Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА

ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА
ашық дереккөз
ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА
Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған «Мүгедектер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің стандартты ережесі» бар. Онда халықтың тең құқылы, тең дәрежеде өмір сүруі, адам құндылығы мен олардың құқығын қорғау, түрлі ауру-сырқаудан ада болып, қиналмай, жеңіл әрі тәуір тұрмыс кешуі, жалпы адамның өмір сүру сапасын жақсарту жолдарына қатысты қағидалар нақты атап көрсетілген. Халықты әлеуметтік қорғау саясаты Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынған реабилитациялық бағдарламада мүгедектігі бар адамдарға физикалық, психологиялық, әлеуметтік, мәдени, рухани, құқықтық көмек көрсету жолдары қарастырылған. Өйткені ерекше қажеттілігі бар адамдар қоғамнан оқшауланбай, өзге қол-аяғы сау, денсаулығы қалыпты азаматтар секілді өмір сүруі қажет. Сондықтан да әрбір мемлекет қоғамда мүгедектігі бар адамдардың сұранысына орай олардың өзгеге тәуелді болмай, дербес күн кешуіне жағдай жасауға міндетті. Біздің мемлекетіміз де осы үдеден шығу жолында мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы, сауықтырылуы, қоғамға бейімделуі, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына өзгенің көмегінсіз кіріп-шығуы, тиісті қызметті тұтынуға оңай қол жеткізуі, білім алуы, еңбекке жарамды болса, жұмысқа орналасуы, кәсіп ашуы бағытында халықты әлеуметтік жағынан қорғау саясатын жүйелі жүзеге асырып келеді. Мәселен, ҚР заңнамасына сай бүгінде мүгедектігі бар адамдар көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілденген сан түріне ие болып отыр. Олардың денсаулығын жақсарту мен жұмысқа орналасу, кәсіп ашуынан бөлек, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы аясында баспаналы болуына жағдай жасалған. Олардың шығармашылық қабілеттеріне де қолдау көрсетіліп, мемлекеттен тиісті жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдер алуы заңмен бекітілген. Түрлі оңалту орталығында емделуі, медициналық құрал-жабдықпен қамтылуы қамтамасыз етілген. Осы бағыттағы шаруалар өз өңірімізде де жүйелі жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – мүгедектігі бар адамдармен тікелей жұмыс істейтін мекеме. Аталған бөлімнің басшысы Гүлмира Керімбаева мүгедектерге қызмет негізінен Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетінін айтады. – Порталдың жұмысы еліміздегі Кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мүгедектігі бар адамдар үшін өнім берушілер ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген сома шегіндегі құнын өтеу шарттарымен жүзеге асырылады. Ол – мүгедектігі бар адамдардың тиісті өнімге қол жеткізуінің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттандыру объектісі. Әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы мен ұсынылатын қызметтердің және оңалту құралдарының сапасын жақсарту үшін енгізілді. Аталған қызметтер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі арқылы медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге сәйкес әзірлеген мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігінің негізінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осы жүйе бойынша мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар және арнаулы жүріп-тұру құралдары, ымдау тілі маманының қызметтері, мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды санаторийлік-курортық емделу, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметтері ұсынылады. Өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Электрондық үкімет» веб-порталында ұялы байланыс абоненттік құрылғысының проактивті қызметі арқылы өтініш береді. Проактивті қызмет арқылы рәсімдеу кезінде өтінішті ұсыну талап етілмейді. Порталда өнім берушіні таңдауды өтініш беруші абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы іс-шараларының порталға жіберілгені туралы хабарлаған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырады. Өтініш берушінің интернет-ресурсқа қолжетімділігі болмаған жағдайда, өтініш беруші аталған мемлекеттік корпорацияның, мансаптық орталықтың, басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің өзіне-өзі қызмет көрсету секторына жүгінеді. Өнім берушіні таңдауды іске қосу туралы мәліметтер порталдан «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде беріледі. Одан кейін өтініш беруші «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі кезектілікті ескере отырып, өнім берушіні порталда таңдайды. Мүгедектігі бар адамдар өздеріне тиесілі қызмет түрлері мен техникалық оңалту құралдарын әлеуметтік қызметтер порталынан өз қалауларымен таңдап алады. Алайда көрсетілетін қызметті кепілдік берілген сомадан асатын бағамен сатып алған кезде өтініш беруші кепілдік берілген сома мен олардың нақты құны арасындағы айырманы өз қаражаты есебінен дербес төлейді, – дейді Гүлмира Амангелдіқызы. Мүгедектігі бар азаматтар оңалтылуда Жалпы мүгедектігі бар адамдар санатына қарай бірнеше топқа бөлінетіні белгілі. Мысалы, жасына байланысты мүгедектігі бар адамдар ересек және бала болып бөлінсе, оның ішінде оның мүгедектігі барлар бала кезінен мүгедек немесе еңбек ету барысында, соғыс салдарынан, ауыр дертке шалдығуынан, жазатайым оқиғаға тап болуынан пайда болған мүгедектік. І топ мүгедектері еңбекке жарамсыз болып саналса, ІІ топ мүгедектері уақытша еңбекке жарамсыз, ІІІ топ мүгедектері белгілі бір жұмыс түрлеріне жарамды болып есептеледі. Негізінде олар сырқатына байланысты мүлдем қозғала алмайтын, қозғала алатын, сәл-пәл қозғала алатын мүгедектігі бар азамат болып үш топқа бөлінеді. Бүгінгі таңда Шу ауданындағы жалпы мүгедектігі бар адамдар саны 2 607-ні құрайды. Оның ішінде І топта – 365, ІІ топта – 701, ІІІ топта 1 мың 51 адам болса, 490 азаматтың бойында мүгедектік бала жасынан бері бар екен. Осы азаматтардың кез келгеніне, яғни мүгедектігі бар ересектердің және мүгедектігі бар балалардың санаторийлік-курортық емделумен қамтамасыз етуіне толық құқы бар. Бұл бойынша құжаттар ісі біз сөз еткен абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы аясында мүгедектігі бар адамдарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің осы жылғы 30 маусымдағы №283 бұйрығына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы рәсімделеді. Осы жылы Шу ауданында 235 адам өтініш беріп, оның ішінде 157 мүгедектігі бар адам санаторлық-курорттық емделуге барып, ем-дом алып қайтқан. 78 мүгедектігі бар адам осы қыркүйек айы мен алдағы қазан, қараша айларында порталдан өз таңдауын жасап жатқан көрінеді. – Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидалары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің биылғы 22 маусымдағы №230 бұйрығына сәйкес бекітіледі. Бұл бойынша ауданда мемлекеттік және мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтік мекемелерге 24 адамға жолдама берілді. Оның ішінде психоневрологиялық мекемеге – 2, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына» – 4, «Жамбыл облыстық оңалту орталығына» – 14 ересек мүгедектігі бар азамат, Шу аудандық бейімдеу және оңалту орталығына 4 мүгедектігі бар бала жіберілді. Аудан бойынша жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар 161 балаға 27 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетіп келе жатыр. Оның ішінде 70 мүгедектігі бар балаға 12 әлеуметтік қызметкер үкіметтік емес ұйымдар «Игілік Шу» корпоративтік қоры арқылы қызмет ұсынуда. Сонымен қатар 111 жалғыз басты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға 15 әлеуметтік қызметкер үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы №84 бұйрығына сәйкес мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу ісімен ІІ тоқсанға 112 отбасыдан 114 мүгедектігі бар бала қамтылды. Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы тиісті министрліктің 2023 жылғы 30 маусымдағы №286 бұйрығына сәйкес қамтамасыз ету қызметтері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылуда. Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар 24 мүгедектігі бар адам үшін 2 ымдау тілі маманы жұмыс істеп жатыр. Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес есту қызметтері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қамтылуда. Жеке көмекші қызметін қажет ететін ауданда бір адам бар. «Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы министрліктің осы жылғы №287 бұйрығына сәйкес қамтамасыз ету қызметтері де әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүргізілуде. Протездік-ортопедиялық көмек бойынша 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға қазіргі заманғы технология бойынша аяқ протездерін үлестіру мәселесіне келсек, яғни жинақтаушы тораптар мен бұйымдардың таратылған ауыстыру құралы саны – 9. Мүгедектігі бар азаматтарға берілген осы тектес қол протездерi шино-былғары – 3, кеуде бездерінiң протездерi – 7, протездік-ортопедиялық құралдар, балдақ – 37. Сонымен қоса 68 протездік-ортопедиялық құрал-таяқ, 19 жетек арба, 15 корсет алынған. Басұстағыштар саны – 9, ортопедиялық ұлтарақ – 5, ортопедиялық аяқкиім – 129, белсенді ұстағыш – 3, колготки киюге арналған құрылғы – 1, шұлық киюге арналған құрылғы – 1, кілтке арналған ұстағыш саны біреу. Бөлмеде жүріп-тұруға арналған кресло-арбалардың ересектерге арналған саны – 11, ересектерге арналған серуендеу үшін 16 кресло-арба берілсе, балаларға арналған көпфункционалды (әмбебап) кресло-арба саны – 8, ал ересектер үшін көпфункционалды (әмбебап) 9 кресло-арба мен 5 сырғытқы арба алынды, – дейді Г.Керімбекова. Мүгедектігі бар 253 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіліпті. Олардың ішінде 8 тифлотаяқпен, 1 сөз шығаратын тонометрмен, 4 сөз шығаратын термометрмен, 8 сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасына қосылған ноутбукпен қамтылғандар бар. Сондай-ақ осындай санаттағы азаматтарға 16 дыбысты хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефон, 16 дыбыс жазбасын шығаруға арналған плейер, 21 нашар көретін адамға арналған сағат, 1 тест жолақшалары бар сөз шығаратын глюкометр берілген. 1 адам брайль жүйесі бойынша жазу құралымен, 10-ы оқу машинкасымен, екеуі рельефті-ноқатты қаріппен жазуға арналған қағазбен қамтылған. Сурдотехникалық құралдар бойынша мүгедектігі бар адамға 10 есту аппараты, 7 көпфункционалды дабылды жүйе, 8 саңырау және нашар еститін адамдарға арналған сағат, 7 веб-камерасы бар ноутбук, 7 мәтiндiк хабарламасы және хабарды қабылдау қызметі бар ұялы телефон берілген. Пенде болғаннан кейін адам күйбең тіршілікпен байыз таппайтыны белгілі. Кез келген адамның үйден ұзап шығып, шаруасын қоғамдық көлік, жеке көлік немесе такси қызметін пайдалану арқылы, мейлі ол қала болсын, мейлі аудан орталығы болсын жол жүре отырып шешетіні белгілі. Сондай сәтте мүгедектігі бар жұмыс істейтін немесе белгілі бір оқу орнында білім алатын азаматтар және әлеуметтік нысандар немесе басқа да мекемелерде шаруасы барлар үшін инватакси қызметі ауадай қажет. Негізінде инватакси қызметі, ең алдымен, жұмыс істейтін және оқитын ерекше қажеттілігі бар адамдарға кестеге сәйкес ұсынылатынын айта кетуіміз керек. Ал қатардағы мүгедектігі бар азаматтарға бұл қызмет түрі олардың өтініш беру тәртібі арқылы жүзеге асырылады. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бұл көлік түрі қызметті тұтынушылардың жағдайына лайықталып жасалған. Олар осы көлік қызметін алу барысында өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі тиіс. Ол адам арбада отырған болса, көліктің арнайы арбадағы адам мініп-түсе алатындай пандусы болуы керек. Осы арқылы олар жұмысқа, оқу орнына немесе қажетті әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қиналмай бара алады. Бұл өз кезегінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, өзін қоғамдық ортада қолайлы сезінуіне ықпал етеді. Жалпы инватакси қызметі де «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамаға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы қаралып, аталған қызмет инватакси қызметін ұсынушы ұйымдар үшін тиісті конкурс талаптарымен порталға қойылады. Осы қызметті көрсету құқығына ие болған ұйымның қызметін алушылар инватакси қызметін пайдалану мақсатында қажетті құжаттарды өткізуі тиіс. Бүгінде Шу ауданында мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдайтын инватакси қызметі жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта ауданда мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар адамдарға «Зейнеткер-мүгедектерді әлеуметтік жәрдем және қорғау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы көрсетіледі. арнайы қызметті үйде алатындар да бар Өмір болғаннан кейін маңдайға жазылған тағдырдан адам қашып құтыла алмайтыны анық. Қарапайым адам тұрмақ, кезінде қызмет істеп, маңайына сыйлы болған адамдардың өзі жақын туысы не бала-шағасы жоқ болса, қартайғанда жалғыз қалатыны белгілі. Мұндай жалғызілікті адамдарға қазақ қоғамы ілгеріден-ақ қарайласқан. Ауылдық жерде оқушылар отынын жарып, суын тасып беретін. Жалғызіліктілерге қоғам болып қол ұшын созу қазір де бар. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Ал біздің айтпағымыз, мүгедектігіне байланысты мемлекет тарапынан үй жағдайында көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлерін алатындар туралы. Шу ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Күміс Хажиева үйде әлеуметтік көмекті балалар да, 18 жастан асқан азаматтар да алатынын айтады. – Бұл қызмет Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсететін 2 бөлімше және «Игілік-Шу» коорпоративтік қоры арқылы ұсынылады. Бүгінде Шу ауданы бойынша барлығы 159 қызмет алушыға үйден қызмет көрсетілуде. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қызмет алушылар әртүрлі диагнозына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Мәселен, психоневрологиялық ауытқулары бар, мүгедектігі бар балалар саны – 57, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балалар – 88, психоневрологиялық ауытқулары бар 18 жастан асқан адамдар саны – 14. Әлеуметтік қызметкерлер халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету жағдайында әлеуметтік көмек көрсету стандарты негізінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығын басшылыққа алып қызметін жүзеге асырады. Әлеуметтік қызметкер аптасына кемінде екі рет (екі сағаттан) балаларға қызмет көрсетеді. Әрбір қызмет алушыға 1 жылдан аспайтын мерзімге жеке жұмыс жоспары әзірленеді, жүргізілген іс-шараларды және тоқсан сайынғы мониторинг қорытындыларын жеке жоспардың орындалуы туралы журналды электрондық картотекада көрсетеді. Балаларға 7 бағытпен, ал 18 жастан асқан адамдарға 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі, – дейді Күміс Созақбайқызы. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін тұрақты алып жүрген тұрғынның бірі – Тілеукүл Спанбекова. Ол Шу қаласында тұрады. Жасы жетпіске келген әже 1970 жылдары сауда саласында қойма меңгеруші болып еңбек еткен екен. Өмірден өткеніне 20 жылдан асқан отағасы ауданның көлік базасында «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі болған. – Тағдырдың басқа салғаны осы. Өмірде әртүрлі жағдай болады ғой, қол-аяғы сау болып, отбасы-ошақ қасының қамы үшін күн кешіп жүрген адам үшін бірден арбаға таңылу оңай емес. 55 жасымда Түркістан облысына құдалыққа бардық. Қазақтың қыз алысып, қыз берісу дәстүрінің жөн-жоралғысы ойдағыдай атқарылып, үймізге қайтып келе жатқанда Созақ ауданында жол апатына ұшырадық. Содан кейін аяқтан қалып, арбаға таңылдым. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдім. Зейнетақым – 121 мың теңге. Бірінші топтағы мүгедектігіме қатысты ешқандай жәрдемақы алмаймын. Дегенмен үйде қызмет алу құқығын пайдаланып, оны баламның атына рәсімдеп қойғанмын. Ол үшін мемлекет 60 мың теңге төлеп отыр. Одан бөлек бірреттік жаялық, кір жуатын ұнтақ беріліп тұрады. Мүгедектер арбасы берілді. Жыл сайын облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының қызметін тұтынамын. Ол жерде үш айға дейін жатып, ем-дом қабылдауға болады. Бірақ мен бір айға ғана жатып, сауықтыру, оңалту қызметін аламын. Ол жерге барғанда бізді есіктен кіреберісте күзетшілер қарсы алады. Содан қол-аяғымызды жерге тигізбей ұжым мейірімділік таныта отырып, оңалту қызметін ұсынады. Онда күніне оңалту, бейімдеу жұмысы жоспар бойынша жүргізіліп, әр іс кесте бойынша жүзеге асады. Массажы да, физиотерапиясы да, барлық қызметі жақсы. Мен ондағы мамандардың бірқатарының аты-жөнін, қызметін жатқа білемін. Құдайға шүкір, көзіміз ашық. Орталық директоры Қарлығаш Бибізарова, невропатолог Нағима Сәкенқызына, терапевт Қарлығаш Шакаеваға, массажист Шынар Абдиеваға, физиотерапевт Әтіркүл Нұрмаханқызына, психолог Қарлығаш Дәуірбаеваға, еңбек нұсқаушылары Айгүл Күлімбетова, Жанар Нарымбаеваға, невропатолог Ардақ Кадырханұлына, физкабинет емі бойынша маман Айжан Балқыбекова және мейірбике, тазалықшыларға айтар алғысым шексіз, – деді қария. Тілеукүл Қаппарқызы ауданның инватакси қызметін тұрақты тұтынатынын да айтты. Бұл қызмет тегін көрсетіледі. Барам деген әлеуметтік және басқа да нысандарға қиналмай қатынайды. Тілеукүл Қаппарқызы ауданда біз секілді көңілі алаң адамдарға мереке кезінде назар аударса деген тілегін де жасырмады. – Мен оңалту орталығына барғанда онда ем алып жатқан қоғамға, әлде тағдырына өкпелі адамдарды кездестіргенмін. Кейбірі тіпті жергілікті жерде ұсынылып жататын қызметпен көмекке көңілі толмай жатады. Сондай кезде басу айтамын. Өйткені мұның бәрі уақытша. Адам тек жақсылықтан күдер үзбеуі керек. Десе де құлаққағыс ретінде көптің тілегін жеткізгім келеді. Осы күні мүгедектігі бар біз секілді қариялар елеусіз қалып барады. Арбаға таңылып, ертеңнен қара кешке дейін төрт қабырғаға телміргеннен бір сәт мәдени іс-шараларды тамашалағымыз келеді. Ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесінде немесе 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде ақжаулықты апаларды демеушінің көмегімен болса да шақырып, концерттік бағдарламаға қатыстырса, көңілін ауласа болады ғой. Осыны мен өзіміздің аудандағы тиісті сала қызметкерлеріне де айтқанмын. Олардың айтуынша, мұндай қамқорлық, қайырымдылық тек мүгедектігі бар балаларға ғана көрсетіледі екен. Наурыз мерекесіне шықсақ, оның несі айып? Үйге келіп құттықтап, бір шымшым шайды қолымызға ұстатса мәз болып қаламыз ғой. Немесе ортадан ақша жинасақ, сөйтіп, аталған іс-шараларды өз қаржымызға тамашаласақ та болады. Бұл жерде барлығы көңілге байланысты, – дейді ол. Осыдан кейін біз Шу ауданында мүгедектігі бар адамдарға көрсетіліп жатқан қайырымдылық іс-шараларына назар аудардық. Балаларға және 18 жастан асқан адамдарға қатысты үйде әлеуметтік қызмет алушыларға ауданда қайырымдылық іс-шаралары тұрақты көрсетіліп тұрады екен. Шу ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен көктемде әз Наурыз мерекесіне орай «Алматы» мейрамханасының иесі Мереке Бабалиева мүмкіндігі шектеулі балаларға және ата-аналарға дастарқан жайып, көже таратып, тәттіге толы себет үлестірген екен. – Қазақтың қанында бар асыл қасиеттің бірі – мейірімділік, жомарттық, кеңдік. Бұл қасиет еліміз қанша қуғын-сүргін, соғыс, аштық секілді сан түрлі нәубетті басынан өткерсе де бойынан жоғалтқан жоқ. Өзінің қолында барын өзгемен бөлісу, біреудің жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеу көзімізге ерлік іс секілді елестемеуі керек. Бұл халықтың, адамның бір-бірінің алдындағы парызы, көрсеткен қамқорлығы. Жасаған жақсылығыңды айтып мақтангершілікке салыну – әбестік, ал қайырымды іспен өзгелерге үлгі болу – азаматтық. Елге жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету қазақ халқы барда онымен бірге мәңгі жасай беретіні анық, – дейді Мереке Аманқұлқызы. Ауданда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында бірқатар қайырымдық іс-шара өткізіліпті. Мәселен, «Мейірім шуағы» атты іс-шарада мүмкіндігі шектеулі балаларға аудандық кітапхана қызметкерлерінің демеушілігімен кітапханаға саяхат жасалып, концерттік бағдарлама жүргізіліп және тәтті бәліш пен балмұздақ таратылыпты. Шу ауданы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі дойбыдан жарыс өткізіп, тәтті балмұздақ таратып, балаларға сыйлықтар беріп, мақтау қағазымен марапаттаған екен. Оқушылар сарайында «Өнерге өрісі кең орда» атты концерттік бағдарлама өткізіліпті. Мүмкіндігі шектеулі балалар мақтау қағаздарымен марапатталып, қаржылай сыйлықтар беріліп, дастарқан жайылып және тәтті салынған себеттер таратылған. 1 маусым күні М.Жүнісалиев атындағы саябақта балалардың жасаған қолөнер жұмыстарынан көрме ұсынылып, тегін балмұздақ, құлпынай таратылды және асфальтқа сурет салудан қызмет алушы бір бала қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Аталған мерекеге орай демеушілер тарапынан балаларға 500 мың теңге көлемінде сыйлықтар үлестіріліпті. Десе де мүгедектігі бар адамдарды бала демей, басқа демей, бір мезет қоғам көңілін аулап қойса, одан кеміп қалмайтынымыз анық. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com Шу ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар