Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық құндылықты ұлықтайық!

Ұлттық құндылықты ұлықтайық!
ашық дереккөз
Ұлттық құндылықты ұлықтайық!
Ұлан-ғайыр қазақ даласы – ұлы сақ, ғұн, түркі, қыпшақ тайпаларының қарашаңырағы әрі ұйытқысы болған жер. Осынау ұлы даланың төсінде ұлағатты ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз ұрпағына өшпес мұра тастап, сонау ғасырлар қойнауындағы мәдениетін бізге әртүрлі жолдармен қалдырғанына бәріміз куәміз. Осындай ежелгі ұлы тайпалар қазақ даласын өздерінің отаны ете отырып, әлемдік адамзат баласының дамуына тарихи ірі мәдениеттерімен үлкен үлес қоса білді. Сол ғаламдық өркениеттің жетістігіне қосылған үлкен үлестің негізі қазақ халқының ұрпағына берген данагөй тәрбиесі мен рухани құндылықтары дер едім. Халқымыз тарих толқынында қаншама шапқыншылық пен қырғын соғыстарды басынан кешірді, тіпті қырылып барып қайта еңсе көтерген замандары да аз болған жоқ. Тарих тереңінен таразылап қарасаңыз, халықтың осындай әлеуметтік құлдырауынан қайта жоғары көтеріліп, серпін алуына негіз болатын себептің бірі – руханият қағидасы. Халқымыздың әрқашан «рухың сынбасын, рухани жүдеме» деп айтып жататын салиқалы ойларының барлық тәрбиелік мәні де осында жатса керек. Шынында да адамдарды ой-саналық құл­дық пен азғырушылықтан, жандүниенің күйзелісі мен еңбектік жалқаулықтан құт­қа­ратын бір ұлы тылсым дүние бар, ол – ру­ханият. Көңіл көзімен қарай білсеңіз, руха­ният деген – тозығы жетіп, құлдырап бара жатқан білдей бір қоғамды қайта түлетіп, азғындық құлдырауға түскен түпсіз терең шыңыраудан да алып шығатыны ақи­қат нәрсе. Өйткені руханият – адамзат ба­ласының ішкі жандүниесінің кеңдігі мен адалдығы, ой-санасының нәзіктігі мен жоғары сипатта дамуы, әділеттілік үшін күресе білетін белсенділігі мен ізгі ниетті қайырымдылығы тұрғысында қалыптасатын рухани ішкі әлем­дер­дің жиынтық дүниесі. Ал бұл дегеніміз – адамгершілік, ар-ұят пен адами қасиеттердің мәдени құндылықтарын мейірімділік аясында өн бойына сақтап, қастерлеп, оны әрекетке айналдыру қабілеті деген сөз. Әрине, ол мұ­ны­мен ғана шектеліп қоймайды, сонымен қатар адам дейтін салиқалы жанның тарихы, әдебиеті, өнері мен ата-бабадан қалған дана­лық жолдарының, әрі тәрбиелік мәні зор ғылыми, біліми салт-дәстүрлерінің дамуына да ықпал ететін ұлы күш. Күн нұрындай жарқырап жандүниеңе сәулелі шуағын шашып, сезіміңді сергелдеңге сала отырып, ой-санаңды теңіз тол­қы­нындай толқытып әкететін де осы рухани дүниелер. Қас қағым бір сәтте шырмауықша шырмалған жалаң ойлардан да арылтып, жаныңды шуаққа бөлейтін де, түпсіз терең шыңырау шұңқырынан да сені алып шығып, есіңді жиғызатұғын, әрі саған демеу болып, қара күштің атасы мен батасын беретін де осы – ұлттық тәрбиеден бойыңа сіңген рухани азықтар ғана. Міне, бабаларымыз сол үшін де адамзатқа сарқылмас азық пен от болар руханият қағидатын ұрпақ қамы үшін бірінші жолға қойып, әлеуметтік саланы екінші жолға қойды. Тарих толқынданып өте береді. Десек те тек, рухани дүниелер ғана саған мәңгілік жолбасшы болып, өмір өзеніңнің арнасын кеңейтуіңе жол ашады. Осыны білген біздің ата-бабаларымыз қандай данышпан десеңізші?! Қазақтың біртуар ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейханов: «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу, деп айтып кетіпті. Ғұламаларымыз мұның бәрін жайдан-жай айтып кеткен жоқ, көзге көрінбес, сөзбен айтып жеткізе алмас мәдени азықтардан нәр алып, сол арқылы адам болып қалыптасуды, әрі ұлттық бірыңғайлықты сақтап қалудың жолын меңзеген. Әрине, біздің тақырыбымыз адамның жетілуіне негіз болар ой-сананың дамуының бастамасы ретіндегі ақыл, сезім және қазақи тәрбиеліктің түп қазығы – руханият жайында болған соң соның өзегін қаузауға тырыстық. Заманға қарай адамы, адамына қарай қоғамы қа­лыптасатын жаңашылдық дәуірдің жаңа белестері мен сатыларын бастан кешіріп келе жатқан біздерге қазіргі таңда рухани байлық әбден керек-ақ. Ол елдің дамуын қамтамасыз ететін, халықтың азып-тозбауының алдын алатын қорғаныш есебіндегі қамал секілді болмақ. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Ұлттық код» дегеніміздің өзі осы – руханият ғылымы. Ал сол рухани ғылымды бала кезден өн бойына бабаларынан қалған тәрбиелік ілім ретінде сіңдіріп, игеріп, дарытып алған ұрпақтың санасына ешқандай да өзге ұлттың саяси арам ойлары бұзып-жарып кіре алмайды. Яғни ол – сол ұлттың рухани коды. Міне, ұлтты сақтаудағы құпия жады дегеніміз – осы. Жалпы жеке адамның рухани дамуы халықтың санасымен, психологиясымен, саяси белсенділігімен ұштасып жатады. Қоғамның қалыпты рухани дамуы әлеуметтік құрылымға, әртүрлі топтарға, олардың әрекет аясына өзгерістер енгізеді. Мәдениетті адам рухани бастаулардан нәр алатын қоғамда ғана қалыптасуы мүмкін. Рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Иә, мемлекет тарапынан қолға алынған байыпты бағдарлама аясында жүйелі жұ­мыстардың жолға қойылып, жақсы нәтижеге бастап келе жатқаны қуантарлық жағдай. Сондай рухани жаңғыру мен руханият ғылы­мының дамуының бір дәлелі 2019 жылы Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай, мерейлі мереке қарсаңында Тараз қаласында ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені болып табылады. Еліміздегі сондай тарихи-мәдени кешен тұңғыш рет тарихи мұраларға бай өлкелердің бірі – қасиетті Жамбыл өңірінде ашылды. Міне, қазіргі кезде біз осынау ұлы қазақ мәдениетінің бір ошағы болып саналатын Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ашылуына куә болып отырмыз. Тараз өңірі – ежелден бері ірі өркениеттің ортасы болған жер. Сондықтан мұндай мәнді де мағыналы мәдениет ошақтарының қасиетті Тараз қаласынан ашылуы – бәріміз үшін де үлкен мақтаныш болды. Әрине, мәселе бұл кешеннің Таразға тарихи көрік бергенінде емес, қайта жоғалғанымызды тауып, ұмытқанымызды еске түсіріп, салт-дәстүріміздің, тарихымыздың, әдеби мұраларымыздың өзімізге оралғаны еді. Мұны айтып отырған себебім, аталған кешен ішінде ерекше атап айтар мекеме – «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығы іске кірісті. Мекеменің аты айтып тұрғандай, ұлттық кодымыз болып саналатын рухани құндылықтар мен сол құндылықтардың негізі ретінде айқындалатын ата-баба тарихы­ның ғылыми тұрғыда зерттеліп, бір орталыққа жина­латыны және оны кейінгі ұрпақтың жады­на сіңдіре алатындығымыз көңілге қуаныш ұялатады. Үш мың жылдық тарихы бар хал­қы­мыз­дың атадан балаға қалып келе жат­қан қасиетті тәрбиесі мен білімдерін, түпкі тарихымызда сараланған салт-дәстүр мен дала философиясын, тек қазақта ғана кез­де­сетін тапқырлық, шешендік секілді рухты көте­ретін құндылықтарымызды дамыту – басты мақ­сат­тардың қатарында. Тек бұл ғана емес, осы мерейлі той қарсаңында «Руханият және тарихтану» орталығы Жамбыл өңірінің сонау ерте дәуірден бүгінгі күнге дейінгі аралығын қамтыған тарихы мен әдебиеті ғылыми тұрғыда жазылған «Тараз мұралары» атты көп сериялы 80 томдық кітабын жарыққа шығарды. Бұл – ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан бай мұраларымыздың игі жалғасы болатыны сөзсіз. Әрине, мұндай бір ғана облыстың тарихы мен әдебиеті, мәдениеті мен өркениеті жазылып шыққан 80 томдық көп сериялы кітаптар ешқандай облыста болған емес. Мұның барлығы да ұлт мүддесі жолында қызмет етуге арналады. Осындай әр елдің өзіндік тарихы, өзіндік мәдениеті, өзіндік рухани даму жолы болады. Сол ел осы құндылықтарымен әлем алдында ерекшеленіп, бағаланатыны да белгілі. Өйткені бұл осы елдің рухани қазынасы бола отырып, ұрпағына ұлтжандылық сезім сыйлайтын мәңгілік ұраны болмақ. Мұндай тереңнен тамыр тартатын, тектілігімізбен біте қайнасқан рухани-мәдени қазыналар халқымызда жетерлік. Міне, осындай мәдениетіміз бен рухания­тымыз сияқты ұлттық құндылықта­рымызды әлемге паш етіп, ата-бабаларымыз­дың тасқа қа­шап жазған тарихы мен рухани мұра­ла­­ры­мызды жүрегіміздің түкпіріне сақтай оты­рып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсыру – па­рызымыз. Алғашқы қоғам мен орта дәуір­дің арасын қамтып, бодандық бұғауынан бос­тан­дық таңына жалғасып жатқан еліміздің осын­дай бай мәдени дүниелерін кең көлемде насихаттай отырып, бүкіл ел болып қолдауға тиіспіз. Ұлттық рухымыз серпіліп, жауһар дүниеле­рімізді жарқыратып көрсете білсек, біз әлі бұдан да биік белестерді бағындыратын боламыз. Асылжан Дулати, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар