Табыстың кілті шынайылықта...»
«Кеше ғана бүгін-ертең болған. Бірақ кеше менің бүгінімді ұрлап кетті... енді өзімнен сұраймын, уайымның қажеті не?..» Былай қарасаңыз, жаңылтпаш секілді, мағынасын, ұйқасын әзер түсініп, байланыстырып аласыз. Бұл «91» тобының жастар арасында көп қаралым жинаған, тыңдарманын еліктіре түскен әнінің сөзі. Рас, кеше, бүгін, ертеңнің арасын жалғап жатқан уақытта бос уайымға салынбау керек, өмір сүру, тіршілік кешу керек. Әрекет болса, кәсіп те, нәсіп те бар. Олай болса, бос уайымның қажеті не? «Мотивация» айдарының бүгінгі кейіпкері, жас кәсіпкер – Әйгерім Есенбаеваға осы сұрақты қойдық.
– Мен бизнес бастағым келеді. Бірақ алғашқы қадамды қалай, неден бастау керек екенін білмеймін. Не айтасыз?
– Талпыну керек. Бір орында отырып, бір бағытта бизнес жүргізу міндет емес. Жан-жақты болып, адамдармен дұрыс коммуникация құра білсең, ізденісіңді тоқтатпасаң алғашқы бизнес жобаңды сәтті қорғап шықтың деген сөз. Ешкіммен сөйлескісі келмейтін, тұйық, өзіне сенімсіз адамдардың бизнесте жолы болып кетуі екіталай. Қытай даналығында айтады ғой: «Күле алмасаң, дүкен ашпа» деп. Сол сияқты сенің бизнеске деген талантың, қызығушылығың үлкен рөл атқарады. Қызығу тек басқа біреулердің сәттілігіне қарап отыру емес, сен өзіңе қызық болғанда ғана саған жол ашылады.
Бұл барлық жағдайда маңызды. Өзіңмен-өзің қалу сені жалықтырмауы қажет. Бізде жастар бір жерде отырсам, ішім пысып кетеді деп айтады ғой. Жоқ, сен өзіңді танудан, зерттеуден жалықпауың керек. Күннен-күнге жаңа информациялар алып, қадам жасай берсең, биікке шыққаныңды байқамай қаласың. Ал өзіңді тануға жасалатын алғашқы қадам – кітап оқу деп білемін. Бұл жаттанды естілетін шығар. Бірақ кітаптың берері мол. Сондай-ақ ойың ұшқыр болуы тиіс. «Қарапайым бол» дейді біздің менталитетте. Бірақ қарапайымдылықтың соңы кедейшілікке алып келеді. Шүкіріңді ұмытпау маңызды. Қанағатшыл бол. Бірақ тым қарапайым, қарабайыр өмірге риза адам өзгерісті, жаңашылдықты қаламайды. Жақындарыма үнемі «қарапайым болмаңдар» деп айтып жүремін. Кең ойлана алып, көкжиегіңе көз тіге білген жөн. Балықшылар қолындағы қармақты дәл алдына тастай салмайды ғой, алысқа лақтырады. Сол сияқты шағын шеңбермен шектелмеңіз. Бұл сіздің ең үлкен мақсатыңыз болсын. Талап тым терең, жауапкершілік үлкен болса, теңіздей таза өнім шығады. Сенімділік – мақсатқа ең тез жеткізетін әдіс. Күніге қайталанатын жұмыстар сені жетістікке жеткізбейді. Адам мотивация болған кезде ғана нәтижеге жете алады. Әр адам әртүрлі жерден, адамдардан мотивация алады. Кейбіреулер отбасынан, балаларынан алады, кейде сізді жігерлендіретін тек жалғыз бір адам ғана болуы мүмкін. Бізге күш беретін орта қайсы, біз қай жерде өсуге талпынамыз, соны анықтау қажет.
Ал кәсіп бастау үшін «Неден бастау керек?» деген сұраққа – нақты жоспарың, әрі кездесетін кедергілерге төтеп берер қайратың болуы қажет. Кәсіп бастағанда белгілі бір дәрежеде біліміңнің болуы да шарт. Бастайтын ісіңді алдын ала зерттеп, жан-жақты білгеннен кейін ғана кірісу керек.
Кәсіптің қай түрі болса да базалық білімің болуы шарт. Бастаймын деген ісіңді алдын ала зерттеп, толық білгеннен кейін ғана қолға алған дұрыс. Одан бөлек бастамаң туралы кішкене болсын тәжірибе жинақтап, ішкі атмосферасынан хабардар болу маңызды.
– Мотивация іздеу тәуелділікке алып келмей ме?
– Жоқ. Тәуелділікке алып келмейді. Ол сізді қанаттандырады. Жаныңа жылу, жүрегіңе жігер береді. Менің мотивациям – балаларым. Арман-қиялыңыз тек қана Қазақстанда тұрақтап қалмау керек. Шетелге саяхаттау да саған әдемі көңіл сыйлайды.
– Өзгеріс неден басталады, жаңа қадамға қалай жетеміз?
– Әр адам анадан туғанда оған өзіне ғана тән ерекше қасиеттер беріледі. Уақыт өте келе көп орталарда жүріп, тағдырына көніп, өзі өзгеруі мүмкін. Бірақ қанмен келген қасиет бәрібір сақталады. Соған қарай әрекеттер, өзгерістер болады. Жалпы пайдалы бола білгің келсе, Алла өзі жолын тауып береді екен. Тек бастапқы ойдан айнымау керек. Барлық ортада бір көшбасшы болады. Үнемі алға жетелейтін, жаңалықты, жаңашылдықты қалайтын. Мүмкін сол адамдардың қатарында шығармын.
– Кәсіпкердің мақсаты қандай болуы керек?
– Бастысы көңілдегі тазалықта. Табысты болу, биік мінберлерге шығудың жолы – шынайылықта. Өзім отбасымды, балаларымды ойлаймын. Әдемі сәттердің иесі болса деймін. Сол үшін кәсіппен айналысамын. Отбасыға тигізген көмегің Отаныма пайдамды тигізсем деген оймен ұштасуға тиіс. Кейбірі кәсіпті бастағаннан кейін қымбат көлік мініп, зәулім үй тұрғызуы мүмкін. Одан кейін кәсібі жүрмей қалса, бастапқы мотивациясын жоғалтып жатады. Бұл дегеніміз оның бастапқыдағы мақсаты – қымбат көлік пен үй болғандығынан. Сондықтан алға қойған мақсатына жеткеннен кейін ары қарай не істерін білмейді. Сол себепті межеңіздің ауқымы кең болғаны дұрыс.
Тағы да айтамын: мақсатың отбасы және Отанмен ұштасса, күймейсің. Дәл қазір 3 түрлі кәсіпті дөңгелетсем деген ойым бар. Сұлулық салоны бір жүйеге түсті. Алдағы уақытта жеке отандық бренд қалыптастыруды жоспарлап жүрмін. Неге жамбылдық жастар арасында отандық өнімге деген сұраныс аз болуы қажет?
Неге жастар отандық өнімді кимейді? Өйткені әлі күнге дейін қолжетімді бағада жеке брендтер қалыптасқан жоқ. Қалыптасқан күннің өзінде бағалары қымбат. Өзім дизайнер болғандықтан осыны қолға алдым. Жақсы нәтижеге жетеріме сенім мол. Өзім суретші, дизайнермін. Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірдім. Кейін Астана қаласында «Шабыт» университетінде оқыдым. Тараз қаласында «Аспара» колледжінде дәріс оқыдым. Кейін бизнеске келгенде шығармашылықтан қол үзіп бара жатқанымды байқадым. Бұл маған берілген талант қой, неге ұмытуым керек дедім іштей.
Қазір осы істі бастап жатырмын. Тағы бір бизнестің көзі – ол азық-түлік дүкені. Нақтырақ айтсам, орталықта көтерме сауда орны ашылуда. Қазір жалға алу бойынша келісімшарт жасалынды. Мемлекеттік бағдарлама негізінде гранттық конкурсқа өтініш жібердім. Қол жеткізсем, жақын күнде тағы бір жоба жүзеге асады деп сенемін.
Бір құпияммен бөліскім келеді. Барлық нәрсе сіздің жақсы нәрсені ойлап, елестете алуыңызға, көруіңізге байланысты. Тек әдемі картиналарды көруді қалаңыз. Дәл қазір менің азық-түлік дүкенін жабдықтайтын және оны тауармен толтыратын қаражатым аз, жеткілікті емес. Ол жерге орта есеппен 6-7 миллион теңгедей қажет. Бірақ мен ол миллиондардың қолыма түскенін күтіп отырмаймын ғой. Ойға алған істі бастап кетуім керек. Ары қарай өз реті болады. Бизнесте бастысы ақша емес. Әрекетте.
– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?
– Кез келген адам кәсіпкер болып кетеді деп айта алмаймын. Өйткені кәсіпкерлік те – ерекше қабілетті талап ететін іс. Мысалы, өз ісіңізді бастаған уақытта алдыңыздан түрлі қиындық кездеседі, оларды еңсере білу керек. Не істеймін деп бір орында отыру – кәсібіңді дамытпайтыны белгілі. Сондықтан да қорқынышты жеңе білу маңызды. Ал ол үшін табандылық қажет. Сізге еріншек, жалқау адамнан кәсіпкер шығады десе, сенер ме едіңіз?
– Бизнесте қажет басты қасиеттер мен машықтар қандай?
– Еңбекқорлық, шыдамдылық және мейірімділік. Қарамағындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, тіл табысу, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету өте маңызды. Сондай-ақ кәсіпкер ата-анасымен, отбасымен, ағайын-туыспен қарым-қатынасын реттеуі керек. Онсыз бастаған ісінің ешқандай берекесі болмайды. Оңай жерде нан жоқ екенін, ешқандай сиқырлы таяқша болмайтынын түсіну керек. «Алма піс, аузыма түс» демей, отырған орнынан тұрып, істің тауқыметіне төзгенде ғана кәсіп жемісін береді.
– «Табысты болу балалықтың бақытты, еркін өтуімен байланысты» дейді кейбір мамандар. Қаншалықты рас?
– Отбасындағы тәрбие көп әсер етеді. Егер кедергілер болса, өткенге қарай бермеу керек. Біз тек қана 7 жастағы бала болып тоқтап қалмаймыз ғой. Әр жылы жаңа жас, жаңа қадам. Сондықтан 20-30-ға келгенде «бес жасымда анам ренжіткені әлі есімде» деп үнемі айтып отыру сізді есейтпейді. Біз отбасымызда бір ұл, бір қызбыз. Ата-анам еркін тәрбиеледі. Сол уақыттарда кризис, тамақтың, киімнің жетіспеушілігі көп болды ғой. Бізге де әсер етті. Бірақ бізде үлкендер тек қарап отырмайтын. Анам да, әкем де жұмысқа шын берілген жандар. Соны інім екеуміз көріп өстік. Баламен дұрыс сөйлесіп, кішкентай кезінде көп шектемеу керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын ата-аналар әсіресе қыз баласын тым қатал ұстайтын. Талапты жоғары қоятын. Қазақта жақсы сөз бар ғой, «Ұлды тоқшылық, қызды жоқшылық құртады» деген. Иә, бұл рас. Өсіріп отырған балаларымызға «жоқ» деген сөзді жиі айтпау керек. Сосын балаларды қалыпқа салып қоюдың қажеті жоқ. Дүниеге алып келген, тәрбиелеген өзіміз болсақ та бала сенің көзқарасыңмен жүруге міндетті емес. Абай айтады ғой, «Кетігін тап та, бар қалан» деп. Адам өз орнын өзі тапқанға ештеңе жетпейді. Қазір өзім кешкілік уақытта жарты сағат міндетті түрде кітап оқимын. Журналдар қараймын. Үйде балаларым болғандықтан оларға үлгі бола алуым керек. Көз алдарында жақсы образ қалыптастыру үшін дұрыс әдеттер жасаймын. Сол сияқты кішкентай ғана қадам сіздің және жақындарыңыздың өмірлік жолын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Үлкен жол әрдайым кішкентай қадамдардан басталады ғой. Барлық жастарға айтарым осы. Тек еркін жүруден, кіші қадамдардан қорықпау керек.
Жаныңыз сүймейтін немесе хабарыңыз жоқ кәсіптен табыс келеді деп айту қиын. Өйткені нарық заңдылығында кез келген кәсіпкерліктің түрлі тәуекелдері бар. Біріншіден, нарықты саралау қажет, осы өңірге тән қандай кәсіп көзі табыс әкеледі, зерттеу керек.
Маркетинг пен жарнама бойынша білім керек. Тауар, жұмыс, қызмет түрін өткізуде орта немесе ірі бизнес арнайы агенттіктерге жүгінеді, тапсырыс жасайды. Ал шағын бизнеске мұндай қызмет түрін жалдау тиімсіз. Жарнамасы жоқ, танымал емес кәсіпорынды тану, клиенттер базасын жинау маңызды.
Дегенмен мықты дейтін бизнесмендердің өзі талай рет шығынға ұшыраған. «Жеті рет құласам да, сегіз рет аяққа тұрам» деген жапондық мәтел осындай қайратты кәсіпкерлерге арналған. Сондықтан ешбір дағдарысқа қарамай, кәсіп бастап, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер қатарынан табылуға ұмтылу керек.
– Кімді үлгі тұттыңыз?
– Әкем – мен үшін тұлға. Денсаулықты дұрыс күтуді әкемнен үйрендім. Күніге жаттығу жасайтын. Спорттың біраз түрлерінен хабардар болды. Мектепте оқып жүргенде денсаулығыма байланысты спорттан шектеп тастады. Кейін Алматыда жүріп шетелдік достар таптым. Олармен бірге каратэге қатыстым. Бірнеше айдан кейін бұл шешімімді анама ескерттім. Бірақ сенесіз бе, менің денсаулығыма байланысты болуы мүмкін деп ескерткен қауіптің бірі алдымнан шыққан жоқ. Бір жылдың ішінде каратэден қара белбеуге ие болдым. Кейін білдім, менің әкем де осы белбеуді алған екен.
– Ортаны қалай қалыптастыру керек?
– Тараздық жастар қазақи. Мейірімді, аңқаулық басым, кез келген адамға сене салатыны байқалады. Ал Алматының, Астананың жастары тым басқаша. Мүмкін жастықты сезіне алу үшін де бір шынайы балалық керек шығар. Барлық адамнан күмәнданып тұрсаң, бұл өмір қорқынышты ғой.
– Жоспарлар туралы айтайықшы...
– Алдымен жоспарлап қойып, сол тізім бойынша іс атқарудың тиімсіз тұстарына тоқталайық. Біріншіден, ойға алған шаруа бірден міндетті түрде орындалады дей алмаймыз. Себебі оның іске асарына еш кепілдік жоқ. Байқасақ, біз орындалуы қиын немесе өзімізге аса қызық болмаса да жасалғаны жөн істерге байланысты жоспар құрамыз. Сөйтіп, сол жоспардан ауытқымау үшін барымызды саламыз. Айталық, тіл үйрену не арықтау үшін жүгіру секілді жоспар құрып, бастапқы күндері ауытқымай, кейін оны орындау қиынға соға бастайды. Бұл жайт таныс па? Жоспарлағанның бәрі міндетті түрде орындалады деген жоқ. Өйткені сол тізім сіздің әлдебір істі жақсы көріп кетуіңізге түрткі бола алмайды. Кез келген уақытта қалыптастырғыңыз келген әдеттер сізге белгілі уақытта ұнамай қалуы мүмкін. Ал бір әрекет мың қадамды теріске шығарады.
Негізі жоспар құрғандағы мән – уақытты тиімді пайдалану, көп шаруаға үлгеру дегенге алып келеді. Дегенмен сол тізім жасалса, бәрі күшті болып кетеді деп ойламаңыз. Баршамызға таныс жоспар құру үшін арнайы уақыт бөлуіңіз керек. Қай кезде не істейсіз, оған қанша уақыт кетеді, қандай топтарға бөлу керек – бәрін ойланасыз. Әрине, ішкі тәртібіңіз темірдей болса, орындаған сайын ерік-жігеріңіз арта түссе, керемет. Ал енді жоспар бар, бірақ көбі сол күйі қалса, сіздің көңіл күйіңізге кері әсер беретіні анық. Әрі тізім жасалған соң қайта-қайта қарағыштап, енді не істеу керек, не істелді деп алаңдай бересіз. Орындалғанына белгі қойып, орындалмаса минус қойып отырасыз. Ал бұл болса, байқатпай біраз уақытыңызды алады. Осылайша негізгі шаруаларға кедергі болуы да мүмкін. Ол әрекет қаншалықты тиімді? Тіпті керісінше, пайдасы аз болуы да ғажап емес. Орындалмай қалған шаруалар таудай болып үйіліп қалса, еңсеңіз түседі.
Жоспармен жүру адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені ойға алған шаруасы іске аспаса, көңілі түсіп, өзін кінәлі сезінеді. Ал ондай жағымсыз эмоциялар жақсы әсер бермейтіні анық. Нәтижесінде өзіңізге деген бағаңыз төмендеп, эмоциялық түрде жанып, күйзеліске түсіп кетуіңіз мүмкін. Ақырында ұйқыңыз бұзылып, мазаңыз қашуы ғажап емес. Ал ол болса, денсаулықты құртады. Күйзеліс жақсы емес.
– Сіз жоспарды қалай құрасыз?
– Миымда және қағазда жазылып тұрады. Жазылған, шын қалаған дүниең орындалады. Бұл өз тәжірибемде бар. Бірақ қазір жазуға көп уақыт болмайды. Қазір студент ретінде білім алып жүрмін. Бірнеше курстарға қатысқандықтан уақытым келесі адамдардың ыңғайына қарай құрылады. Уақыт маған емес, мен уақытқа бағынып жүрмін. Бірақ бұл уақытша кезең. Негізі алдағы 5-6 айға жоспар құрылады. Бірақ таңым әдеттегідей 5:00-де басталады. Ал 7 мен үшін талтүс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ