Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ЗАҢДАСТЫРУ МОЛ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ»

«ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ЗАҢДАСТЫРУ МОЛ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ»
ашық дереккөз
«ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ЗАҢДАСТЫРУ МОЛ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ»
Кейінгі уақытта жұмыс беруші тарапынан әділетсіздіктерге ұшыраса да күнкөріс үшін бәріне төзіп жүрген азаматтар туралы жиі еститін болдық. Тіпті базбіреулер құлдық өмірге душар болып та жатады. Көбіне сыртта мал бағатындар мен егіншілікке жалданғандар сондай жағдайға тап болып жатса, қалалық жерлерде супермаркеттерде, жанар май құю бекеттерінде, мейрамханаларда жалданып жұмыс істейтін жастардың құқықтары қорғала бермейді. Бүгінгі қоғамның осындай мәселелерін қаузап, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркеповпен сұхбаттасқан едік. – Ернар Серікәліұлы, жұмыскерлердің құқын қорғау мақсатында басқарма нендей шараларды жүзеге асырып отыр? – Алдымен еңбек инспекциясының міндеті мен қызметіне тоқталып өтейін. Еліміздің Еңбек кодексінің 17-бабында еңбек инспекциясының құзыреті айқындалған. Инспекцияның қызметі ең алдымен еңбек адамдарының құқын қорғауға бағытталған, яғни біздің басқарма облыс аумағында еңбек заңнамасының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Сондықтан ұжымда қандайда бір еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келетін жағдай орын алып, біздің басқармаға шағым түссе, ол бойынша тексеру тағайындалып, жан-жақты қаралып, мәселе түбегейлі зерттеледі. Егер еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталса, орын алған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама беріледі және қолданыстағы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде айқындалған әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұл салынған жағдайда, ол қазіргі айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшеріне сәйкес болады. Биыл жыл басынан бері 9 жұмыс берушіге айыппұл салынды. Айта кету керек, еңбек инспекторлары тек 2 жағдайда ғана арыз-шағым бойынша тексеру жүргізе алады. Біріншісі – еңбек инспекциясына жұмыскерлерден түскен шағым бойынша, екіншісінде прокуратура органдарының тапсырмасы негізінде. Одан басқа әлеуметтік желіде немесе қоғамдық ортада айтылған, көтерілген еңбек заңнамасының бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізу заңмен қарастырылмаған. Еңбек инспекторының заңмен бекітілген құқықтары бар, мемлекеттік қызмет болғандықтан, түскен арыз-шағымды қарауда салғырттық танытпай, уақтылы әрі заң аясында дұрыс қарауға міндеттіміз. Және де құзыреттілігімізді асыра пайдалануға да болмайды. Кейбір шағымдарда айтылған жайттар біздің құзыретімізге кірмейтін болса шағымданушыға тиісінше кеңес бере отырып оны тиісті органдарға жолдаймыз. Кез келген ұйымдағы жалақы алып жұмыс істейтін азаматтардың барлығы да жалдамалы жұмыскерлер. Статистикалық мәліметтерге сәйкес бүгінде облысымызда 334 мың жалдамалы жұмыскер бар. Барлығының да құқығы заң аясында белгіленген. Сол жұмыскерлердің еңбек құқықтарының қорғалуына бақылау жасайтын басқармамызда жалпы 15 мемлекеттік қызметкер жұмыс істесе, оның 13-і еңбек инспекторлары, біреуі облыстың бас еңбек инспекторы, яғни басқарма басшысы. Басқарма қызметкерлері тарапынан жұмыскерлердің еңбек құқығын, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарын қоса алғанда барынша заман талабына сай іс атқаруға күш салудамыз. Мысалы, бүгінгі цифрландыруға сай еңбек саласында жаңа жүйелерді іске қосуды қолға алудамыз. Бұрыннан еңбек кітапшасын қолданамыз. Міне, енді біз осыны цифрландырып, әрбір жұмыскердің еңбек кітапшасындағы барлық мәліметті, деректі еңбек шарттарын есепке алатын бірыңғай E-HR жүйесіне электронды түрде енгізуді жүргізіп жатырмыз. Егер жұмыскер жұмыстан шығып қалса, жүйе бірден оны жұмыссыздардың қатарына тіркейді. Ол үшін арнайы орынға барып жүрудің қажеті жоқ. Тағы бір жетістігіміз ретінде облыстағы жұмысшылардың жалақысын көтеруге әлеуметтік әріптестермен және жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірге ықпал ете алғанымызды атап өткім келеді. Биыл 4-5 айдың өзінде 532 кәсіпорын 42 мыңға жуық жұмыскерлерінің жалақысын орташа есеппен 28 пайызға көтерді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Қазір облысымызда жұмыс істеп тұрған 10 мың 991 кәсіпорын бар. Қазір ірі кәсіпорындар «Vision-Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуда. Яғни бұл өндірістік жарақатты азайтып, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсартуға бағытталған шара. Бұл да жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырып, жұмысшының еңбек қорғау саласындағы құқығын қорғау үшін жасалып отыр. – Облысымызда көбіне қандай заңбұзушылықтар орын алады? – Жыл басынан бері біздің басқармаға 255 жеке және заңды тұлғалардан өтініш-арыздар келіп түсті. Оның 133-і қанағаттандырылған, 36-сына тиісті түсіндірме берілген, 22-сі құзыреттілігіне байланысты басқа құзырлы мемлекеттік органдарға жолданған, 64-ін қарау заң талаптарына сәйкес тоқтатылған. Осындағы «тоқтатылды» деген сөз мүлдем қаралмай қойылды деген ұғым емес. Ол шағымдар бойынша тексеріс жүргізілу барысында жұмыскер мен жұмыс беруші өзара тіл табысып, келісімге келіп, татуласқандықтан тоқтатылады. Әрине, туындаған түсініспеушіліктердің ушықпай, неғұрлым қос тараптың келісімімен, татуласуымен шешілгені тиімді. Жалпы түскен шағымдардың көпшілігі жалақыны уақтылы төлемеу, жұмыстан заңсыз босату және еңбек жағдайларына қатысты мәселелер. Мысал ретінде айтар болсам, жыл басынан бері еңбек инспекторлары жоспардан тыс 61 тексеріс жүргізіп, 41 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталған. Ол бойынша жұмыс берушілерге жалпы құны 3 миллион 263 мың теңгені құрайтын 9 айыппұл салынып, орындалуы міндетті 23 нұсқама берілген. Осы шаралардың нәтижесінде 310 миллион теңгенің жалақы қарыздары өтеліп,758 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалып отыр. Одан бөлек, жоғарыда атап өткендей, әлеуметтік әріптестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытында барлық деңгейдегі үшжақты комиссиялар мен дағдарысқа қарсы штабтар арқылы да 283 жұмыскердің құқықтары татуластыру, келісімге келу тетіктері арқылы қорғалғандығын атап өту қажет. Тағы бір көтерілген мәселе кәсіподақ құру болатын. Негізі ірі кәсіпорындарда кәсіподақ үлкен рөл атқарады. Ал бүгінгідей дамыған қоғамда кәсіптік одақтың болуы – өмірдің талабы, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасындағы алтын көпір. Міне, осы одақ аталған компания жұмысшыларында болмаған. Соның салдарынан мәселе ушығып кетті. Енді ол ортада да түсінбеушілік жағдайлар туындағанда тараптар мәселені алдымен өз араларында шешіп алуына мүмкіндігі бар. – Наразылық білдірудің де өз тәртібі болатыны белгілі, осыған тоқталсаңыз... – Әрине, баршаға ортақ заңда наразылық білдірудің де өз тәртіп, ережесі белгіленген. Жұмыста еңбек заңнамасының қолданылуына қатысты қандайда бір кикілжің жағдай орын алғанда шағымданудың жолдары қарастырылған. Ұжымдық даулар туындағанда алдымен жұмыскерлер өз талаптарын жұмыс берушіге ұсынуы керек. Ол 3 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Егер ол талапкерлерді қанағаттандырмаса, сол ұжымда татуластыру комиссиясы құрылып, сонда қаралады. Онда да оң шешілмесе, еңбек инспекторлары және жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары араласатын еңбек төрелігі құрылып, талқыланады. Ол жерде де мәселе шешілмесе ғана сотқа қайырылуға болады. Егер соттан да оң шешімі табылмаса жалпы қоғамға, билікке наразылығын білдіріп, акцияларын өткізе алатын осындай сатылары бар. – Еңбек шартын жасаспаған жағдайда жұмысшы өз құқын қалай қорғай алады? – Еңбек шарты жұмыс берушінің де, жұмысшының да құқығын қорғауда кепіл болады. Сондықтан барша азаматтарға кез келген ұйымға жұмысқа тұрғанда алдымен еңбек шартын жасасып алуға кеңес береміз. Иә, бүгінде біреуге жалданып нәпақа тауып жүргендердің ішінде ешқандай еңбек шартсыз жұмыс істеп жүргендер бар. Олар бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалар, бұл көлеңкелі экономикаға жол береді. Ал еңбек шартын жасамау жұмыс беруші тарапынан жұмыскерге жасалған әлеуметтік әділетсіздік деуге толық негіз бар. Неге? Себебі еңбек шартын жасаспай, екеуара ауызекі келісіп алғанымен уақыт өте келе әйтеуір бір келіспеушіліктер туындағанда заңбұзушылықтар орын алатынын түрлі жағдайларда көріп те жүрміз. Сондықтан жұмысқа тұрдыңыз ба, алдымен еңбек қатынастарын заңдастырыңыз. Біздің басқармаға шағымданса да біз алдымен сол еңбек шартын сұраймыз. Себебі біз түскен шағым бойынша тексеруге барсақ, жұмыс беруші ол жұмысшымен еңбек шартына тұрмағанын алға тартып, тіпті оны танымаймын деуі де ғажап емес. Біз тергеуші емеспіз, еңбек шарты болмаса ары қарай тексере алмаймыз, еңбек құқығын қорғай алмаймыз. Тек сотқа жүгінуді ғана ұсынамыз. Осындай жағдайлар болмауы үшін өткен жылдың қазан айынан бастап «Еңбек қатынастарын заңдастырайық!» атты акция өткізуді ұйымдастырып келеміз. Акция аясында көптеген нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Биылдың өзінде 352 жұмыс берушіде 1093 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылды. Яғни осыған дейін еңбек қатынастарын заңдастырмағандықтан медициналық сақтандыру қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына, міндетті зейнетақы қорына ақша түспеген. Осының салдарынан азамат сырқаттанып қалса тегін медициналық көмек ала алмайды, зейнетақы қорына ақша түспегендіктен, еңбек өтілі жүрмейді, ешбір екінші деңгейлі банктер қажет кезде оған несие бермейді, зейнеттік демалысқа шыққан жасында зейнетақы қорында жинағы болмайды. Сол себептен әрбір азамат қазірден бастап лайықты зейнеттік жасқа жетуді көздеп, қамданғаны жөн. Ал әлеуметтік сақтандыру қорына ақша түспеген соң денсаулығы сыр беріп, жұмыстан қалған күндеріне немесе жүкті келіншек бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, тиісті төлемақысын ала алмайды. Мұндай жағдайда науқасқа жұмыстан қалған күндеріне төлемақыны жұмыс беруші төлемейді, әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Ал жұмысынан айырылып қалған жағдайда оған әлеуметтік сақтандыру қоры соңғы екі жылдағы алып жүрген айлығының 60 пайызын 6 айға дейін төлеп отырады. Осыны барша азаматтар түсінсе екен. Қоғамда кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар жетерлік. Мұндай жағдайда олар бірыңғай жиынтық төлем төлеп отырса, оның бір бөлігі медициналық сақтандыруға, бір бөлігі әлеуметтік сақтандыру қорына, тағы бір бөлігі зейнетақы қорына аударылады. Бірыңғай жиынтық төлем республикалық маңызы бар қалаларда, Нұр-Сұлтан қаласы мен облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін 1 АЕК, ауылды жерлерде тұратын жеке тұлғалар үшін 0,5 АЕК мөлшерінде. Осы бір ғана төлеммен азаматтар үш қорға өз салымын салып отыра алады. Бұл азаматтар әлеуметтік тұрғыда толық қамтылған болып саналады. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу өте қарапайым. Kaspi KZ-тің мобильді қосымшасы арқылы төлесе, сол жүйені басқарып отырған мемлекеттік орган ол азаматты өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркейді. Міне, ешқайда барып, уақыт жоғалтудың, кезекке тұрып, тіркелудің қажеті жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар