БЕС ДӘННЕН – 1000 АСҚАБАҚ
Меркілік Азамат Комолов өзінің ауласына 5 дән егіп, мыңнан аса асқабақ алды.
Негізінен Азамат Өзбекстаннан қоныс аударып, Қарағандыда бірнеше жыл тұрған. Осы кәсіппен шынайы айналысып, атакәсібін Меркіге келіп жалғастырғанына оншақты жылдан асқан. Үйінің астында 200 тоннадан астам көкөніс сақтау қоймасы бар. Оған «Газель» сияқты жүк көліктері еркін кіріп-шығады. Жаз бойы өсірген өнімін жары Рахима Сейдалиева орталық базарда саудаласа, артық өнімдерін өз қоймаларында сақтап, қыстай өздері де пайдаланып, меркіліктерге де саудалайды. Өткен жылдардың бірінде, желтоқсан айының ортасында сол қоймада болып, сақталып тұрған қауын-қарбызды, асқабақтың бірнеше түрін көріп, таң-тамаша болғанымыз бар.
– Мына жерге үнді асқабағын ектім. Ол аса үлкен болмайды, сыртқы пішіні алмұрт жемісі сияқты, салмағы 1,5-3 килограмм арасында. Осы асылтұқымды, дәмді, денсаулыққа ерекше пайдасы бар асқабақтың бес қана дәнегін ектім. Мендегі бақша өнімдерінің бәрі тамшылатып суарылады. Міне, қазір сіздер көріп тұрғандай, жапырақ жайып, бес-алты сотыққа жетер-жетпес жерді алып жатыр. Ерінбей түйінін санап шықтым. Бірінші, екінші сұрыпты деуге болатын 634 асқабақ бар. Ал жалпы түйін мыңнан асады. Әлі гүлдеп, әлі түйін салып жатыр, – дейді диқан.
Біз таңғалғанымыздан басымызды шайқап, аузымызды аштық. Азамат тіптен жапырақтарды ашып, үндінің моп-момақан асқабақтарын көрсетті. Біздің көзімізге ол дақылдың тұрқы – 30, диаметрі 10-15 сантиметрдей көрінді.
Расында, тамшылату әдісімен нәр татып, жапырақ жайып тұрған асқабақтың бес түбін де көзбен көріп, қолмен ұстап шықтық.
Бұл аудан, облыс көлеміндегі рекорд!
Ләззат Құралбай,
журналист