ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ САУДАСЫ ДА ҚЫЗЫП ТҰР
Жер бетінде құқықтық мемлекеттердің саны басым болғанымен адам саудасы тоқтаған емес. Адамды құлдыққа жегу, еркінен тыс мәжбүрлеп ұстау, зат ретінде сату немесе өлтіру ХХІ ғасырдың ең дамыған мемлекеттерінің өзінде әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Дүниежүзінде есірткі мен қару-жарақ сатудан кейінгі қатты дамыған адам саудасының біздің де елімізде жиілеуі қоғамды алаңдатып отыр.
Жуырда Тараз қаласындағы «Шахристан» қонақ үйінің конференция залында ҚР Бас Прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисімен және Winrock International-мен бірлесе «Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы әрекет ететін мекемелердің мәселе сұрақтары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында да адам құқығын қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адам құқығын қорғау мәселесін талқылаған жиын Қазақстан бойынша үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Жиынды ашқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев қатысушыларға уақыттарын бөліп келгені үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар ҚР Бас Прокуратурасына қарасты жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі және заңдылығын қадағалау департаменті басқармасының прокуроры Қуантай Сағынаев, USAID «Орталық Азияға қауіпсіз миграция» жобасы және Winrock International-дың елдік координаторы Алтынгүл Туралиева және ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің Ұлттық жобасының координаторы Әсел Мұрат шараның маңыздылығына тоқталды.
– «Дөңгелек үстелдің» негізгі мақсаты – адам саудасына қатысты іс-шараларды жандандыру және мемлекет тарапынан бекітілген жоспарды жүзеге асыру. Осындай жоспарлы іс-шаралардың өткізілуі ҚР Бас Прокуратурасының негізгі бағыттарының бірі, – деді Қ. Сағынаев.
Жиын барысында арнайы слайд көрсетіліп, өңірлік комиссия мүшелері адам саудасына қарсы күрестің қазіргі жай-күйі, сондай-ақ трафикке қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік шаралар қабылдау мәселесін талқылады.
Презентацияда көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқан. Бұл әрине, жағымсыз көрсеткіш.
Осы ретте бұған қатысты ресми деректер айтылмайды. Деректердің айқын болмау себептері де аталды.
Біріншіден, шетелден келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Екіншіден, құлдыққа түскендер босағаннан кейін өз Отанына қайтқысы келіп, Қазақстанда арызданбайды. Олардың мақсаты – тек құжаттарын кері қайтарып, үйіне оралу. Алайда өз елдеріне барған соң олар сонда арыз қалдырып, статистиканың құбылмалы болуына ықпалын тигізеді. Мәселен, Жамбыл облысы Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен шекаралас жатқандықтан, қылмыс деректері осы аймақтардан байқалады. Үшіншіден, жезөкшелікке тап болған әйелдер болашағын ойлағаны үшін шағымданбайды.
Сондықтан ресми қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды есептемесек құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандар туралы тап басып айту қиын. Осыдан кейін жоғарыда аталған ұйым сияқты тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге ала отырып болжам жасауда.
Құлдықтың заманауи формалары бойынша ҮЕҰ статистикасына сүйенсек, мәжбүрлі еңбек 60 пайызды, мәжбүрлеп қайыр сұрау 30 пайызды, ал жыныстық қанау 10 пайызға жуықтаған. Және соңғы уақытта балаларды да сауда көзіне айналдырған «саудагерлер» саны артқан.
Мысалы, адам саудагерлері Орталық Азия елдерінің азаматтарын, соның ішінде Өзбекстан ерлері мен әйелдерін Қазақстанда үй жұмысшысы ретінде, құрылыста, базарларда және ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге мәжбүрлейді. МХҰ-ның дерегі бойынша, Өзбекстан елінен келген азаматтар арасында 50-100 адам құлдыққа ұшыраған.
Аталған қылмыс түрлерімен күресу мақсатында облыстық полиция департаменті Ішкі істер министрлігінің арнайы ведомстволық жоспарлары мен нұсқаулықтарының, сондай-ақ Жамбыл облысы бекіткен 2021-2023 жылдарға профилактикалық алдын алу шараларының кешенін, оның ішінде «Стоп-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде жүргізіді.
Өткен жылы қабылданған шаралар барысында облыс аумағында жезөкшелікпен айналысуға үй бергені үшін Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодексінің 450-бабы бойынша тоғыз азамат ұсталған.
Еңбек эксплутациясы фактілерін анықтау мақсатында полиция департаменті облыс аумағында қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында міндетті еңбек шартын жасасу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, «Кашара» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізілетіндігі жиын барысында айтылды.
Адам саудасының алдын алуды және аталған қылмыспен қарсы ымырасыз күреске әр азамат жауапты екендігін ескерген іс-шара соңында қатысушылар мәжбүрлі еңбектің алдын алу құралдарына қанықты.
ТҮЙІН. Әлем елдері қоғамды шырмаған қылмыстың осы түрімен бірлесіп күресуді қолға ала бастады. Ендеше, сіз және біз болып қара нарықтағы адам саудасының алдын алуға бірге атсалысайық!
Аяулым ЖАМАНҚАРА