дүкендері, жанармай құю бекеттері сияқты округ бойынша дамыған коммерциялық нысандарда жұмыс істейді.
Ауылда «Activ», «Beeline» байланыс операторларының 4G интернеті жұмыс істеп тұр. Округке қарасты мекемелер «Қазақтелекомның» оптикалық талшықты интернет желісіне қосылған. Осы елді мекенде 11 шағын азық-түлік дүкені, 1 наубайхана, 2 жанармай, 2 газ құю бекеті ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Осы кәсіпкерлік нысандарда ауылдың 21 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мүгедектігі бар 4 азамат қажетті арнайы гигиеналық құралдармен, бір тұрғын кресло-арбамен, 3 азамат жеке көмекшімен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар екі бала әлеуметтік қызметкермен, бір адам санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Жалпы округ аумағында 272 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда олардың қатары 3 бірлікке артқан, оның ішінде 186-сы жеке кәсіпкерлік, 70-і – шаруа қожалық.
Бүгінгі таңға округте 202 кәсіпкер жұмыс атқарып жатса, ауылда құны 50 миллион теңгені құрайтын құс өсіретін жоба іске қосылды. «Мойынқұм құс» атауымен ашылған осы жауапкершілігі шектеулі серіктестік мамыр айынан бастап жеті адамды тұрақты жұмысқа қабылдап, ісін ілгерілетуде.
«Жамбыл облысы халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбен ауыл бойынша 140 отбасы 382 миллион теңге несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Олар 1 718 мал сатып алып, 1,2 мың тонна мал азығы ретінде жоңышқа дайындады. «Айдарлы-Агро-2019» ауылшаруашылық кооперативі 5 пайызбен 78 миллион теңгеге, 50 пайыз жеңілдік субсидиямен шөп оратын, тайлайтын, артатын, тіркеме соқа-сайманымен қоса есептегенде 13 жаңа техника сатып алды, – дейді ауылдық округ әкімі Әділет Мұқашев.
Малшаруашылығы бойынша өндірілген өнімнің көлемі 483 миллион 410 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артқан. Жалпы округте 4 431 мүйізді ірі қара, 19 625 уақ мал, 1 731 жылқы, 21 түйе, 3 381 үй құсы бар екен. Өткен жылға қарағанда мал саны 8 пайызға өскен.
Осы жылдың І жартыжылдығында Кеңес ауылдық округінде барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар іс жүзеге асқан. Мәселен, «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында Айдарлы, Бірлік және Биназар ауылдарының ауылшаруашылық жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Шу өзеніне 7 миллион теңгеге бөгет салыныпты. Бөгет салу жұмыстарын «Аулие Ата-Тараз» ЖШС 5,6 миллион теңгеге ұтып алып, міндетін толық орындаған. Одан бөлек 5 миллион теңгеге «Богдан» каналына тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз ретінде «Талас-Аса» ЖШС анықталып, 3,1 миллион теңгеге аталған каналды тазалап берген.
Жұрт жұмыссыз емес
Аталған округтегі 70 шаруа қожалықтың 47-сі егістікпен айналысса, 23 шаруашылық мал және егіншаруашылығы бағытын ұстанады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» екі азамат несие алса, көктемгі-күзгі дала жұмыстарына арзандатылған бағамен 32 шаруа қожалық орташа есеппен 2000 литрден дизель отынын алуда. Халықты жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтар болса, оның ішінде егіншаруашылығымен айналысатындардың да халықтың табысты болуына қосып отырған үлесі зор. Мәселен, осындағы «Мустафа» шаруа қожалығы 20 жылдан астам уақыттан бері диқаншылықпен айналысады. Қожалық егін егу, оны ору, қамбаға тасу секілді науқан уақытында жұртшылықты жұмыспен қамтып отыр.
– Биыл ағын су тапшылығы сезілуі мүмкін екенін ескеріп, екі гектар жүгері, 4 гектар арпа ектім. Сонымен қатар 5 гектар жоңышқамыз бар. Түсім мәселесіне келетін болсақ, ағын су ойдағыдай болмады. Дегенмен егіс алқабынан 5 тонна арпа орып алдым. Жүгеріні енді қайырып жатырмыз. Жоңышқаны екі мәрте ғана ордық. Одан кейін ағын су болмағандықтан өспей қалды.
Иелігімде соқа-сайман, тіркемесімен бір трактор бар. Егінге орақ түсерде комбайнды сырттан жалдаймыз. Арпаның әр гектарын 25 мың теңгеден орғыздым. Жоңышқаның гектарын 15 мың теңгеден орып берді.
Біз күрд этносының өкіліміз. Өзім бойдақпын, үйде екі әпкем, бір інім және келінім бар. Келінімнің өз жұмысы бар, бірақ қазір ол бала күтімімен үйде отыр. Қалғанымыз осы шаруа қожалықта еңбек етеміз. Егінді суару, түсімді жинау секілді шаруаларды қосқанда науқандық жұмысқа 10-15 адамға дейін тартамыз.
«Еңбек еткеннің ерні қимылдайды» деген нақыл сөз бар халқымызда. Мемлекет берген мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, осылай тірлік қылып отырған жайымыз бар. Әзірге ағын су мәселесі біз үшін үлкен түйткіл болып тұр. Қалғаны бейнетіңе қарай көретін нәсіпке байланысты, – дейді аталған шаруа қожалық иесі Ариф Асанов.
Округтің жалпы бюджеті 93 миллион 494 мың теңгені құрапты. Жыл басынан осы кезеңге дейін ауылдық округте бюджеттің кіріс жоспары 3 миллион 611 мың теңге болса, нақты түсім – 4 миллион 360 мың теңге. Жалпы бюджет шығындарының атқарылуы 120 пайызға қамтамасыз етіліпті.
Мұндағы дәрігерлік амбулаторияда 9 медициналық қызметкер ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Осы емдеу мекемесінің ғимараты 2009 жылы жаңа типте салынған екен. Есепте тұрып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған аурулар саны – 295, мекеме жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған. Ауылдағы №2 орта мектепте 72 педагог жұмыс істейді. Ал 2005 жылы ашылған «Балапан» балабақшасындағы қызметкерлер саны – 12.
– Айдарлы ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жаңа спорт кешенінің құрылысы өткен жылы желтоқсан айында басталды. Спорт кешені барлық заманауи стандарттар бойынша бой көтеріп, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылмақ. Ғимаратта ойын залы, киім ауыстыратын бөлмелер, персоналға арналған кабинеттер бар. Сонымен қатар душқа түсіп және әртүрлі ойын, спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Жалпы ауданы 1,257 шаршы метр болатын ғимаратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалатын болады, қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталады. Ғимарат рамалық нұсқада жобаланған, жақтауы металл конструкциялардан жасалып жатыр. Спорт кешені құрылысы жұмыстарының жобалық құны – 359,2 миллион теңге. Өткен жылы 189,2 миллион теңгесі игерілді, қалғаны биыл игеріліп, құрылыс жұмыстары қараша-желтоқсан айларында толық аяқталады деп күтілуде. Оның қарапайым жұмысына мансаптық орталық арқылы жұмысқа тартылған азаматтар да бар.
Округке қарасты №2 орта мектепке биылғы жылдың маусым айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына 15 ауыл тұрғыны тартылды. Газ құбырын тарту жұмыстарына 2 жоба енгізілген. 2022 жылы 4,7 миллион теңгесі игерілсе, биыл 5 миллион теңгенің жұмыстары атқарылмақ. Сонымен қоса ауылда «Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында ауыл азаматтарының демеушілігімен ауылдық мешіт жанынан қатымхана салынып жатыр. Бүгінгі таңға шатыры жабылып, іші сыланып, электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жұмыс толық аяқталады деп жоспарланған. Айдарлыда ауызсу құбыры бірқалыпты жұмыс істейді. Ауызсу тәулігіне үздіксіз беріледі. Бейнекамералар істеп тұр. Су құбырында үш күзетші оператор жұмыс атқарады. Ауызсу жүйесін күтіп ұстауға бөлінген 2 067 мың теңгенің жұмысын «Талас-Сервис» ЖШС 1 445 мың теңгеге ұтып алды.
Осы жылдың соңына дейін 25 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға кешенді жоспар берілді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында жыл ішінде округте басталатын құрылыс жұмыстарына 45 адамды жұмысқа орналастыру көзделсе, ақылы қоғамдық жұмысқа 56 азамат шетінен тартылуда. 5 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жалпы жыл басынан бері 35 тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, оның ішінде қазір 23 адам нақты жұмыс істеп жатыр. Қалғаны өздеріне ең төменгі айлықақыдан, яғни 70 мыңнан жоғары еңбекақыға тұрақты жұмыс тапқан. 23 қоғамдық жұмысшының үшеуі ауылдық округ әкімдігі аппаратында кеңсенің іс қағаздарын жүргізумен айналысса, қалғаны сыртта тазалық жұмысына жауапты, – дейді ауыл әкімі Әділет Сәкенұлы.
Аудандық мансап орталығы арқылы биылға 2 азамат «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыспен қамтылыпты. Өткен жылы «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа тартылған Шыңғыс Спанқұл қазіргі таңда ауыл әкімшілігінде жастар ісі жөніндегі әдіскер болып тұрақты жұмыс істеп жатыр екен.
– 20 жастамын, қазан айында 21-ге толамын. Шу ауданындағы гуманитарлық-техникалық колледжде «Ақпараттық бағдарламалар» мамандығын тәмәмдағанмын. Отбасымда ата-анамның қолында тұрамын, екі әпкем бар, олар тұрмыста. Өзім отбасы құрмағанмын, былтыр «Жастар тәжірибесі» бойынша 3 ай, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 1 жыл еңбек еттім. Ол кезде қолыма 70 мың теңге көлемінде айлықақы алып жүрдім. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданының жастар ресурстық орталығында округ маманы болып тұрақты жұмыс істеймін. Қолыма 76 мың теңге еңбекақы аламын.
Қазіргі таңда жұмыссыздықтың алдын алу, халықтың табысын арттыру ісі бойынша мемлекетіміз көптеген іс-шара атқарып, сан түрлі бағдарламаларды іске қосты. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұрнағы жылғы қаулысы бойынша бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында халықты жұмысқа орналастыруда көптеген шаруалар тындырылуда. Өңір-өңірдегі мансаптық орталық арқылы бүгінде «екі қолға бір күрек іздегендер» «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі» секілді тағы да басқа бағдарламаларды пайдалануына болады. Бұл бағдарламалар әсіресе елімізде жұмыс таппай жүрген жастарға айтарлықтай пайдасын тигізуде, соның бірі өзім десем де болады. Менің жұмысқа тұруыма жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың септігі тиді. Қазіргі таңда 2,5 пайыздық несие алу арқылы жастардың кәсіпкер атануына да мүмкіндігі көп, – дейді Ш.Спанқұл.
Мұнда көктемгі және күзгі санитарлық тазалық жұмыстары да жүйелі атқарылуда. Округ бойынша әр аптаның жұма, сенбі күндері өтетін тазалық жұмыстарына 150 адам тартылыпты. Округ бойынша ауыл ішінде 300 түп терек отырғызылса, ауыл сыртындағы 1 гектар жерге 1 500 түп жеміс ағашы мен 3000 түп терек көшеті отырғызылған.
Ауыл маңына жинақталған рұқсат етілмеген жерге төгілген күл-қоқыстарды шығару жұмысын жеке кәсіпкер «Қалымбетов» 750 мың теңгеге ұтып алып, тазалау жұмыстарын атқарып жатыр екен.
Жалпы Кеңес ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту, тиімді экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында жүргізіп жатқан жұмысының реті осындай.Барлық көрсеткіштер кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Нұрым Сырғабаев
nurymsyrgabaev28@gmail.com
Келесі мақала